• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Экология 07 Мамыр, 2020

Уранмен уланған көл мен карьер

951 рет
көрсетілді

Ақтаудағы уранға қатысты нысандар тұрғындар үшін қаншалықты қауіпті? Қызметін тоқтатқан кәсіпорын мен оның қосалқы орындарының халыққа, халық денсаулығына, өңір экологиясына қауіп-қасіреті бар ма? Жергілікті тұрғындар шошына «улы көл» деп ат қойып, айдар таққан Қошқар ата проблемасы бүгінге дейін өзекті. Өкініштісі, Маңғыстауда оның қатары Қошқар ата ғана емес екен...

Тұрғындар арасында Ақтау қаласынан 25 шақырым жерде жиналған уран кеніштері мен қалдықтары бар қауіпті аумақтың қасындағы көл жағасында демалу, су айдынында шомылудың денсаулыққа зияны жайлы айтылуда.  Ауданы 28 565 шаршы метрді, периметрі 1,59 шақырымды құрайтын көл мен «Меловое» кен орнындағы №2, 3 карьердің ара қашықтығы шамамен 577 метр. Бұл көлге Мұнайлы ауданына қарасты Батыр және Қызылтөбе ауылдары өте жақын орналасқан. Осыған байланысты облыстық экология департаменті мен табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының өкілдері, сараптама-бақылау зертханасы және «Қазгидромет» РМК облыстық филиалының мамандары бірлесіп, аталған көлден қоршаған ортаға әсер ету бо­йын­ша ауа мен су сынамасын алды. Нәтижесінде атмосфералық ауа сынамаларының нәтижелері бойынша ластаушы заттар (ра­диациялық фонның әсері – 0,1 мк3в/сағ) шекті рұқсат етілген концентрациядан аспайтыны анықталды. Барлық көрсеткіштер рұқсат етілген шамада. Яғни, мамандардың айтуынша, ауада проблема жоқ, бірақ көлде мәселе бар.

Өңірлік экология депар­та­менті­нің талдау-бақы­лау зерт­ха­насының су сынамаларының нәтижелері бойынша SO4 (сульфаттар), Cl (хлоридтер), Mn (марганец), Zn (мырыш), Cr (хром) сынды зиянды элементтердің артқаны анықталды. Бұл анық­талған зиянды заттардың адам ағзасына әсері аллергиялық реакцияларға, тез шаршауға, жадының нашарлауына, сүйек­тердің сынуына, шаштың сынуына, температураның жоға­рылауына және өзге де сырқат түрлеріне соқтыруы мүмкін. Сы­нама қорытындысына сай маңғыстаулық экологтар Мұ­найлы ауданында орналасқан көлге суға түсу қауіпті деген тұ­жырымға келді.

Сондай-ақ Мұнайлы ауданы­ның аумағында Каспий аймақтық тау-кен металлургия комбинатына қарасты 5 уран кенішінің карьерлері бар. Соның ішінде «Меловое» кен орнындағы №2, 3 карьердің периметрі 13,8 ша­­қырым болса, жалпы қор­ға­­ныш барьердің ұзындығы – 23,1 шақырым. Қалыпты емес мәні 1,45 мкЗв/сағ дейін тек карьердің түбінде және ең тө­менгі қоршау қабырғаларында кез­деседі. Төменгі топырақ ыл­ғалдылығының жоғарылауына және ең төменгі шөгінділердің 30%-дан астамына байланысты бұл топырақта шаң жоқ және карьерлерден радиоактивтіліктің бөлінбейтінін білдіреді.

Бұл карьерлер өз жұмыстарын өткен ғасырдың 90-жылдарында аяқтаған. Ал 2008 жылы «Волковгеология» АҚ күшімен то­лық зерттеу жүргізіліп, нәти­жесінде 60-100 метр терең­дік­те жатқан карьерге түспесе, жан-жағына тікелей қауіп жоқ екені анықталды.

Экологтер тарапынан Мұнай­лы ауданы әкімдігіне аталған аумаққа кіруге тыйым салына­тыны жөнінде белгі қойып, адамдар мен жайылымда жүрген малдың кірмеуін қамтамасыз ету қажеттігі ескерілуі тиіс екені айтылды. Екі  жыл бұрын ұзындығы 1 шақырым 100 метрді құрайтын ор қазылып, бұл аумаққа кіруге тыйым салынатындығы жөнінде 9 белгі қойылған. Алайда соған қарамастан, мұнда келушілер әлі де болса бар. Сондықтан аудан әкімдігіне Қызылтөбе және Батыр ауылдары тұрғындарына аталған аумақта демалыс ұйымдастыруға болмайтыны жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажеттігі айтылды.

Сонымен мамандар тарапынан ураннан қалған көл мен карьерден айтарлықтай қауіп жоқ­ делінеді, бірақ суға тү­су­дің денсаулыққа зияны бар. Мал жайылуға болмайды, жан-жа­ғына ор қазылған. Бұл сақ­тан­дыру әрекеттері ойды сан-сақ­қа жүгіртеді – қауіпті болмаса қорып-қоршап қайтеді? Ка­рьер­лерге Қошқар ата көлімен бірге мүмкіндігіне қарай зарар­сыз­дандыру жұмыстарын жүр­гізу­ді де ойластырған жөн болар.      

          

 Маңғыстау облысы