• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 12 Мамыр, 2020

«Қарапайым заттар» экономикасына арқа сүйейтін уақыт келді

430 рет
көрсетілді

Кеше ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі төтенше жағдайларға байланысты құрылған комиссия отырысында короновирус пандемиясы салдарынан туындаған қиындықтарды шешу бойынша елімізде істелген нақты іс-шара бағыттарын қорытындылап, жария етті.

Жалпы, ел бойынша осы аз уақыт ішінде 4,5 миллионнан астам адамға 42500 теңге көлемінде қаржылық көмек көрсетілуі, 1 миллионнан астам азаматқа азық-түлік пен тұрмыстық заттардың тегін берілуі, коммуналдық төлемдерді төлеуге қосымша қаржы бөлінуі, бизнес саласындағы компания мен кәсіпкерлер үшін салық жүктемесін азайту және тағы басқада бағыттар бойынша дер кезінде берілген нақты көмек Қазақстан экономикасының пәрменділігін көрсетті. Енді экономиканы қалпына келтіру жұмыстары белең алмақ. Бұл – заңды әрекет. Екінші жағынан, коронавирус мемлекеттің ішкі мүмкіндігін көрсетіп, алдағы күндердегі бағытын да айқындап бергендей. Яғни, Үкімет алдағы даму жоспарын жасау кезінде жеңіл өнеркәсіпті өркендетуге басымдық береді деген сенімдеміз. Отандық экономистер де осындай пікірде. Мәселен, Илияс Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің оқытушысы, экономика ғылымдарының кандидаты Балқия Шөмшекова «Қазақстан үшін «Қарапайым заттар» экономикасына арқа сүйетін уақыт келді» деген пікірде.

 - Мемлекетіміз дер кезінде төтенше жағдайды енгізе отырып, отандастарымызды «қарапайым заттар экономикасының» қажеттілігімен қамту арқылы, еліміздегі өмір сүру деңгейінің төмендеуіне жол бермеуге тырысты. Короновирустың етек алмауына мемлекеттік деңгейде тосқауыл қойып, оны еліміздің ерекшеліктерін ескере отырып жүргізілуі көңілге нық сенім ұялатты. Экономика тілімен айтқанда, «қоғам тауарды тұтынбай тұра алмайтыны сияқты, оны өндірмей де тұра алмайтыны белгілі». Яғни, алдағы уақытта әлемді жайлаған короновирус пандамеясы көптеген елдердің тұтынушылық қағидаларына, оның ішінде қазақстандықтардың өмір сүру салты мен әлеуметтік- экономикалық өміріне, елеулі өзгеріс әкелетіні анық. Сондықтан елімізде қалыптасқан экономика салаларына құрылымдық өзгертуді енгізу және оны жаңа талапқа сай бейімдеуге бет бұруы - отандық өндірістің қарқындылығын арттырудағы объективті қажеттіліктен туындап отыр. Бұл өзгеріс бүкіл қоғам тарапынан үлкен қолдауға ие болатын құптарлық іс деп санаймын. Өткені, ол ұлттық экономиканының түрлі салаларын жаңаша құруға және соған лайық жаңаша өмір сүру ортасын қалыптастыруға негіз болады және белсенді қызмет етуге деген қызығушылықтарды арттыруға өріс береді. Тоқ етерін айтқанда алдағы күндерде Қазақстан басқа да жаһандану табиғатында болатын түрлі ауытқымалы даму салдарынан туындаған қиындықтардан қорғанудың өзіндік жолдарын анықтап, әлеуметтік-экономикалық өмір сүру ортасын жаңаша құруға бейімделетіні анық, - дейді экономист Балқия Шөмшекова.

 

 

Алматы облысы