Тауарлар және көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің мамандары жыл сайын күн ысып, кене шығысымен қауіпті жәндіктердің қандай ауруларды таратуы мүмкін екенін тексеріп, арнайы зертханалық сараптама арқылы кене энцефалиті тәуекелінің бар-жоғын анықтайды.
- Біздің мамандар кенеге әдетте мамыр-маусым айларында мониторинг жүргізеді. Өйткені бұл кезеңде жәндіктердің белсенділігі арта түседі. Толыққанды зерттеу жүргізу үшін мамандар кем дегенде 500 жәндік ұстайды. Жылда көктем шыға балалардың жазғы демалыс орындарына, қала тұрғындары шоғырланатын саябақ, жағажай маңдарына кенеге қарсы залалсыздандыру жұмыстарын жүргізетін едік. Биыл карантинге байланысты бұл жұмыс атқарылған жоқ. Бірақ ауылдық жердерде тұратын малшылары, орман шаруашылығы жұмысшылары мен вахталық кезекпен жұмыс істеп жүргендерге жоспарлы түрде кене энцефалитіне қарсы егу шаралары жүргізіледі, - деді эпидемиологиялық бақылау бөлімінің бас маманы Ирина Антонова.
Бас маманның айтуынша, аймақта соңғы 10-15 күн ішінде 35 адамды кене шаққан. Дәрігер көмегіне жүгінгендердің жартысына жуығы 14 жасқа дейінгі балалар. Кене шағып дәрігер көмегіне жүгінгендер арасында, қазірше, энцефалит анықталмаған. Дегенмен мамандар тұрғындарды аса абай болуға шақырады. Кене шаққан адам дереу дәрігерге қаралмаса, асқынған ауру дауасыз дертке ұласуы мүмкін.
Қостанай облысы