12 мамырдан бастап сағат 07:00-ден 21:00 аралығында қаладағы қоғамдық көлік жұмысын қайта бастады. Алғашқы күні қоғамдық көлікті 146 907 жолаушы пайдаланды, оның ішінде 2 787 оқушы, 36 884 әлеуметтік жеңілдікке ие азаматтар. 13 мамырда 205 295 жолаушы, оның ішінде 48 418 жеңілдікке ие адамдар болса, 3 686 оқушы бар. Карантин енгізілгенге дейін жолаушылар легі күніне 762 мың адамды құраған болатын. Бұл туралы қала әкімдігінің ресми сайты хабарлады.
«Бүгін желіде барлық қалалық бағдарлар жүріп жатыр. Қала аумағына қатынайтын бағдарлар екінші кезеңде жүретін болады, ол туралы қосымша хабарлаймыз», - деді City Transportation Systems (CTS) компаниясының басқарма төрағасы Бекмырза Игенбердинов.
Қоғамдық көліктер жұмысын бастаған алғашқы күні желіге 450 автобус шықты. Ал 13 мамырда – 490, 14 мамырда – 530 автобус. Карантинге дейін желідегі автобустардың саны 872 құраған болатын.
«Барлық автобустар бұрынғыдай дезинфекцияланады. Автобус жүргізушілері қауіпсіздік шараларын сақтайды: маска мен қолғап киіп, антисептик пайдаланады. Сондай-ақ санитарлық нормаларды жолаушылар да сақтауы тиіс. Қазір жүргізушілерге қойылып отырған талап – автобуста жолаушылар жүктемесі 50%-дан аспауы керек. Басқа уақытта автобустарға түсетін орташа жүктеме 15% құрайды, ал жұмысқа баратын және қайтатын сәтте, яғни қарбалас кезінде бұл талаптар орындала бермейді», - деді Игенбердинов.
Бұдан бөлек, қоғамдық көлікте жол ақысын қолма-қол ақшасыз төлеу керек. Ол үшін көлік картасын немесе басқа да балама әдістерін: SMS, QR-код және мобильді қосымшаны пайдалануға болады. Айта кетейік, карантинге дейін автобустардағы қолма-қол ақшасыз төлем 98% құрады.
«Карантин кезінде алынған айлық жолақы билеті автоматты түрде пайдаланушылардың көлік картасына ауыстырылды. Жолақы 12 мамырдан 11 маусымға дейін жарамды», - деді басқарма төрағасы. Еске сала кетейік, биыл 28 наурыздан бастап қосымша тарифтік жоспар іске қосылды. 18 жасқа толған балалар көлік картасы болса қаланың қоғамдық көліктерінде тегін қатынай алады.