Талдықорған қаласының аумағынан ашылып жатқан индустриялық аймақта өнеркәсіп өрісі кеңейетін болады. Бұл салаға бағытталған инвестиция көлемі де жыл сайын өсіп отыр.
Болжам бойынша, облыс орталығындағы кәсіпорындардың жұмысын жандандыру үшін 2019-2023 жыл аралығында 28,7 млрд теңге инвестиция жұмсалуы тиіс. Былтыр бұл бағытта игерілген қаржы 2 млрд теңгені құрады. Нәтижесінде, жаңадан 3 өндіріс орны іске қосылып, 2 кәсіпорынның қуаты артқан. Ал тұрақты жұмыс орнын ашу көрсеткіші 47-ге жетті. Биыл өндірісті өркендетуге 6,6 млрд теңге жұмсалмақ. Инвестициялық жобалардың арасында бірнеше ірі өндіріс орны бар. Мәселен, «Жетісу Мажико» агрокешеніне қарасты зауыт құрылысының бірінші кезеңі аяқталды. Жобаның құны 5,8 млрд теңге шамасында. Алғашқы кезеңде 45 адамды тұрақты жұмыспен қамтитын кәсіпорын толық іске қосылғаннан кейін 355 жұмыс орнын ашады. Ал керамикалық гранит тақталарын шығаратын «Алмаз керамикс» зауытының жұмысы сәуір айында басталмақ. Инвестициялық жарғылық қоры 13,9 млрд теңгені құрайтын жоба 2023 жылы толықтай аяқталады. Алғашқы кезеңнің өзінде 100 адамды жұмысқа қабылдайтын кәсіпорыннан түбінде 338 жұмысшы нәпақасын таппақ. Сондай-ақ «Талдықорған» индустриялық аумағында іске қосылатын «Лунюань Жетісу» ет өңдеу зауыты мен «Green Technology Partners» серіктестігінің құрғақ жем зауытына да жалпы құны 9 млрд теңге инвестиция жұмсалған. Биыл «JLC Сүт» зауытының қосалқы цехының құрылысы басталады, бұл үшін қала аумағынан 6 гектар жер телімі бөлінген. Өндіріс іске қосылғанда жаңадан 290 жұмыс орны ашылуы тиіс.
Жақында Талдықорғандағы индустриялық аймақта тәулігіне 500 тонна майлы дақыл өңдейтін жаңа зауыт іске қосылды. Бұл өндіріске жалпы 5,8 млрд теңге шамасында инвестиция құйылған.
«Жетісу-Мажико» агрокешенінің бұл өндірісіне 4,4 млрд теңге жұмсалды. Бірінші кезеңде 50 жұмыс орны ашылды. Алдағы уақытта кәсіпорын толық қуатына қосылып, зауыт іргесі кеңейген соң 500 адамға тұрақты кәсіп табылмақ. Қазір іске қосылған зауыт ыстықтай сығымдау тәсілімен өсімдік майын шығарады. Тәулігіне 500 тонна рапс және 400 тонна күнбағыс өңдейді, соның нәтижесінде өсімдік майы мен жом өндіріледі. Өндіріс шикізатпен 100 пайыз қамтылған, неміс өндірушілерінің құрал-жабдықтары орнатылған, сол арқылы алынатын өнім сапасын жақсарту үшін майлы дақыл тұқымдарын экструзионды технологиямен өңдеу қолданылады. Дайын өнім жергілікті нарыққа шығарылады, сонымен қатар таяу болашақта Қытайға экспортталады.
– Біз өз тарапымыздан облыста бірнеше индустриялық аймақ құрып, оны қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз еттік. Жалпы мемлекет қолдауының және қабылданған шаралар арқылы өткен жылы Алматы облысының өнеркәсіп өнімінің жалпы көлемі 1 трлн теңгеге жуықтады. Жетісулықтар бір кісідей жұмылып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жүктеген міндеттерін орындау мақсатында жұмыс істеп келеді. Бұл жұмыстар инвестиция тартуға, жаңа технологиямен жұмыс істейтін заманауи өндіріс орындарын ашуға, жаңа жұмыс орындарын құруға бағытталған. Талдықорған қаласының аумағынан ашылып отырған зауыт – соның айқын айғағы. Жақын арада Талдықорған қаласында жалпы құны 22,9 млрд теңге болатын тағы 3 ірі инвестициялық жоба жүзеге аспақ. Нәтижесінде 528 адамды жұмыспен қамтимыз, – дейді облыс әкімі Амандық Баталов.
Алматы облысы