• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Тарих 01 Мамыр, 2020

Майданнан жазылған хаттар

1312 рет
көрсетілді

Тарихта Екінші дүниежүзілік соғыс деп аталған кезеңнен кейін өмір сүріп, еңбек еткен КСРО тұрғындары арасында бір-бірімен хат жазысып, амандық-саулықтарын хат жолдау арқылы жеткізу кең үрдіс алғаны белгілі. Ал төрт жылға созылған шайқастар арасында қан майданның ортасынан жауынгерлердің елге жолдаған хаттары үш бұрышты болғанын бүгінде екінің бірі біле бермеуі де мүмкін.

Майдан шебінен жазылған үш бұрыш­ты хаттар тылдағы жұрттың жігерін қайрап, бүкірейген белдерін жазуына сеп­тігін тигізгені күмәнсіз. Сағыныш пен сырға, жеңіске деген сенімге толы сар­ғайған хаттарды талай рет көріп, көріп қана қоймай оны қарт апа-жездеміз Кә­мила Құлмағамбетқызы мен Есенғали Бижановқа талай мәрте оқып берген  едім. Бұл өткен ғасырдың алпысыншы жыл­дарының орта тұсы-тұғын.

Есенғали Бижанов күш-қуаты мол, ша­руаға өте епті іскер адам болған. Ол өзінің еңбекқорлығы мен тын­дырым­дылығы арқасында өткен ғасырдың отызыншы жылдарының бас кезінде тұрмысын едәуір түзеп, жүз шақты қой мен жиырмадан астам ірі-қараның және онға тарта жылқының басын құраған. Әрі туып өскен ауылы Лекерде жақсы үй салған. Әйтсе де отызыншы жылдардың ойраны кезінде оның мал-мүлкі және үйі түгелдей тәркіленген. Содан кейін зайыбы Кәмила мен кенже баласы Ақымайды ертіп Ресейдің Тамбов губерниясы жағына қарай көшіп кеткен. Алайда біраз жыл өткен соң туған жері Лекерге қайтып оралған.

Есенғали жездеміздің  Ғабдырахим және Сабыржан деген қос ұлы майданда қаза тапты. Екеуінің соғысқа дейін түскен суретін ол кісі ұқыпты қолмен жан-жағын көркемдеп үйінің төр жақ бөлмесіндегі үстелдің үстіне қатар орналастырып қойған-ды. Ағалы-інілі жандардың үлкені 1909 жылы дүниеге келген болса, кішісі 1911 жылы өмір есігін аттаған. Үлкен баласы Ғабдырахим майданға аттанғанға дейін Мемлекеттік банктың Казталов аудандық бөлімшесін басқарған.

Міне, осы көзінің ағы мен қарасындай қос ұлынан соғыс кезінде ата-анасы Есенғали мен Кәмилаға хаттар келіп тұрғанына бала кезде көз жеткізген едім. Әрі ол хаттарды ерлі-зайыптылар көздері жұмылған уақытқа дейін сандыққа мұқият сақтап келгеніне де куәмін. Осы арада ел Ес-аға деп атап кеткен адамгершілігі мол, кімге болса да қолынан келген көмегін беруге әзір тұратын, соның арқасында ел-жұрт арасында үлкен абыройға ие болған Есенғали Бижановтың сонау 1882 жылы дүниеге келгенін, ал жан жары Кәмила Құлмағамбетқызының 1888 жылы өмір есігін аттағанын айта кеткеннің артықшылығы жоқ секілді.

Ес-ағаң бертінірек жетпісінші жылдардың ортасында 94 жасқа қараған шағында өмірден өтті. Зайыбы Кәмила апамыз да тоқсан жасқа таяп дүние салды. Олар өз иелігіндегі азын-аулақ малдарын жайғап, шөбін салып, суарып келгеннен кейін үйде оңаша демалып отырған кезде сандықта сақтаулы ұлдарының хаттарын алдыртып, маған қайта-қайта оқытқызғанды жақсы көруші еді. Сол сәтте қарттардың көздеріне іркіліп жас келетін. Балалық шығар, кезінде сол хаттардың ішкі иірімдеріне ой жүгіртіп, терең мән бере оқымағаныма әлі күнге дейін өкінемін. Есімде қалғаны оның жалпы мазмұны шамамен төмендегіше болып келетін.

«Көке, апа, аман-сау боларсыздар, біз­ді ойлап, қамығып уайымдай бер­меңіздер. Қазір Қызыл Армия бөлім­ше­ле­рі қорғанысты қойып, жауға қарсы тікелей шабуылға көше бастады. Біздің рота жауынгерлері де саны мен атыс құ­ралдары бізден әлдеқайда басым жау әскерлеріне тойтарыс бере білді. Бойы­мыз­да да, ойымызда да біз жеңеміз деген сенім терең орнығып келеді. Бұл хат­ты біраз фашисті жер жастандырған жой­қын ұрыстан кейін жазып отырмын. Мен сіздің қайратты адам екеніңізді жақ­сы білемін, көке. Сол қайратыңыздан тай­майтыныңызға сенімім мол. Апа, ба­ла­ңызға деген құрт-майыңызды сақтай беріңіз. Алла қосса, жеңіспен елге орал­ған соң дәмін тататын боламыз әлі. Көріскенше күн жақсы болсын».

Міне, шамамен осындай мазмұндағы үш бұрышты хаттардың аяғына ұлыңыз Ғабдырахим немесе Сабыржан деп жазылып, дала поштасы деп көрсетілген. 

Есенғали мен Кәмила үш ұл, бір қыз­ды дүниеге әкелсе де, олардың бәрі ата-ана­сын аңыратып өмірден өтіп кете барғаны қабырғаны қайыстырмай қоймайды. Ес-ағаң мен Кәмила апамыз соғысқа аттанған ұлдарынан «Жаумен шай­қаста қаза тапты» деген «қара қағаз» келе тұрса да, оларды өлдіге санай алмай, күндердің күнінде аяқ астынан сап етіп келіп қалардай үміт жетегінде күй кешті. Олардың ұлдары Ғабдырахим мен Сабыржанның аты-жөндері Жайықтың жағасында соғыста қаза тапқан боздақ­тар­ға арналған кешендегі гранит тақ­таға қашалып жазылған. Бүгінде олар­дың артында ұрпақ қалмағанымен Есен­ғали Бижановтың туған інісі Сейсен Бижановтың перзенттері егемен еліміз­дің өсіп-өркендеуіне өз үлестерін қосып жүргені де үлкен мерей. Солардың бірі Сейсен атамыздың қызы мен күйеу баласы Баян мен Қабиболла. Дәл осы тұста Қабиболла Жақыпов есімі елге елеулі азамат, Парламент Мәжілісінің депутаты екенін айта кетудің орайы келіп тұрғандай. Сонымен бірге ол тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Президент Жарлығымен Батыс Қазақстан облысының әкімі болып тағайындалып, облысты біраз жыл абыроймен басқарған-ды. Ал Баян Сейсенқызы республикаға танымал дәрігер.

Міне, үш бұрышты үлгіде майданнан жазылған хаттар Жеңістің 75 жылдығы қарсаңында осы мақаланың жазылуына түрткі болып еді.

 

Батыс Қазақстан облысы