Таяуда Мальта үкіметі мигранттарды игере алмай отырғанын айтып шағымданды. Еуропалық одаққа мүше мемлекеттер Таяу Шығыс пен Африкадан ағылған мигранттар түйткілін тарқата алар емес. Аталған мәселе, әсіресе Жерорта теңізінің маңында орналасқан елдерге қиын соғып отыр. Өйткені босқан халық ең әуелі сонда барып паналайды.
Мальта – Еуропалық одақ құрамындағы шағын мемлекет. Осы елдің сыртқы істер министрінің сөзіне сүйенсек, кейінгі уақытта ағылған мигранттардың санында есеп жоқ. Ведомство басшысы оларды қайда жіберерін білмей дал болып отырғанын айтады.
«Биылғы үш айдың өзінде Орталық Жерорта теңізі бағытымен ағылған заңсыз көші-қон 438 пайызға бір-ақ артты. Осылайша елге шамамен 1200 адам келді. Пайыздық көрсеткішпен есептесек, бұл ЕО-ға мүше басқа елдерге он мыңдаған мигрант барғанмен тең», дейді министр Эварист Бартоло.
Мальта сыртқы істер министрі бекерден-бекер күйініп отырған жоқ. Алақандай елдегі тұрғындардың саны 500 мыңға да жетпейді. Соның 100 мыңға жуығы шетелден келген. Кейінгі жылдары заңсыз миграция да күрт артты.
«Егер дәл осындай көлемдегі мигранттар Испанияға барса, 12 400 адамнан асып кетер еді. Бұл Түркия президенті Режеп Тайип Эрдоғанның биыл Грекияға жіберген босқындар санына тең. Еуропалық одақ басшылығы сол кезде Грекияға қолұшын созуға асыққан еді. Бірақ біздің жағдайда ЕО шенеуніктері елге келіп, не болып жатқанын да бақылаған жоқ», дейді Э.Бартоло.
Мальталық саясаткердің қарт құрлықтан көңілі әбден қалған сыңайлы. Брюссельдегі шенділер үшін одаққа мүше мемлекеттер тең дәрежеде қаралмайтынына ренжулі. «Алпауыт мемлекеттер қалағанын жасайды, ал шағындары соған көніп, бас шұлғуы керек... Бұл дұрыс емес», дейді ол.
Коронавирус пандемиясына байланысты Мальта басқа да Еуропалық одақ елдері секілді шекарасын жапқан болатын. Әйтсе де, теңіздің арғы бетінде орналасқан Ливиядағы ахуалдың қиындығы мигранттарды қабылдауға мәжбүрледі.
Э.Бартолоның сөзіне сүйенсек, Мальтадағы басты мәселе – босқындар лагерьлері бүгінде аузы-мұрны шыға толған. Шамамен 4000-нан астам заңсыз мигрант алақандай аралды паналапты. Бұл – елдегі халықтың бір пайызына тең.
«Мәселе өте қиын. 2005 жылдан бері елімізге 22 000 босқын келді. Еуропалық одақ елдері соның 1700-ін ғана, яғни 8 пайызын ғана паналатты. Бұл әділетсіздік. Дегенмен Германияға, Францияға, Ирландияға, Португалияға және Люксембургке алғысымыз шексіз. Олар қолдарынан келген көмегін аяған жоқ. Бірақ соның өзі жеткіліксіз», дейді Э.Бартоло.
Мальта сыртқы істер министрінің деректеріне сай, 2005 жылдан бері АҚШ тарапы алақандай аралға келген 3300 босқынды өз елінде паналатқан. Әсіресе Барак Обама президенттігі кезінде Құрама Штаттар түйткілдің түйінін тарқатуға барынша қолдау көрсетті. Э.Бартоло АҚШ-тың Еуропалық одақ елдеріне қарағанда екі есе көп босқынды әкетуі одақтың қол қусырып отырғанын көрсетеді деп есептейді.
Еуропалық комиссия өткен аптада Мальтаның мәселесін шешумен айналысып жатқанын мәлімдеген. Соған сәйкес, Еуропалық одақтың босқындар мәртебесі туралы заңына өзгерістер енгізілмек. Э.Бартоло заңға енген өзгерістер түйткілдің түйінін тарқатады дегенге күмәнмен қарайды.
«Босқындарды қабылдап алу және оларды орналастыру мәселесі бір-біріне байланысты, сондықтан ұсынылған өзгерістердің ешқайсысы бізді қанағаттандырмайды. Ең әуелі орналастыруды толыққанды шешіп алу керек. Әйтпесе бұрынғыдай уәде беріп, ақырында тайқып шығады», дейді сыртқы істер министрі.
Мальта премьер-министрі Роберт Абела таяуда құтқарылған 57 босқынды Еуропалық одақ тиісті елдерге орналастырғанға дейін портқа кіргізбейтінін мәлімдеді. Сондай-ақ екінші кеменің Ливияға қайтарылғанын да жеткізді.
Кейбір саясаткерлер Мальта үкіметінің бұл шешімін халықаралық заңға қайшы деп айыптаған. Алайда Э.Бартоло бұл пікірмен мүлдем келіспейді. «Орталық Жерорта теңізі бағытындағы «пушбэкті» (босқындарды қайтарып жіберу) Еуропалық одақ жасап жатыр. Себебі олар бүкіл жауапкершілікті Мальта мен Италияға жүктеп қойды. Босқындарды қайтарған бізге де ұнамайды. Бірақ ешкім көмек қолын созбаса, шағын аралдағы бізден не күтесіз? Басқа мемлекеттер көмектеспесе, өзіміздің жағдайымызды өзіміз ойлауға мәжбүрміз», дейді сыртқы істер министрі.