• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Қазақстан 12 Мамыр, 2020

«5-10-20» бағдарламасының шарттары әлі белгісіз

595 рет
көрсетілді

Еліміздегі сұранысқа ие ипотекалық бағдарламалардың артықшылықтары мен кемшіл тұстары жайында  GSB UIB директорының орынбасары, экономист Мақсат Халықтан сұрап білдік. Оның айтуынша, Қазақстандағы тұрғын үй нарығында ең оңтайлы екі бағдарлама бар.

Бірі «7-20-25» ипотекалық бағдарламасы болса, екіншісі, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің 5 пайызбен беретін бағдарламасы. Бірақ бұл бағдарламаға қатысу үшін шартты түрде 3 жыл салымшы болу керек деген талап бар. Бірден 50 пайызын төлеген жағдайда пайыз мөлшерлемесі артады. 

̶ Енді күні кеше Президенттің тапсырмасымен «5-10-20» жаңа ипотекалық бағдарлама іске қосылатыны белгілі болды. Бұл халық үшін өте тиімді болмақ. Бірақ жаңа бағдарламаға кімнің ілініп, кімнің ілінбейтіні маңызды мәселе болып отыр. Бұған қатысты нақты анық ақпарат әлі жоқ. Тек тұрғын үй кезегінде тұрғандар ғана қатысуы мүмкін. Бұл жағы әлі белгілі емес. Бір білетініміз ипотекалық несие Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің еншілес ұйымы ретінде «Отбасы» банкі арқылы беріледі. Соның негізінде аталған бағдарлама жүзеге асырылады деп отыр. Нақты мемлекеттік бюджеттен бөлініп отырған сумма 390 млрд теңге «5-10-20»-ны жүзеге асыруға жұмсалмақ, ̶  деді М.Халық. Осы ретте 5-10-20 бағдарламасы қалай жүзеге асады деген сұрақтың туындауы заңдылық. Экономистің айтуынша, қазіргі біздің экономикалық жағдайымызды ескеретін болсақ, 5 пайызбен ипотекалық несе беру «ерлікпен» пара-пар. Себебі, Ұлттық банктің базалық пайыздық мөлшерлемесі 9 пайыз. Демек, одан төмен пайыздардың барлығы банктер үшін тиімсіз деген сөз.

̶ Яғни, банктер шығынға ұшырауы мүмкін. Осы ретте 7-20-25 бағдарламасында 7 пайызбен несие берілді ғой деген сұрақ туындайды. Себебі, 7-20-25 бағдарламасын Ұлттық банк баспана қорын құру арқылы жүзеге асырды. Бұл бағдарламаның қаржыландыру жүйесіне келер болсақ, әрбір келісімшарттарды жинақтап, сол пулдан құнды қағаздар шығарады. Содан түскен қаржыны ипотекалық бағдарламаны әрі қарай жүзеге асурға жұмсайды. Бұл бағдарламаға алғашқы жарна ретінде зейнетақы қорынан 200 млрд теңге аударылған болатын, ̶  дейді М.Халық. Сарапшының бұл пікірін «Қазақстанның орнықтылық қоры» АҚ Сыртқы байланыстар қызметі де растап отыр. Яғниғ, 7-20-25 бағдарламасы бюджеттен не Ұлттық қордан қаржыландырылмайды. Нарықтық механизмдер арқылы қаржы табады. Бағдарлама операторы - Қазақстанның орнықтылық қоры облигацияларын Қазақстан қор биржасына шығарып, одан түскен қаржыны аталған бағдарламаға бағыттайды. Осы ретте жаңа «5-10-20»-ның қаржыландыру жүйесі қандай болатынын М.Халық былай түсіндіреді:

̶ Негізінен 5 пайыздық мөлшерлеме жаңа Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі қарамағынан ашылатын «Отбасы» банкіне табыс табуына мүмкіндік бермейді. Тіпті, 5 пайыздық мөлшерлемемен өзін-өзі ұстап тұруы да екіталай. Банк табыс табуы үшін 10 пайыздың үстінде болуы тиіс еді. Меніңше, мемлекеттен бөлінген 390 млрд теңге «Отбасы» банкін ұстап тұруға субсидия ретінде берілмек. Яғни шығындары мен жетпеген тұсын мемлекеттің қаражаты есебінен жабады. Бірақ бұл банктің әлі нақты жүзеге асу механизімі анық емес. Егерде расымен, кең ауқымды қамтып, 5 пайызбен ипотекалық баспана алуға мүмкіндік туатын болса, халық үшін ең тиімді бағдарлама болайын деп тұр, ̶  дейді GSB UIB директорының орынбасары.

Ескеретіні, биылғы қаржылық қысылтаяң кезінде еліміздегі екінші деңгейлі банктердің жағдайы қиындап кетті. Салымшылардың несиені өтеу бойынша үш айға алған демалысы банктердің кірістен қағылуына кері ықпал етіп отыр. Осыдай қиын кезеңде банктерге 5 пайызбен несе беру ауыр соққы болатынын түсінуіміз керек. 

Айта кетерлігі бұған дейінгі «7-20-25» бағдарламасына іліне алғандар да алмағандар да болды. Бұл бағдарлама арқылы баспана ала алмағандардың да қарасы қалың болғанын ескеруіміз керек. Оның себебі, бастапқы жарна ретінде құятын 20 пайыз қаражаттың болмауы. Ондан бөлек, ипотекаға қатысуға ниет білдіргендердің өз басында бірнеше несиесі бар болып шықты. Ал жаңа «5-10-20» бағдарламасының ауқымы қаншалықты кең болмақ? Бұған қатысушылар үшін қойылатын шарттар ақылға қонымды ма? деген белі бүкір сұрақтың туындауы заңдылық. Бұл қазіргі уақыттағы басы ашық негізі мәселе болайын деп тұр. Айта кетерлігі, «Тұрғын үй құрылысы жинақ банкі» АҚ басшылғы да, баспасөз қызметі де жаңа бағдарламаның мән-жайын ашық айтуға асықпайды. Себебі, жалпы санда бар да санатта жоқ бағдарламаның жалпы шарттары мен ережелері қазіргі уақытта дайындалу үстінде. Банк басшылығы жоба Үкіметте бекітілгеннен кейін жарияланады деп сендіріп отыр.