Біраз жыл бұрын танысым елорданың сол жағалауының ең бір көрнекті жерінен көлемі 150 шаршы метрлік тамаша пәтер сатып алды. Пәтердің әр шаршы метрі оған 4 мың долларға түсті. Яғни бағасы да қымбат, сапасы да керемет үй.
Ал енді осындай пәтердің әр шаршы метрін біздегі атақты құрылыс компаниясы қазір бар болғаны 1 мың доллардан салып жүр. Біраз жыл бұрынғы 4 мың долларлық пәтерден еш кемшілігі жоқ. Керісінше жалпы сәні мен тұрмысқа жайлылығы тұрғысынан тіпті асып түсетіндей.
Қазақстандағы, соның ішінде елордадағы бизнес санаттағы пәтерлер бағасының төмендеу сыры неде?
Біріншіден, осы жылдар аралығында ұлттық валютамыз долларға шаққанда еселеп құнсыздана түсті. Екіншіден, кезінде мұнайдың 1 баррелінің бағасы 140 долларға дейін жеткен кездері ел ішіне сол доллардың тасқындап кіруінен пайда болған тұрғын үй нарығындағы көпіршік қазір сылынып қалды. Сөйтіп баға сұраныс пен ұсынысқа орай реттеле түсті. Әйтпесе нарықтық экономиканы жаңа құрып жатқан Қазақстан астанасындағы пәтер құны еуропалық дамыған мемлекеттер астаналарындағы бағамен теңесіп қалған еді.
Сонымен қатар еліміздегі жаңадан салынып жатқан тұрғын үйлердің өзіндік құны мен олардың нарықтық бағаларының айтарлықтай төмендеуіне жағымды ықпал еткен тағы бір елеулі фактор – аздаған жылдардың өзінде құрылыс технологияларының дамуы. Бұл жағдай да құрылыстың өзіндік құнының төмендеуіне үлкен әсерін тигізді. Әйтпесе кезінде елордада әр шаршы метрінің нарықтық бағасы 4 мың долларға дейін шарықтаған тұрғын үй құрылысы енді сол баға 1 мың долларға дейін, яғни шамамен төрт есе құлдыраған кезде мүлдем тоқтап қалған болар еді.
Жоқ, тоқтағанды қойып қазір тіпті қарқын ала түскендей. Тіпті оны қолда бар көрсеткіштерге қарап тұтас ТМД елдері арасында алдыңғы орында деуге болады. Ол үшін мына көрсеткіштерге назар аударайық:
Еуразиялық экономикалық комиссияның 2019 жылдың 1 қарашасына дейінгі дерегі бойынша ЕАЭО елдеріндегі 2019 жылдың қаңтар-қазан айларында орындалған құрылыс жұмыстарының көлемі 122,1 млрд АҚШ долларын құрады. Бұл 2018 жылдың аталған мерзіміндегі көрсеткіштен 1,3 пайыз жоғары. Арменияда – 351,1 млн доллардың, Қырғызстанда – 725,2 млн доллардың, Беларусьте – 4 млрд 454,1 млн доллардың, Қазақстанда – 8 млрд 702,1 млн доллардың, Ресейде – 107 млрд 868,5 млн доллардың құрылыс жұмыстары атқарылған.
Енді құрылыс саласының даму көрсеткіштеріне келсек, 2019 жылдың қаңтар-қазан айларында құрылыстың дамуы 2018 жылдың аталған мерзімімен салыстырғанда Арменияда – 99,3 пайыз, Беларусьте – 99,9 пайыз, Қырғызстанда – 100,6 пайыз, Ресейде – 100,4 пайызға жоғарылады. Ал Қазақстанда өсім 112,7 пайыз болды. Яғни еліміздегі құрылыс саласы қарқынды дамуын одан әрі жалғастырған.
Бұл – жалпы құрылыс көрсеткіштері. Ал енді тұрғын үй салу жағдайына келсек, 2019 жылдың қаңтар-қазан айларында Арменияда – 138,3 мың, Қырғызстанда – 873,4 мың, Беларусьте – 2 млн 882,4 мың, Ресейде – 55 млн 123,6 мың шаршы метр тұрғын үй салынғанда, Қазақстанда 9 млн 795,7 мың шаршы метр үй бой көтерді. Бұл бүкіл ЕАЭО көлеміндегі салынған үйлердің 14,2 пайызы Қазақстанның үлесіне тигенін білдіретін жақсы көрсеткіш.
Елімізде құрылыстың қарқын алуының тағы бір себебі – сұраныстың жоғарылығы. Жылжымайтын мүлік сауда-саттығымен айналысатын агенттіктердің мәліметіне қарағанда, өткен жылы елімізде пәтер сату және сатып алу операцияларының саны 10 пайызға артқан. Яғни жылжымайтын мүлік нарығы жандана түскен. Сарапшы мамандар бұл жанданудың түпкі себебі ел экономикасының дамуына, сондай-ақ жастарға және халықтың әлсіз топтарына, бюджет қызметкерлеріне жеңілдікпен несие беретін «Бақытты отбасы», «7-20-25» секілді әлеуметтік бағдарламалардың іске қосылуымен байланысты екенін айтады.
Тұрғын үйге деген сұранысты сақтау үшін, әрине бірінші кезекте құрылыс саласының алдындағы проблемаларды шешуіміз қажет. Соның бірі құрылыс материалдары өнеркәсібін жандандыруға қатысты. Елімізде құрылыс материалдарының көптеп шығарылуы тұрғын үй бағасының төмендеуіне алып келетіні анық. Өкінішке қарай осы мәселе толық шешілмегендіктен біздегі ірі құрылыс компаниялары өздеріне қажетті заттардың көпшілігін шетелдерден тасымалдап келеді. Материалдар көбінесе доллармен сатып алынатындықтан, тұрғын үйлердің өзіндік құнының қымбаттауына әкеледі.
«Қазақстан құрылысшылар одағы» РЗТБ сарапшысы Серікбай Омарқас жаңадан салынып жатқан тұрғын үйдегі қазақстандық құрылыс материалдарының үлесі әрі кеткенде 45 пайыздан аспайтынын айтады. «Қазақстандық құрылыс материалдары тұрғын үйдің сұлбасын тұрғызған кезде ғана қолданылады. Бұл – құм, цемент, бетон, газблок секілді дүниелер. Сондай-ақ кейбір жеңіл-желпі әрлеу материалдары елімізде шығарылуы мүмкін. Бірақ оның өзін мықты құрылыс ұйымдары қолдана бермейді. Көбін шетелден алдырады. Өйткені басқаны былай қойғанда, нысанның сыртын қаптап, көркем келбет беретін сәнді кірпіштердің өзін жеткілікті шығара алмай, Ресей мен Украинадан тасымалдаудамыз. Ал электр мен сантехникалық күрделі құралдарды шығаруға шамамыз келмей жатқаны айтпаса да түсінікті. Негізі шамамыз келмейді емес, келеді. Бірақ оған білім мен тәжірибеміз және мемлекеттің бұл істі дамытуды тұрақты түрде қадағалауы мен қолдауы жетіспей отыр. Осы мәселелерге көңіл бөлу қажет-ақ. Өйткені құрылыс материалдары өнеркәсібіндегі іс мұнсыз алға баспайды», дейді.
Сондай-ақ ол құрылыс саласының еліміз үшін жан-жақты маңыздылығына тоқтала келе: «Қазақстанға құрылыс министрлігі қажет. Егер құрылыстың өзі жеке сала болып отау тіксе, оның әлі күнге дейін ескерілмей келе жатқан мәселелеріне терең бойлап, дұрыс шешім қабылдау жағы жақсарар еді», деген ұсынысын жеткізді.
Құрылысшыларды толғандыратын басқа мәселелер де баршылық. Айталық ол тұрғын үй құрылысын жүргізетін жер телімдеріне және оның инженерлік желілеріне қатысты. Осы ретте құрылыс жұмыстары қызу жүріп жатқан елорда жағдайына тоқтала кетейік.
Нұр-Сұлтан қалалық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының директоры Алмат Жүнісовтің айтуынша, қазір құрылыстың қарқынды дамуына орай оны коммуналдық желілермен қамту мәселесі өткір сипат алуда. Бөлінетін жер телімдерінің басым көпшілігі аукциондарға қажетті инфрақұрылымдармен қамтылмастан шығарылуда. «Осы қиындыққа байланысты құрылыс жүргізушілер нысанды дер кезінде пайдалануға бере алмай жатады және оны желілерге қосу немесе дербес жылу көзімен қамту үшін қосымша шығындар жұмсайды. Тіпті жұмысты уақытында атқармағаны үшін жерден айырылып қалуы да мүмкін. Сондықтан аукционға инженерлік желілермен қамтылған жерлерді ғана шығару туралы ұсыныс айтпақпын. Ал инженерлік желілер болмаған жағдайда кәсіпкерлерге коммуникацияларды жүргізу құқын бере отырып, мемлекет осы үшін жұмсалған шығындарды өтеп беру міндетін мойнына алғаны жөн болар еді», дейді ол.
Осындай проблемалар өткен аптада Үкіметтің селекторлық отырысында да қамтылды. Онда құрылыс саласын нығайту жолдары қаралды. Негізінен «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасын іске асыруға екпін түсірілді.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі Қайырбек Өскенбаевтың айтуынша, биыл «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 15 млн шаршы метр тұрғын үй салу жоспарланған. Халықтың әлеуметтік жағынан осал топтары, аз қамтылғандар мен жастар, бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері қатарынан 32 мыңнан аса отбасы жалға берілетін және кредиттік пәтерлермен қамтамасыз етіледі.
«Қарапайым заттар экономикасы» жеңілдікті несиелеу бағдарламасы аясында қазір отандық құрылыс индустриясы бойынша 178 млрд теңгені құрайтын 33 жоба іске асырылып жатыр (шыны, арматура, санфаянс, керамика тақташалар, лак бояулар шығару). Оны іске қосу тұрғын үй құрылысында қазақстандық үлесті 95%-ға жеткізуге және 8 мыңдай жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.
«Қазіргі жағдайдағы Үкіметтің ең маңызды міндеті – құрылыс қарқынын күшейту, халықты тұрғын үймен қамту, жұмыс орындарын сақтау және жаңа жұмыс орындарын құру. Бүгінде құрылыс саласында шамамен 700 мың адам жұмыс істейді», деп атап өтті Үкімет басшысы А.Мамин Үкімет отырысында. Ол құрылыс саласы экономиканың негізгі драйверлерінің бірі екенін тағы да еске салды.
Осы отырыста берілген тапсырмаларға орай, енді әкімдерге құрылыстың жедел қарқынын қамтамасыз ету, қаржыландыру жоспарларын түзету және бұған дейін мәлімделген мерзімдерді қайта қарау, сондай-ақ құрылыстың мәлімделген көлемі бойынша барлық жобалық құжаттаманы әзірлеуді тездетіп аяқтау қажет. Ал Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан құрылыс индустриясы жобаларының уақтылы іске қосылуын қамтамасыз етуі керек, отандық жаңа өндірістерді құру жұмысын жандандыруы қажет.
Еліміздің құрылыс саласы экономикамыз қиындыққа душар болған қазіргі сәтте оған қосымша күш бере алады. Құрылыс саласының бұған барынша қабілетті екенін тиісті фактілер де айғақтайды. Статистика комитетінің мәліметінде былтыр экономиканың негізгі салалары арасында құрылыс саласының дамуы басым сипатқа ие болғаны көрсетілген. Мәселен, былтырғы қаңтар-желтоқсан айларында 2018 жылдың осы мерзімімен салыстырғанда ауыл, орман және балық шаруашылығы – 100,9 пайыз, өнеркәсіп – 103,8 пайыз, көлік – 105,1 пайыз, байланыс – 105,2 пайыз, сауда 107,6 пайыз даму көрсеткішін көрсеткенде, құрылыс саласының даму деңгейі 112,9 пайыз болды. Демек, бізге күрделі кезеңде тоқтаусыз жұмыс істеуге қабілетті құрылыс компанияларына барынша жағдай туғызып, олардың алдындағы кедергілерді толық жою керек.
Әлемдік тәжірибеге назар аударсақ, экономика тығырыққа тірелгенде көптеген ел құрылыс саласын дамытуға екпін түсіреді екен. Мәселен, өткен ғасырдың отызыншы жылдары АҚШ «Ұлы депрессия» деп аталған әлеуметтік-экономикалық күйзелісті құрылыс саласын жандандыру арқылы еңсерген болатын. Сол тұста АҚШ-та көптеген тұрғын үй тұрғызылды, автокөлік жолдары мен көпірлер салынды. Нәтижесінде, ел экономикасы бұрынғыдан да ауқымды даму мүмкіндігіне ие болды. Осындай сыннан өткен тәжірибені іске қосу Қазақстанға да қажет болып тұрғандай.