Велошабандоздар арасындағы «Алматы туры» додасы биылғы жылы өтпейтін болды. Бұл жайында Astana Pro Team клубының бас менеджері Александр Винокуров Olympic.kz сайтына берген сұхбатында мәлімдеді.
Әрине, коронавирус дерті ушығып тұрған кезде спорттық жарыстардың санын барынша шектеген жөн. Сол себепті де барша жұрт Алматы қаласы әкімшілігінің бұл шешімін қолдап отыр. Оның үстіне, шетелдіктердің де Қазақстанға келе алмайтыны анық. Ал егер саңлақ спортшылар өнер көрсетпейтін болса, онда бұл бәсекенің қызығы да кемитіні анық. Десек те Алатау бауырайында жыл сайын жалауы желбірейтін жарысқа биыл кәсіпқойлар қатыспағанымен, әуесқойлар арасында сайыс ұйымдастыру жағы қарастырылып жатқан көрінеді.
Естеріңізге сала кетейік, «Алматы турының» тұсауы 2013 жылы кесілген болатын. Алғашқы додада Максим Иглинский дараланса, одан кейін Алексей Луценко қатарынан төрт рет бас жүлдені олжалады. 2018 жылы италиялық Давиде Виллелла топ жарса, былтырғы жарыс Юрий Натаровтың жеңісімен аяқталды.