Елімізде қауіпті індетті жұқтырғандардың саны бес мыңнан асты. Нақтырақ айтсақ, 10 мамыр күні (сағат 17:00-ге дейін) тағы 101 адам тіркеліп, коронавирус індетін жұқтырған науқастардың жалпы саны 5076-ға жетті. Сонымен бір мезгілде осы дерттен айығып шыққандардың қатары 1828-ге жеткенін ескерсек, кешегі күнге дейін бойында COVID-19 дертінің белгісі бар азаматтардың нақты саны 3 мыңның үстінде деген сөз.
Бүгін Президент Жарлығымен ұзартылған төтенше жағдай режімінің соңғы күні. Сондықтан елдегі нақты жағдай сарапқа салына отырып, төтенше режім осымен аяқталып, ішінара жеңілдіктермен карантиндік шаралар жалғаса ма, жоқ па, бүгін шешілуге тиіс. Ал әзірге облыстар мен қалаларға бөліп қарастырғанда, жағдай мынадай: Нұр-Сұлтан қаласында – 1066 науқас тіркелген, Алматы қаласында – 1578, Шымкент қаласы – 233, Ақмола облысы – 109, Ақтөбе облысы – 172, Алматы облысы – 183, Атырау облысы – 298, Шығыс Қазақстан облысы – 51, Жамбыл облысы – 178, Батыс Қазақстан облысы – 244, Қарағанды облысы – 191, Қостанай облысы – 61, Қызылорда облысы – 229, Маңғыстау облысы – 120, Павлодар облысы – 154, Солтүстік Қазақстан облысы – 34, Түркістан облысы – 175.
Осы орайда, Денсаулық сақтау министрлігінің коронавирусқа байланысты жасаған болжамдары үнемі дәлме-дәл келіп жатпаса да, мемлекет қабылдаған нақты шаралардың нәтижесінде жалпы ахуалдың салыстырмалы түрде қанағаттанарлық екенін айта кеткен жөн. Мәселен, сәуір айының ортасында Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің сол кездегі төрайымы Людмила Бюрабекова: «Біздің ғылыми орталықтың болжамынша, коронавирус инфекциясының шарықтау шегі – сәуірдің аяғы немесе мамыр айы. Бұл айларда ауру жұқтырғандардың саны 2 мыңнан асуы мүмкін», деген болатын.
Ал 22 сәуірде еліміздің Бас санитар дәрігері Айжан Есмағамбетова: «Болжамға сай вирустың өсуі және түсуін үш айда, наурыз-мамырда бақылаймыз. Сәуірдің соңына дейін 2700 адамға, мамырдың соңына дейін 4000 адамға вирус жұғады деген болжам бар. Вирус жұқтырғандар санын 4000 деңгейінде ұстау үшін халық карантин ережесін сақтауы тиіс», деген еді. Содан кейін сәуір айының 29-ында Айжан Есмағамбетова мамырдың аяғына дейін Қазақстанда коронавирус жұқтырғандардың саны 5 300-ге жететінін айтты. Бұл жағдай, әрине, қауіпті індетті ауыздықтау әлі де оңай болмай тұрғанын, төтенше жағдай режімі аяқталса да тұрғындардың еш босаңсуға болмайтынын анық байқатқандай... Иә, шынында 11 мамырдан кейін жұмыс орындары қайта ашылып, жүріп-тұру жеңілдеп, ел-жұрт бірте-бірте баяғы қалыпты тіршілігіне қайта ұмтылатыны рас. Бірақ көше бойынан блок-пост, темір құрсаулар алынғанымен, әр адамның ішіндегі темір тәртіп сол күйі қалуы тиіс.
Ең қуаныштысы, аурудан жазылғандардың саны да сәт сайын өзгеріп, ем қонғандардың қатары күн санап көбейіп келеді. Қазір осы індеттен айығып, ауруханадан шыққандардың саны 1828-ге жетті. Бұл, әрине, жұрттың жүрегін шошытқан бес мыңның мысын баса түсетіні анық. Дегенмен де төтенше жағдай режімі аяқталса да карантиндік шараларды сақтау, осыған дейінгі тәртіп пен талапты сол күйінде ұстай беру – өте маңызды. Инфекцияның таралу жылдамдығының бәсеңдегені көңіл қуантса да бұл індеттің 11 мамырдан кейінгі тағдыры енді біздің тәртібімізге байланысты болады, ағайын.