Текелі қаласын қақ жарып ағатын Қора өзенінің суы бастауын Жоңғар Алатауының сілемдерінен алатындықтан ағысы қатты әрі тастай суық келеді. Арынды арна айналасы көрікті келгендіктен қазіргідей көктемгі кезеңде мұнда табиғатты тамашалауға келетіндер қатары көп. Абайсызда қауіп те туындайтыны бар. Сондай оқиға кеше болыпты. Өзен жағасында жүрген 3 жасар қыз суға құлап кеткен екен.
Қораның суына бір батып, бір шығып ағып бара жатқан қаршадай қызды жағалауда жүрген Дәурен есімді жас жігіт байқап қалып, ойланбастан өзенге күмп беріпті. Көбіктене ағып жатқан су суық әрі ағысты болғандықтан баланы құтқару оңай болмаған. Әйтеуір, ағып бара жатқан балаға жүзіп жеткен Дәурен оны бір қолымен қапсыра құшақтап, жағаға қарай есіп жетіпті. Қазір құтқарылған қыз дін аман, денсаулығын дәрігерлер тексеріп, үйіне қайтарыпты.
- Опат та, ерлік те аяқ астынан ғой. Кеше әбігерге түстік те қалдық. Өзнен жағасында ойнап жүрген 3 жастағы қыз арнаға құлап кеткен. Абырой болғанда оны жақын жердегі ададмдар көріп, 19 жастағы Дәурен Жарқынбеков деген жас жігіт көріп қалып, құтқарды. Қазір Ниса есімді бүлдіршіннің жағдайы жақсы. Ал біз батыл жүректі бозабала Дәуренге түгел текеліліктер атынан алғыс айтамыз. Мұндай іс көпке үлгі болуы керек, біз алдағы күндері Дәуреннің ерлігін арнайы марапаттайтын боламыз, - дейді Текелі қаласының әкімі Бахтияр Өнербаев.
Алматы облысы