Аграрлық несие корпорациясы «Кең дала» бағдарламасы бойынша көктемгі дала жұмыстарын қаржыландыруды 35 күн ішінде аяқтады, 2 405 фермер жылдық 5% есеппен 70 млрд теңге алды. Мемлекеттік қолдауға ие болғандардың 95%-ы шағын және орта бизнес өкілдері, деп хабарлады Ауылшаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі.
Егіс маусымына дейін фермерлердің айналым қаражатын толтыру үшін мемлекет басшысының тапсырмасымен өткен жылдарға салыстырғанда республикалық бюджеттен 10 млрд теңге артық қаражат бөлінді. Сондай-ақ қаржыландырудың жеңілдетілген ставкасы 5%-ға дейін төмендетілді.
Төтенше жағдайдың енгізілуіне байланысты шектеулерге қарамастан, Аграрлық несие корпорациясы фермерлерді қаржыландыруды қысқа мерзімде егіс маусымына дейін аяқтады. Сонымен қатар «Кең дала» бағдарламасына қатысуға өтініш берген фермерлердің 126-сы 100 млн теңгеден астам қаржыға ие болды. 194 фермерге орташа есеппен 574 млн теңге берілді.
Мемлекеттік көмек алғандардың 90%-ы - шағын шаруа қожалықтары. 2085 фермер орташа есеппен 6.1 млн теңге алды. Бұл ретте ең аз несие 600 мың теңгені құрады.