• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
19 Қыркүйек, 2013

Кәсіподақ ұйымының алдағы міндеттері нақтыланды

725 рет
көрсетілді

Кеше Астанада Мұнай-газ кешені қызметкерлерінің салалық кәсіп­ода­ғы республикалық бірлестігінің құрылтайы болып өтті. Оған «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-тың мұнай-газ барлаумен, өндірумен, тасымалдау­мен, қайта өңдеумен, сондай-ақ сервис секторында қызмет ететін компа­ниялар топтарының бірлескен кәсіподақ ұйымдарының өкілдері қатысты.

Елордадағы құрылтайға «ҚазМұ­найГаз» ҰК» АҚ-тың еншілес кәсіп­­орын­­­дарындағы барлық кәсіподақ ұйым­­дары­ның жетекшілері және респуб­лика­ның түрлі аймақтарындағы өндіріс бөлімшелерінің басшылары келді.

Кеше Астанада Мұнай-газ кешені қызметкерлерінің салалық кәсіп­ода­ғы республикалық бірлестігінің құрылтайы болып өтті. Оған «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-тың мұнай-газ барлаумен, өндірумен, тасымалдау­мен, қайта өңдеумен, сондай-ақ сервис секторында қызмет ететін компа­ниялар топтарының бірлескен кәсіподақ ұйымдарының өкілдері қатысты.

Елордадағы құрылтайға «ҚазМұ­найГаз» ҰК» АҚ-тың еншілес кәсіп­­орын­­­дарындағы барлық кәсіподақ ұйым­­дары­ның жетекшілері және респуб­лика­ның түрлі аймақтарындағы өндіріс бөлімшелерінің басшылары келді.Құрыл­тай қатысушылары қоғамдық бірлестіктің жарғысын бекітіп, өз төрағасын сайлады. Оған қоса, орталық кеңес пен бақылау-тексеру комиссиясын да анықтады. Сөйтіп, бақылау-тексеру комиссиясының жағдайын нақтылап, филиалдар мен бас­тауыш ұйымдардың, мүшелік жарна төлеу мәселелерін талқылады. Бұлармен қатар, Астана мен Алматы қалаларының және 10 облыстық филиалдардың салалық кәсіподақ ұйымының құрылымын бекітті.

Мұнай-газ кешені қызметкерлері салалық кәсіподағының төрағасы болып «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ Әлеуметтік саясат және қоғаммен байланыс департаменті директорының орынбасары Сұлтан Қалиев сайланды. Жүз мыңнан астам адам еңбек ететін ұлттық компанияның кәсіподағына төраға болып сайланған Сұлтан Есімұлы әріптестері алдында ұйымның келешек міндеттері мен қызметі туралы баяндады. Жарғының мән-жайын түсіндіріп, кейбір тұстарын қайта талқылауға салды.

– Құрметті әріптестер! Сіздерді бүгінгі мұнай-газ кешені қызметкерлері кәсіподағы құрылтайының ашылуымен шын жүректен құттықтауға рұқсат етіңіздер! Шынында да, бүгін біз ерекше оқиғаның куәгері болып отырмыз. Ата-бабаларымыздан қалған тамаша сөз бар. «Үй үстіне үй тіксең, онан да жылы болады» дейді. Иә, осы жиынға қатысып отырған сіздер қызметкерлер мен жұмысшылардың әлеуметтік мүддесін қорғайтын бір-бір кәсіподақ ұйымын басқарып келесіздер. Осы жолда табандылық танытып, әлеуметтік мәселелердің оң шешімін табуына кеңінен жол ашып жүргендеріңіз белгілі. Алайда, жеке-жеке жүріп жол табу – бір басқа. Бірге жүріп, бір жағадан – бас, бір жеңнен – қол шығарған – бір басқа. Сондықтан да, аталарымыз айтып кеткен аталы сөздің мәні мен маңызы бүгін де маңызды екенін білесіздер, – деп бастады сөзін қоғамдық жаңа ұйымның төрағасы.

Қазіргі таңда «әлеуметтік серік­тес­тік» деген ұғым қоғамымызға мық­тап орныққан. Уақыт озған сайын бұл ұғымның маңызы арта түсуде. Өйткені, әлеуметтік жауапкершілікті әлеуметтік серіктестіксіз шешу барған сайын қиын­дап жатқанын өмірдің өзі дәлелдеп отыр. Сондықтан, салада туындайтын жұмысшы мен жұмыс берушінің ара­сындағы кез келген мәселені әлеуметтік серіктестікпен бірге отырып шешкен өте тиімді.

Құрылтай қатысушылары, кәсіподақ ұйымдарының қызметін бұрынғыдан әлде қайта жетілдіріп, жаңа бағытта жұмыс істеу туралы өз пікірлерін ортаға салды. Жарғыдағы кейбір тармақтарды қайыра пысықтап, қағидаттың екі түрлі түсінік беретін тұстарын анықтап, нақтылады. Мүшеліктегі жұмысшылардың жарна төлеу тәртібі де пікір-таласқа арқау болды. Саланың болашақ маманы болатын студенттер де назардан тыс қалмапты. Егер олар Мұнай-газ кешені қызметкерлерінің салалық кәсіподағына мүше болуға өтініш білдірсе, қалауы қабыл алынады. Сондай-ақ, сала қызметінен зейнетке шыққан ардагерлер мүшелікте қалып, ұйымның жұмысына атсалысуға құқылы болмақ.

Бүгінгі күнде, кәсіподақ ұйымдары бұрынғыдай компания басшылығына қолын жайған бағынышты емес, керісінше жұмыс берушімен тең дәрежелі әріптес екенін үнемі жадымыздан шығармайық, деді бір сөзінде Сұлтан Есімұлы. Расында қазіргі кезде көптеген әлеуметтік шиеленістерді шешу үшін кәсіподақ ұйы мдарының қызметін күшейту уақыт талабы болып тұр. Сондықтан Мемлекет басшысы кәсіподақтарды заман талабына сай қайта құрып, керек болса ол туралы жаңа заң дайындауды тапсырғаны да белгілі. Мұнай-газ саласындағы бірқатар компаниялардағы кәсіподақ ұйымдары осы құрылтайда біріге отырып, жалпы республикалық кәсіподақ федерациясына қосылатыны айтылды.

Бір орталыққа ұйысқан ұйымдар орталық кеңес мүшелігіне 25 адамды сайлады. Олардың барлығы дерлік, аймақтардағы филиалдардың басшылары. Орталық кеңеске басшылар мен жұмысшылардың арасында абырой-беделі аса жоғары, білім-білігі шыңдалған адамдар сайланады. Ал енді, орын алған әлеуметтік шиеленістерді негізінен жергілікті филиалдар шешіп отыратын болғандықтан, орталық кеңестің мүшелігі осылай жасақталды, деді төраға. Оның пікірін құрылтай қатысушылары бірауыздан қолдады. Сондай-ақ, аймақтардағы басшылар жыл сайын атқарылған жұмыстар туралы қызметкерлер алдында есеп беріп отыратын болды. Ал олардың қызметіне жарғы бойынша бес жылда бір рет баға беріліп, қайта сайлау өткізіледі.      

«Бір бастан екі бас артық» екенін құндылықтар құнсызданып жатқан қиын кезеңде жақсы түсінеміз. Сондықтан да, бүгінгі құрылтайымызда бірігу туралы ойларымызды ортаға салып, түпкі мақсатымызға жетудің жолдарын жан-жақты қарастырып отырмыз. Бұл осы жиында бекіген жарғы осы күйінде қатып қалады дегенді білдірмейді. Бұйыртса, жұмыс барысында қазіргі бекіт­кен жар­ғымыз әлі талай жетілдіріліп, пы­сықталуы ықтимал. Өйткені, біздің елімізде әлеу­меттік-экономикалық сая­сатты өте икем­ді етіп пайдалануды Елбасымыз үнемі ай­тып отырады. Біз сол талаптардың үде­сінен шығып, кез келген әлеуметтік шие­леністің, кейбір түсініспеушіліктердің үнемі алдын алып отыруға қызмет етуіміз керек, деді С.Қалиев.

Қазақстанның Мұнай-газ кешені – елдің экономикасын алға сүйреуші локомотив екенін Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев әркез еске салып келеді. 100 мыңнан астам адамды еңбекпен біріктіріп отырған саланың әлеуметтік қорғалуы – өте ауыр жұмыс. Осы орайда, жекелеген кәсіподақтардың осыған дейін атқарып келген ұлан-ғайыр жұмыстарын жоққа шығарудан аулақпыз. Бірақ әр заманның өз талабы болады. Ол бүгін бізге бас біріктіруді меңзейді. Барған сайын күрделене түсетін өміріміздің барлық түйткілді мәселелерін көп болып шеше алатынымыз белгілі. Сондықтан да, біріккен кәсіподақ құру мәселесі дәл өз уақытында көтерілді, деп жалғады өз сөзін біріккен кәсіподақ төрағасы.

Айтуына қарағанда, бөлек-бөлек кәсіподақтардың басын біріктіру шарасы 5-6 жыл бұрын басталып, бүгін жүзеге асқан күні екен. Егер саладағы 70-80 мың жұмысшы-қызметкерлер ұйымға мүшелікке өтсе, онда «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-тың кәсіподағы сияқты компания басшылығына қол жаймай-ақ, өздері өздерін қаржымен де қамтамасыз ете алады екен.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, жаңа құрылған республикалық қоғамдық ұйым кешелі-бүгін ресми тіркелу үшін тиісті мемлекеттік органға өтініш түсірді. Тіркеу сәтті өткен соң, арнайы жоспарлар мен бағдарламалар дайындалып, оларды жүзеге асыру шаралары қарастырылмақ. С.Қалиев ол үшін де Астанада арнайы жиын болатынын айтты.

Нұрбай ЕЛМҰРАТОВ,

«Егемен Қазақстан».

Суретті түсірген

Ерлан ОМАРОВ.

Соңғы жаңалықтар