Мен 16 жасымнан бері мектепте еңбек етіп келемін. Тәрбиеші, меңгеруші, ұстаз, кітапханашы мамандықтарын жетік меңгердім десем де болады. Алла қаласа, ендігі жылы еңбек өтілім 40 жыл болады.
Egemen Qazaqstan газетінің 2020 жылғы 27 ақпан күнгі №40 санында жарияланған «Ұмыт қалғандар кімнен қорқады?» атты мақала мектеп кітапханашыларының мәселесін қозғапты. Көтерілген мәселе өте орынды, алғысымыз шексіз. Бірақ біздің жанайқайымыз, қағаз бетінде ғана көтерілмей, талқыланып, іске асса екен дейміз. Қандай маман иесі болсын, өздері осы бұлақтан су ішіп, өсіп-өнгенін, қолына мектеп кітапханасынан кітап алғанын, сол кітаптан білім алып, осындай дәрежеге жетіп отырғанын ұмытпас. Мектеп кітапханасы – ұлы мамандық. Ең көп қазына кімде десе, мектеп кітапханашысында деп айтар едім. Мектеп директорынан бастап, кішкентай оқырмандардың жүрегін жаулайтын, ешқашан «жоқ» демейтін, бәрінің көңілін, тілін табатын, жаны ізгі, жайсаң жандар ғана осы мамандық иесі бола алады. Мектеп кітапханашысы дегеніміз – ақын, жазушы, ұстаз, тәрбиеші, әдіскер, әнші, биші, психолог.
Кітапханашы мамандығын үш жыл, мұғалімдікті алты жыл оқыдым. Бәрін қосқанда тоғыз жыл. Мен еңбек еткен 40 жылда білім саласында көптеген өзгеріс болды. Мектепсіз өміріміз қараң қалатын сияқты. Қандай кезеңдерден өтпедік. Бәріне шыдап бақтық. Бірақ еңбекақы мәселесіне келгенде мектеп кітапханашыларын ұмытып кеткені жанымды жай таптырмады. Онда не үшін жоғары оқу орындарында оқыдым? Әкем марқұм айтқандай, күректей екі дипломды не үшін алдым, мені осыншама жылдан кейін мазақ ету үшін бе?! Мәртебемізді түсіруге кімнің қақысы бар? Мәдениет және білім саласында қызмет еткеніміз үшін, мектеп оқушыларын оқулықпен қамтып, қалалық, мектепішілік іс-шараларды жоғары деңгейде өткізгеніміз үшін бе?
Назарбаев зияткерлік мектептерінің кітапханаларында кітапханашы-педагог, кітапханашы-әдіскер деген мәртебе бар. Ал қала кітапханашылары әдіскер, меңгеруші, библиограф, оқу бөлімі, т.б. салаларға бөліне отырып, жұмыстары жеңіл болса да, алатын жалақылары көп. Ендеше, дәл осындай еңбек етіп отырған мектеп кітапханашыларының еңбекақысын көтермеу кімге керек? Әрине ешқандай мектеп директоры немесе әкімшілік маған «еден жу» немесе «барып кел, алып кел» деген жоқ. Ақшасын аз төлесе де, намысымды ешкім қорлаған емес. Алайда Үкімет мұғалімдер, мәдениет қызметкерлерінің жалақысын өсіріп, мектеп кітапханашыларын ұмытып кеткені – адамның ақылына сыймайтын жайт. Яғни біздің құқығымызды аяқасты етіп отыр.
Рас, кейбір кітапханашылар жалақының аздығынан өз мектебінде қосалқы жұмыс істеуге мәжбүр. Әйтсе де қазіргі заманда мектеп кітапханашыларының еңсесі биік болуы тиіс. Біз өз мамандығымызбен мақтанамыз. Ендеше, тынымсыз еңбегімізге сәйкес еңбекақымыз да жоғары болуы керек.
Бахтықан БАШИБЕКОВА,
№5 гимназияның кітапхана меңгерушісі
Нұр-Сұлтан