• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Аймақтар 12 Мамыр, 2020

11 мамырдан бастап Жамбыл облысында 650 бизнес нысаны ашылады

236 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссия отырысынан соң Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев өңірлік жедел штабтың кезекті отырысын өткізді. Жиында еліміздің алдында коронавирустық инфекцияның қайта өршуіне жол бермей, экономиканы қалпына келтіруге қатысты үлкен міндет тұрғаны айтылып, карантиннің Жамбыл облысында қаншалықты сақталатыны талқыланды.

11 мамырдан бастап өңірде шамамен 650 бизнес нысаны ашылып, онда 6500-ден астам адам жұмыс істейді. «Ең бастысы – адамдардың денсаулығы. Карантиндік режимді жеңілдету санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың сақталуына, коронавирустық инфекцияны таратпау жөніндегі қауіпсіздік шараларының сапасына ешқандай әсер етпеуі керек», деді Бердібек Сапарбаев.

Сондай-ақ, тұрғындар өмірінің барлық саласы бойынша цифрлық технологияларды дамытудың да маңыздылығы айтылды «Кәсіпорындар өз жұмысын кезең-кезеңімен бастайды. Ал басты міндет – әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштердің төмендеуінің алдын алу. Президенттің экономиканың жаңа құрылымы туралы тапсырмасына сәйкес энергияның балама көздерін енгізу қарқынын жеделдетіп, инвесторлардың мүмкіндіктерін кеңінен пайдалану қажет. Әрбір нысанның жеке даму жоспары болуы керек. Азық-түлік қауіпсіздігіне, жеке қосалқы учаскелерді дамытуға ерекше назар аудару маңызды. Ауыл тұрғындарының тұрмыстық табыстарын ұлғайтуға арналған пилоттық жоба сәтті жүзеге асырылуы керек. Соған орай алдағы уақытта жобаның еліміздің басқа да облыстарына таралуы жоспарлануда. «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен, тиісті министрліктермен тығыз байланыста жұмыс жасап, аймақтық экономиканы дамыту үшін жаңа жобаларды қолға алған абзал», деді  Бердібек Сапарбаев.

Сонымен қатар, ол көпқабатты үйлер мен әлеуметтік мекемелер салуға арналған үй құрылысы комбинатының мүмкіндіктері толық пайдаланылмай жатқанын, құрылатын өнеркәсіпті дамыту қоры арқылы жылдық мөлшерлемесі 3 пайыз болатын несие алу үшін нақты жобаларды дайындау қажеттігін айтты. «Жұмыспен қамтудың жол картасы» аясында барлығы 579 ғана жоба қолға алынған, бұл өте аз көрсеткіш. Аудандар мен қала әкімдері, жауапты басқармалардың басшылары 42500 теңге көлемінде жәрдемақы алу үшін БЖТ төлеген азаматтармен тығыз байланыста жұмыс істегені дұрыс. Оларға қайтадан өзін-өзі жұмыспен қамтығандар санатына енуге рұқсат етілмейді. Ол үшін жаңа жұмыс орындарын құру, көлеңкелі экономика деңгейін төмендету және салық базасын арттыру керек», деді Бердібек Сапарбаев.

 

Жамбыл облысы