Қазіргі кезде еліміздің қалаларында да, ауылдарында да балабақшалардың саны көбейгені, соның нәтижесінде мектепке дейінгі тәрбие-білім беру нысандарымен қамтылу көрсеткіші 90-95, тіпті кейбір жекелеген өңірлерде 100 пайызға дейін жеткені үлкен жетістік ретінде айтылып жүр.
Бір қарағанда, мұның өзі желдірте айтуға да, желпіне айтуға да тұраралықтай көрініс екенімен келісуге болатын секілді. Өйткені шамамен бұдан сегіз-он жыл бұрын ата-аналардың балаларын балабақшаға орналастыруы күрмеуі қиын, шешілместей іс секілді көрінетін. Бұл мәселеде тамыр-таныстық пен сыбайлас жемқорлық сипатындағы көріністер де орын алғаны жасырын емес.
Бүгінде тұрғындар тарапынан балабақшаға сұраныс әжептәуір кемігені, тіпті жоққа тән екені аян. Мұндай жағымды жайт соңғы жылдарда республикамыздың түкпір-түкпірінде жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап, саны күрт көбейген жекеменшік балабақшалардың есебінен болғанын ешкім жоққа шығармайды. Талас жоқ, қандай жағдайда да мектепке дейінгі балалар мекемелерінің көбейгені, жеткілікті болғаны жақсы-ақ. Әйтсе де сол жекеменшік балабақшалардағы тәрбие мен білім сапасының деңгейі қандай деген сауал еріксіз туындайды.
Осы орайда бүгінде жекеменшік балабақша ашу бизнестің ең оңай түріне айналып кеткендей әсер билейді. Белгілі бір орны мен ғимараты болса жеткілікті, ата-аналардың тиісті төлемін төлеп, балаларын орналастырудың түк те қиындығы болмай қалған секілді. Бұған ешқандай кедергі де, тосқауыл да жоқ. Өйткені жеке кәсіпкерлер балабақша ашу үшін мемлекеттік орындардан лицензия алмай-ақ, өз қызметтерін бастап кетеді.
Елімізде мектепке дейінгі ұйымдарды лицензиялау тәртібі 2011 жылдан бастап тоқтатылған. Бұл өзгеріс өз кезегінде жекеменшік балабақшалар санының күрт өсуіне әсер еткені де анық. Оның бәрі бірдей мектепке дейінгі тәрбие-білім беру стандарттарын белден басты десек, шындыққа қиянат болар. Десек те, оның ішінде өздеріне қабылданған балалардың жас ерекшеліктерін сақтамай, үлкені мен кішісін бірге топтастыруды әдетке айналдырған жекеменшік балабақша иелері де кездескені белгілі болып отыр. Сонымен бірге осы санаттағы ұйымдарда тәрбиеленушілердің дамуына септігі тиетін ойыншық түрлері де алынбаған екен. Сондай-ақ санитарлық-гигиеналық талаптарға сәйкес келмейтін жекеменшік балабақша орындары да анықталды.
Бұл жөнінде облыстық білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Б.Күзембаева мәлімдеді. Мемлекеттік мекеме мамандары ата-аналардан түскен арыз-шағымдарға орай облыс аумағындағы жеті жекеменшік балабақшаға тиісті тексерулер жүргізген кезде, жоғарыда айтып өткен көріністердің орын алғанын анықтаған. Соған сәйкес олар мектепке дейінгі жекеменшік ұйымдардың белгіленген нормативтер мен стандарттарға сәйкес келмейтінін сала-сала бойынша көрсетіп, тиісті органдарға нұсқау-хат жолдаған.
Бұлбұл Бисенбайқызының айтуынша, білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету жөніндегі департамент жетекшісі мен мамандары өздігінен жекеменшік балабақша қызметін тексере алмайды екен. Өйткені оларға мұндай құқық берілмеген. Тек тиісті негіз бен арыз-шағым түскен жағдайда ғана өз өкілеттілігін пайдаланып, мәселенің мән-жайын анықтауға қам жасайды. Оның айтуынша, 2019 жылы өңірден департаментке тәрбие мен білім беру мәселелеріне қатысты 63 шағым түсіпті. Сонымен қатар басқа да қоғамдық қабылдаулар, сенім телефондары мен басшы блогы арқылы 123 сұрақ келіп түскен. Соның ішінде ең көп арыз-шағымдардың үлесі жеке балабақшалардың еншісіне тиеді.
Әрине бұған қарап еліміздегі жекеменшік балабақшалардың санын қысқарту немесе қызметтерін тоқтату жөнінде ой-пікір туындамаса керек. Назардың жекеменшік балабақшалар қызметінің сапалық деңгейін көтеруге бағытталғаны жөн секілді. Қазіргі кезде лицензиялау тәртібін қайтадан қалпына келтіру керектігі де айқын байқалады.
Қалай дегенде де, бүгінде жеке балабақшалар лицензия алуға тиіс екені еш талас туғызбайды. Мұндай жағдайда аталған тәрбие мен білім беру нысандарын кәсіби деңгейі және біліктілігі жоғары кадрлармен толықтырудың тың арналары ашылмақ. Сонымен бірге балалар мекемелерін материалдық-техникалық тұрғыдан жақсарту мен жабдықтаудың жаңа мүмкіндіктері тумақ. Ең бастысы, жеке балабақшалар елімізде қабылданған барлық стандарттар бойынша тәрбие мен білім беруге лайықты болғаны жөн.
– Дәл осындай жағдайда ғана оларға лицензия берілсе, сан мен сапа үйлесім табатыны талассыз. Бұл ең алдымен болашақ ұрпақтың жан-жақты өсіп-жетілуіне өте қажетті. «Бесікті түзеу» деген мағынасы кең ұғымның бір мәнісі осында, – деген болатын пікірімен бөліскен есімі Ақтөбе аймағына кеңінен танымал ақсақал, білім беру ісінің ардагері Камалхан Қуанов.
АҚТӨБЕ