• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Білім 13 Мамыр, 2020

Қашықтан оқу: телеарна терең білім бере ме?

218 рет
көрсетілді

Алматы облысындағы 760 мектепте 411 036 оқушы білім алады. Бүгінде барлық білім ошақтары төтенше жағдайға қатысты қашықтан оқытып жатыр. Дерек бойынша «Балапан» және «Еларна» арналары арқылы оқитын оқушылардың мұғалімдермен кері байланысы үшін қажетті компьютер, ноут­бук, планшет, смартфонмен 93 пайызға қамтылған.

Бастапқыда мұғалім мен оқушы арасын онлайн байланыс арқылы жалғау жоспарланғанымен, өңірдегі шалғай ауылдардың ғаламторға қосыла алмауынан бұл мүмкін болмады. Енді облыстың барлық оқушылары телеарналар арқылы оқып, кері байланыс үшін kundelik.kz ақпараттық жүйесін қолданады. Ал интернет байланысы жоқ ауылдарда бұл қызметті пошташы мен еріктілер атқарады. Сондай-ақ аймақтағы ерекше жағдайда білім беретін арнайы мектептер мен интернаттардағы білім беру барысына да өзгеріс енгізілді.

– Облыс бойынша 173 оқушы тапсырмаларды қағаз форматында алады. Ерекше білім беруді қажет ететін балаларға да жете көңіл бөлінуде. Облыста 7 арнайы интернат бар, оның біреуі есту қабілеті нашар балаларға арналған, тағы бірі көру қабілеті нашарлаған балаларды оқытады және 5 интернатта интеллектінде ауытқушылығы бар балалар білім алады. Жалпы оқушы саны – 935 бала. Бұл арнайы мектептердің алтауы қашықтан оқытуға көшеді, тек Жаркент қаласындағы жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған әрі интеллектінде ауытқушылығы бар балаларға арналған арнайы мектеп-интернаттың 35 баласы штаттық тәртіпте оқытылады, – дейді Алматы облыстық білім басқармасының басшысы Майгүл Омарова.

Облыста 41 397 педагог қызмет істейді екен. Бүгінде мұғалімдер компьютерлік техникамен 100 пайыз қамтылған. Олардың оқушылармен кері байланыс орнатуы үшін интернетке қолжетімділігі 95 пайызға жетті. Ал ғаламтор желісі жоқ елді мекендерде тұратын 2258 мұғалім курьерлер мен волонтерлардың көмегімен жұмыс жасамақ.

– Біз елімізде карантин енгізіліп, мектеп оқушылары қашықтан оқитыны анық болған күннен бастап қарқынды дайындығымызды бас­тап кеттік. Ұжым болып алғаш рет WhatsApp желісі арқылы педагогикалық кеңесімізді өткіздік. Әр мұғалім тығырықтан шығар жолды іздеп, өз тәжірибелерімен бөлісу үшін тапсырмалар алды. «Кемедегінің жаны бір» демекші, заманауи техниканы меңгерген жас буын аға буын ұстаздарға өз тәжірибелерін бөлісіп, мүмкіндігінше үйретуге тырысты. Жалпы алғанда, мұғалімдер қашан да ізденімпаз, көнбіс болғандықтан, бұл қиындықты еңсеруге бейімделіп қалды. Кемшіліктер мен жетіспеушіліктер де жоқ емес. Мысалы, еліміздегі интернет мәселесінің күрмеуі толық шешілмей тұр. Бұл – мұғалімнің дайындаған видео сабағын оқушыға жеткізуге, сол арқылы кері байланыс орнатуға біршама ауыртпалық түсіруде, – дейді Талғар ауданы Кеңдала ауылындағы №38 мектептің мұғалімі Ғабит Дайынов.

 

Алматы облысы