Жетекші елдердің экономикалық әлеуеті көбіне ірі мегаполистерде шоғырланған. Әлемдік ішкі жалпы өнімнің 70 пайыздан астамы да жаһандық қалаларда түзіледі. Ал Қазақстанда миллионнан астам тұрғыны бар қалалардың инфрақұрылымы кәсіпорындар мен тұрғындардың жедел өсіп келе жатқан сұранысына сай келмей тұр. Әсіресе автожолдар заман талабына сәйкес келмеді. Олай болса ендігі жұмыс – өңірлік және қалалық инфрақұрылымды жүйелі түрде дамыту. Осыған орай биыл Шымкентте жол жөндеу жұмыстарына қазынадан 25 млрд теңгеден астам қаржы бөлінген. Жергілікті әкімдік қазына қазанынан алынған қаражаттың есебінен қаладағы автожолдар мен ішкі орамдық көшелердің жыртығын жамап, жол салынбаған жерлерге жаңасын төсейді.
Сапалы жолдың үлесі артады
Республиканың маңызды өнеркәсіп, туристік және мәдени орталығы – Шымкентте төтенше жағдай кезінде де құрылыс жұмыстары саябырлаған жоқ. Керісінше, карантин құшағындағы қала көшелеріндегі тыныштықты сәтті пайдаланған жергілікті билік шаһардағы бірқатар жол бөлігіне жөндеу жұмыстарын бастап кетті.
Көшедегі көлік қозғалысының аздығы мен жұрттың жаппай үйде отырған сәтін пайдаланған салалық мекемелер ойдым-ойдым, шаңдағы шыққан көшелерге асфальт төсеп тастады.
Қала аумағында жүріп жатқан қарқынды жол салу жұмыстарының сапасына баса мән берген шаһар басшысы Мұрат Әйтенов қайнаған еңбек алаңына барып, құрылыс барысымен танысқан болатын.
«Қаланың орталығында тұрсақ та талайдан бері топырақ кешіп жүр едік. Енді міне, көшемізге асфальт төселіп, су ағатын арықтар салынуда. Бұған, әсіресе балаларымыз қатты қуанды. Көшеміздің ажары кірді. Бұл үшін қала тұрғындарының атынан алғысымыз шексіз», деді Самал-2 шағын ауданындағы Сейітов көшесінің тұрғындары қала әкімімен жүздесуінде.
Жыл сайын тұрғындардың бас ауыртатын мәселесі де осы жол сапасы еді. Шымкент қаласында автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 2 977 шақырымды құрағанымен, асфальт-бетон жолдың үлесі (59,1 пайыз) әлі де төмен. Ал шағыл тас жол 1107 шақырымды құрайды, тұрғындар әлі күнге дейін 111,5 шақырым топырақ жолмен қатынап жүр. Жыл басындағы есепті кездесуде осындай деректерді ортаға салған әкім шағыл тас, топырақ жолдар мен ішкі орамдық көшелерді кезең-кезеңімен қайта жөндеуден өткізетінін жеткізген еді. Бүгінгі шаруа соның дәлелі десек те болады.
Былтыр автомобиль жолдары саласын дамыту мақсатында шаһарда 223,7 шақырым (221 нысан) жол бөлігі мен көшелерде жөндеу жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде, сапалы жолдардың үлесі жыл қорытындысы бойынша 56,5 пайызға жетті. Қазіргі таңда, қаланың магистралды жолдарының 75 шақырымында құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Оның ішінде Қонаев даңғылының жалғасының құрылысы мен айналма жолының қайта құру жұмыстары қамтылған.
Ірі жобалар қаладан шығатын барлық бағыттарды қамтып отыр. Мәселен, Ташкент, Түркістан және Алматы бағыттарына шығатын жолдар желісіне құрылыс жұмыстары басталды. Көлік ағынын өткізу қабілеті заманауи талаптарға сәйкес автомобиль жолдары 2023 жылға дейін пайдалануға тапсырылады.
Бүгінгі таңда қалада жалпы 2 601,6 шақырым ішкі орам көшелер бар, 2019 жылы осы көшелерді күрделі және орташа жөндеу, шағыл тас төсеу жұмыстарына бюджеттен 3 264,4 млн теңге бөлінді.
Ендігі бір мәселе – қала, аудандарды қосып тұратын көпірлердің сапасын жақсарту. Бүгінде шаһардың көршілес облыс, қалалармен шектесетін бөліктері мен қала ішінде жалпы 36 көпір бар. Оның 5-уі апаттық жағдайда. Ет комбинаты маңындағы, Ленгер тас жолы және А-2 жолындағы 3 көпірді қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Ал Маятас пен Тоғыс шағын ауданы маңындағы 2 көпір өткеліне жобалау-сметалық құжаттама әзірленіп, биыл күрделі жөндеуден өткізу жоспарлануда.
Сәуірдің соңғы күндері қаладағы Гагарин көшесі мен Республика даңғылындағы жұмыс қарқыны үдей түсті. Шаһарға кіреберістегі орталық даңғылды аралаған қала басшысы мердігерлерге бірінші кезекте сапаға мән беруді тапсырды. Карантин кезінде жұмысшыларды барлық сақтық шараларын сақтай отырып жұмыс істеуге шақырды. Сондай-ақ мердігер мекемелердің жауапты басшыларына Т.Рысқұлов көшесінің «Самал» базары маңындағы қос қапталына жаяу жолдар мен суағар салу жұмысын ретке келтіріп, айналасын жасыл желекпен көмкеруді тапсырды.
Бюджет қаражатының мақсатты жұмсалуын қадағалау мақсатында құрылыс алаңдарында арнайы бақылаушылар қосыны жасақталғанын айта кетейік. Жол құрылыс сапасын барлық талаптарға сай жүргізу үшін құрылыс басында бақылаушылар күнделікті сараптама жүргізуде. Әкім жергілікті тұрғындарды да құрылыс барысын тікелей қадағалап отыруға шақырды.
Сөз басында айтып өткендей, шаһардағы жол сапасын дамыту мақсатында 417,6 шақырым жолдың құрылыс-жөндеу жұмыстарына биыл бюджеттен 25,6 млрд теңге қарастырылған. Оның 5,1 млрд теңгесі республикалық қазынадан болса, қалғаны жергілікті бюджет есебінен бөлінді. Нәтижесінде 294 шақырым жол мен 6 көпір және 1 жолайрық пайдалануға беріледі.
Үш жылда мәселе толық шешіледі
Бұл уәдені Шымкент қаласының әкімі М.Әйтенов Абай ауданындағы құрылыс жұмыстарымен танысып, тұрғындармен кездесуінде айтты. Шаһар басшысының сөзіне сүйенсек, алдағы үш жылда Шыментте жол мәселесі толық шешімін табады. Биыл қала шетіндегі топырақ жолдарға шағыл тас төселеді.
«Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Шымкент қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуына ерекше мән беріп отыр. Биыл қазынадан миллионды қалаға 440 млрд теңге қаржы бөлінді. Қаралған қаражат мақсатты игерілуі қажет. Бұл инфрақұрылымды жақсартып, барлық саланың әлеуетін көтеруге мүмкіндік береді. Сондықтан біз бар күш-жігерімізді қаланың дамуына жұмсап жатырмыз», деді тұрғындармен кездесуде Мұрат Әйтенов.
Аумағы 49 704 гектарды құрайтын Абай ауданында 323 мыңға жуық тұрғын бар. 34 шағын аудан мен тұрғын алаптың 10-ы 2014 жылы бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысынан қалаға өткен-ді. Бүгінде таза ауыз сумен қамту көрсеткіші 78,5 пайызды құрайтын ауданда нақты жұмыстар қолға алынып, 5 тұрғын алапты ауыз сумен қамтитын магистралды су жүйесінің құрылысы жүруде.
Сондай-ақ Жаңаталап, Қызылжар, Игілік, Тәуелсіздікке - 20 жыл, Көкбұлақ, Ынтымақ-2, Солтүстік саяжайдағы 7232 үйге ауыз су жүйелері тартылуда. Жоспарлы жұмыстар аяқталса, аудан халқының 86 пайызы таза ауыз сумен қамтылатын болады.
Биыл Абай ауданындағы 49 көшені жөндеуге бюджеттен 1 099,6 млн теңге қаржы қаралып, жөндеу жұмыстары қарқын алуда. Соңғы 10 жылда аудандағы 219 аулаға балалардың ойын алаңы мен 50 спорт алаңы салынды. Тек өткен жылы мемлекет-жекеменшік әріптестігі аясында 45 аулаға ойын алаңы тұрғындардың игілігіне берілді.
Биыл 41 аулаға балалар алаңын салуға – 637,4 млн, 8 спорт алаңын орнатуға 131,5 млн теңге қаржы бөлініп, жұмыс басталды. Осы бағытта атқарылған жұмыстармен тыңғылықты танысқан қала басшысы Абай ауданында ауқымды жұмыс бар екенін айтып, құрылысы жүріп жатқан барлық нысандардың сапасын үнемі бақылауда ұстау керектігін айтты.
«Сәуле» шағын ауданына қарасты 276-орамдағы тұрғындар да жол азабын тартып келеді. Күні кеше азаматтардың өтініші бойынша нақты жағдаймен танысқан қала әкімі «Сәуледегі» 276-орамға биыл жол төселетінін жеткізді. Алдағы уақытта 6 көшеге тас төселіп, жарық пен ауыз су рет-ретімен тартылады. Аталған орамды аралап көрген қала әкімі М.Әйтенов осылай деді.
«Жыл басында халық алдындағы есепті жиында жол мәселесіне байланысты көп ескертпе айтылған еді. Біз уәдемізді орындаймыз», деді қала басшысы.
«Жалпы бұл орам қала құрамына енген 41 елді мекеннің бірі. Бастапқыда тіпті топырақ жол да болған жоқ. Электр желісін жұрт шама-шарқынша өздері тартып алған еді. Ауыз суды тасып ішетінбіз. Қала аумағына еніп, суға жарыдық», дейді орамның төбе биі Ережеп Шерметов.
Бүгінде орамға электр бағаналары тартылып, ауыз су мен жолдың құжаты әзірленген. Мұндағы ең өзекті мәселелер биыл шешілмек. Кезінде тас төселмей қалған көшелер де тіркеуге алынуда.
«Қаладағы жол жөндеу жұмыстарына биыл қазынадан қомақты қаражат бөлінді. Оны уақытында әрі мақсатты игеруіміз қажет», деген қала басшысы Шымкент қаласының аумағына енген 41 елді мекеннің инфрақұрылым мәселесі қайта қаралатынын айтты.
Сапар аясында М.Әйтенов Водопьянов көшесінде өткен жылы өртенген үйдің орнына салынып жатқан 85 пәтерлі үйдің құрылысымен танысты. Тапсырыс беруші «Шымкент» ӘКК» АҚ мен мердігер «Отау Строй» компаниясына құрылыс жұмыстарын Қала күніне орай аяқтап, баспана кілтін тұрғындарға уақытынан ертерек табыстау керектігін айтты.
Әуежайдың құрылысы қарқынды
Шаһар жан-жақты халықаралық байланыс орнатуы үшін бірінші кезекте заманауи техникалық талаптарға сай әуежай мен темір жол вокзалы қажет-ақ. Алайда үшінші мегаполис мәртебесі берілген шаһарда бұл талаптардың табаны тайғанақтап тұрғаны жасырын емес.
Ұлы Жібек жолы бойындағы ірі туристік керуеннің түстеніп өтер тұсы саналатын Шымкент үшін аталған жолаушылар тасымалы құрылысын дамыту кезек күттірмейтін шаруа. Себебі қалаға келер инвестор мен турист үшін жағымды «климат» қалыптастыратын «қақпа» әуе жолымен және шойын жолмен тікелей қабысып жатыр.
Осы маңызды мәселені шешу үшін Шымкенттегі халықаралық әуежай аумағында жаңа жолаушылар терминалын салу басталған болатын. Бұл жұмыстар Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Шымкент қаласын дамыту жөніндегі тапсырмалары негізінде жүзеге асуда.
Қазіргі таңда өткізу қабілеті сағатына 2000 жолаушыны құрайтын терминалдың құрылыс-монтаж жұмыстарының алғашқы кезеңі аяқталды.
Екінші кезеңнің құрылыс жұмыстарын «Альянс Контракт Құрылыс» ЖШС жүзеге асыруда.
Құрылыс жұмыстарына 110 жұмысшы, 10-ға жуық арнайы техника тартылған. Бүгінде екінші кезең бойынша жұмыстардың 43 пайызы орындалды. Бұдан бөлек ақпараттық жүйелер мен жолаушылардың жүк жабдықтарын жеткізу бойынша келісімшарт жасалса, лифтілер мен эскалаторларды жеткізу бойынша келісім түзілуде. Болашақта әуе кемелеріне арналған перронды кеңейту жоспарда бар. Терминалға апаратын жаңа жол мен инженерлік құрылым, абаттандыру жұмыстары да бірге аяқталады деп жоспарланған.
Жауапты мамандардың айтуынша, терминалдың құрылысы осы жылдың соңында аяқталады.
30 жылдан кейін орнатылған ойын алаңы
Қала бірінші кезекте тұрғындарға демалыс, көтеріңкі көңіл-күй сыйлай білуі қажет. Сонда ғана халық өзін жайлы сезінеді. Оған көп дүниенің қажеті шамалы. Көпқабатты үйлердің ауласында аяқ бүгіп отырар орындықтар мен балдырғандар ойнайтын шағын ойын алаңдары болса жеткілікті. Міне, күнделікті жұмыстан шаршап келген тұрғындарға керегі де осы.
Дегенмен қаладағы кейбір ескі көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларында мұндай мәдениеттің белгісі де жоқ екені шындық. Жеке қабылдауында қалалықтардың талап-тілектерін тыңдаған шаһар басшысы осы мәселеге тікелей өзі араласты. Осылайша 30 жылдан бері ауласында балалар алаңы болмаған көпқабатты үйлердің аулаларында құрылыс жұмыстары басталып кетті.
«Тіпті есік алдындағы отыратын орындықтар да қирап қалған еді. Енді міне, ауламыз жайнап тұр. Балдырғандар тұрмақ, қариялардың қуанышында шек жоқ. Айтар алғысымыз шексіз», деді қала әкімімен жүздескен «Қарасу» шағын ауданындағы көпқабатты тұрғын үйдің төрайымы Людмила Розанова.
«Анығында, қала аумағында аулаларды абаттандыру, ойын алаңдары мен арқалы орындықтар орнату жұмыстары жүйелі жүргізіліп келеді. Алайда кейбір мәдениеті төмен жандардың кесірінен бұзылып, қирап қалады», дейді Әл-Фараби ауданы әкімдігінің жауапты мамандары.
Жүрген ортасында бірінші кезекте сапаға мән беретін М.Әйтенов Әл-Фараби ауданының аумағында салынып жатқан балалар алаңшасының құрылысымен танысқан сәтте де осы тақырыпқа қайта соқты. Мердігер компанияның өкілдеріне тұрғындардың үйінде оқшаулануда отырған сәтін ұтымды пайдаланып, құрылысты уақтылы әрі сапалы аяқтауды жүктеді.
Бір қуанарлығы, құрылысқа қажетті заттардың барлығы – отандық өнімдер. Тіпті ойын алаңына төселетін резеңке төсеніштің өзі Шымкентте жасалады екен.
Қаланың орталығы саналатын Әл-Фараби ауданындағы 672 көпқабатты тұрғын үй алдында 400 аула бар. Оның басым бөлігіне балалар алаңы салынған. Ал 161-іне енді қажеттілік туындап отыр.
Осыған орай, биыл аудан бойынша 100 балалар алаңы мемлекет-жекеменшік әріптестігі аясында салынса, қалған 61-інің құжаты қаралуда. Бұған қоса әр аулаға спорт алаңшасы да орнатылмақ.
Аудан әкімі Ғабит Мәуленқұловтың айтуынша, ауданда 15 гүлзар мен аллея салу жұмыстары да қарқынды жүріп жатыр.
ШЫМКЕНТ