Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев аудан әкімдерімен бейнеселекторлық жиын өткізіп, жиын барысында коронавирусқа қарсы күрес, көктемгі дала жұмыстары, азық-түлік тауарларының бағасын реттеу және «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасын жүзеге асыруға қатысты бірқатар мәселелер талқыланды. Коронавирус індетімен күрестен бөлек, өңірде күннен-күнге бағалар біртіндеп өсіп, Үкімет белгілеген шекті деңгейден асқандығы да айтылды. Аудандардағы жағдай біршама басқаша. Дегенмен, сиыр еті, тауық еті, сүт, пияз, картоптың құны бойынша айтарлықтай өсім орын алған.
Аудан әкімдерімен әңгіме кезінде облыс әкімі бірқатар жоспарлы шаралардың ойдағыдай орындалмай отырғандығын атап өтті. Бағаларды реттеу бойынша мобильді топтардың жұмысының әлсіздігі өз алдына, барлық аудандарда «Жұмыспен қамтудың жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы бойынша жобалар әлі күнге басталмаған. Сондай-ақ, қант қызылшасы, жүгері және майлы дақылдардың кейбір түрлерін егу бойынша белгіленген меженің орындалуы да нашар. Бұл орайда Бердібек Сапарбаев аудан әкімдері ағымдағы жылы аймақтағы егіс алқабын кемінде 710 мың гектарға жеткізуді ескеру қажеттігін айтты. Сонымен қатар, әкім пайдаланылмай жатқан жерлерді ауылшаруашылық айналымына қайтару бойынша берген өз тапсырмасының тиісінше орындалмай отырғандығын да айтты. Бұдан кейін Тараз қаласының әкімі Айтқазы Қарабалаев қазіргі уақытта қаладағы 420 адам тұратын көппәтерлі тұрғын үйлердің 15 кіреберісі жұқтыру ошақтары ретінде жабық екендігін жеткізді. Дүйсенбі күні карантин кезеңінің аяқталуына байланысты 6 кіреберісті ашу жоспарланған. Сонымен қатар, Байзақ ауданының әкімі Нұржан Нұржігітов 5 мамыр күні егін егу жұмыстарын аяқтауды жоспарлап отырғандығын айтса, Жамбыл ауданының әкімі Сәкен Арубаевтың айтуынша, «Айша-Бибі» кеден бекетіне коронавирусты анықтауға 700 экспресс-тест бөлініп, аудандағы 33 кәсіпорын біртіндеп жұмысын жалғастыра бастаған. Ал, өңірде картоп өсірумен аты шыққан Жуалы ауданында картоп бағасы қымбаттауда екен. Сонымен қатар, Қордай ауданында қантпен қатар пияз және сәбіз бағалары да өскен. Бердібек Сапарбаев аталған аудандарда қант қызылшасы мен майлы дақылдарды егудің төмен көрсеткіштерін негізге алды.
Меркі ауданының әкімі Мейірхан Өмірбеков 15 павильонның ашылғандығын алға тартып, нәтижесінде алыпсатарлардың жолы кесілгендігін, ет бағасының келісі 1770 теңге деңгейінде тұрақтағанын атап өтті. Көп ұзамай «Меркі-Шу-Бурылбайтал» тасжолындағы жол құрылысы салдарынан бұзылған 13 үйге жөндеу жұмыстары басталатынын жеткізді. Бірақ, Бердібек Сапарбаев Меркіде көкөністер мен жүгері егу жұмыстарының баяу жүріп жатқанын ескертті. «Жергілікті өндіріс орындарымен тығыз байланыста жұмыс жасаңыз. Ірімшік зауыттары мен ет комбинаттарына, шағын және орта кәсіпорындарға жиі бас сұғыңыз», деді.
Ал тұздың көп мөлшері өндірілетін Мойынқұм ауданында аталған өнім бағасы өссе, Т.Рысқұлов ауданында бағалар тұрақты, тек импортталған қарақұмықтың бағасы қымбаттаған. Кейбір шаруашылықтар жүгері өсіруден бас тартып, оны майлы дақылдармен алмастырған. Сарысу ауданының әкімі Қанатбек Мәдібектің айтуынша, ауданда жылжымалы ауылшаруашылық жәрмеңкелерін өткізу жолға қойылған. Сондай-ақ, Талас ауданының әкімдігі «Ақкөл» көліндегі дамбаны қалпына келтіру, «Бөгеткөлге» қосымша ылғал тарту мәселелеріне қатысты алаңдаушылық білдіруде. Шу ауданының әкімі Жарылқасын Айтақовқа сметаны асыра бағалау фактілеріне назар аударуы тиістігі айтылды. Ауданда мектепті күрделі жөндеу жұмыстарына 480 миллион теңгеден астам қаражат бөлінген.
Сонымен қатар, Бердібек Сапарбаев көрші Түркістан облысында туындаған төтенше жағдайға алаңдаушылық таныта отырып, жергілікті су қоймаларындағы судың деңгейін үздіксіз қадағалап отыруды тапсырды. Сонымен қатар, аудандардағы ауыл шаруашылығы саласын жандандыру керектігін айта келіп, аудан әкімдерінің «Еңбек» бағдарламасын жүзеге асыру бойынша жұмыс жүргізуге құлықсыз екендігін сынға алды. «Егер бөлінетін гранттар мен шағын несиелердің көлемі ойдағыдай болмаса, кәсіпкерлікті қалай дамытпақпыз? Жұмыссыздардың аз бөлігі ақылы қоғамдық қызметке тартылған. Жастар практикасы нашар дамыған. Сондай-ақ, елді мекендерді абаттандыру мен көгалдандыру шаралары назардан тыс қалмауы керек. Табысқа жетудің кілті – қаржылық және еңбек тәртібін қатаң сақтау, жөндеу және құрылыс жұмыстарының сапасына қатаң қоғамдық бақылау. Ешкім бізге қалпына келтіруге уақыт бермейді. Бірақ бөлінген қаражатты игеруге деген талап өте жоғары», деді Бердібек Сапарбаев.
Жамбыл облысы