• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Білім 15 Мамыр, 2020

Мектеп кітапханашысының мәртебесі қандай?

5240 рет
көрсетілді

Мектеп мұғалімдері үшін 2020 жыл жақсы жаңалығымен келді. Олардың айлық жалақысы көбейді. Бұл қала мектебінің де, ауыл мектебінің де мұғаліміне ортақ қуаныш. Бірақ мұғалімдердің айлығын көбейткен кезде ескерілмей қалған мамандар бар. Олар – кітапханашылар.

Мектепте мұғалім­дермен бірдей қызмет етіп, ба­ла тәр­биесіне де, қоғамдық іс-ша­раларға да белсене араласып жү­ретін кітапханашылар неге ес­керілмей қалды? Редакцияға барша қазақстандық мектеп кітапханашыларының атынан хат жазған Нұрсұлу Сембиева есімді автор осы сұрағына тиісті мекемелерден жауап алғысы келеді, жауапқа қоса нақты нәтиже күтеді. Шымкенттік Нұр­сұлу Сембиева редакцияға жол­даған хатын Facebook әлеу­меттік желісіне де салыпты. Айта кетейік, автордың бұл жазбасын бөлісіп, пікір жазып, ұнату белгісін қойған адамдар саны мол.

Сонымен автор не дейді? Автор­­дың қозғап отырған мәсе­лесі тек айлық жалақыны көбей­ту тұрғысында ғана емес. Ол ең алдымен мектеп кітапха­нашысының мәртебесі қандай екенін білгісі келеді. Әрине мектеп кітапханашысының кім, атқаратын міндетінің қандай екені тиісті ресми қағаздарда қолмен қойғандай ғып жазулы тұрғанына күмәніңіз бол­масын. Бірақ автор бүй дейді: «Қазіргі таңда мектеп кітап­ханашылары жақсы күндерді төзім­ді­лік­пен күтіп жүрген адамдар санатына кіріп отыр. Мек­теп кітапханашыларының дәре­жесі – аса маңызды және ауыр мәселе. Себебі мектеп кітапха­на­­шыларына заң тұрғысынан да, адам факторы тұрғысынан да қолдау көрсетілмеген. Оның айқын дәлелі мектеп кітап­ханашыларының бір уақытта мынадай қызметтерді атқаруы: мектеп кітапханасының меңге­ру­шісі, мектеп кітапханашысы, абонемент библиографы, оқу залының кітапханашысы, мектеп кітапханасына кітап тасушы, мектеп кітапханасының тазалау­шысы. Жоғарыда көрсетілген қызметтерді атқарып жүрген кітапханашылар тарапынан мына­дай сұрақ туындап отыр. «Мек­теп кітапханашысының мәр­те­бесі қандай?» Мек­теп кі­тапханашылары гумани­тар­лық білім ала отырып, мектеп ұжымында техникалық қыз­­меткер боп табылады. Бұл қан­шалықты дұрыс?».

Осы қоғамда өмір сүріп жат­қан қай-қайсымыз да мектепте білім алдық. Әр мектеп­те бір кітапханашы немесе ұза­ған­да екі кітапханашы бола­тынын жақсы білеміз. Олар­дың қызметі де оқушының көз алдында. Яғни айтайын де­ге­­нім, автордың жоғарыдағы сөз­­дері тексеруді қажет ететін, қиыспай тұрған сөздер емес. Расында да біз олардың бір өзі бір­неше міндетті атқаратынын өз көзі­мізбен көргенбіз. Әйтсе де олардың «педагог» болма­ған­дықтан, мектеп мұғалімдерімен мәртебесі бірдей еместігін біл­мейді екенбіз.

Мектеп кітапханашылары техникалық қызметкер болған­дықтан, олардың айлығы өте аз. Жаңа жылдан бас­тап мек­теп мұғалімдерінің жа­ла­қысы өскен кезде мектеп кі­тапханашысының айлығы жалақысы сол күйі өзгермей қал­ған. Біз өзі салыстырғанды жақсы көреміз ғой. Мысалы, статистика комитетінің мәліметіне сенсек, 2018 жылы елдегі орташа айлық жалақы 152,4 мың теңге болған, ал 2019 жылдың алғашқы үш айында орташа айлық жалақы 10,5 пайызға өсіп, 168,5 мың теңгені құраған. Енді дәл осы комитеттің сайтында қаңтардағы бағалау бо­йынша орташа айлық жалақының көр­сеткіші – 197 950 теңге. Яғни орташа айлық жалақының соң­ғы үш жылда бірнеше пайыз­ға өскенін көреміз. Бірақ мектеп кітапханашыларының ай­лығы осы орташа айлық жала­қының шеніне де маңайлай ал­майды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр халыққа арнаған жолдауында «Біз мәдениет саласында жұмыс істейтін азаматтарға жеткілікті түр­де көңіл бөлмей отырмыз. Бұл – ең алдымен кітапхана, музей мен театр қызметкерлеріне қа­тысты мәселе. Олардың ең­бекақысы соңғы жылдары мүл­дем көбейген жоқ», деп айт­қан болатын. Көңілге демеу болатын жалғыз нәрсе – Мем­­лекет басшысының өзі кі­тапханашылардың жағдайы­нан хабардар. Осы жерде айлық жалақыны көбейтудегі ала-құла­лық туралы аз да болса айтып өткіміз келеді. Үкі­мет мәдениет саласы­ қыз­­мет­керлерінің айлық жа­лақы­сын қанша жерден көбейт­кісі келгенімен, заңдардағы ол­қылыққа байланысты ойдағы шаруа жүзеге аспай жатады. Себебі елдегі мәдени ұжым­дардың барлығы да Мәдениет және спорт министрлігіне бағынысты емес. Республикалық деңгейдегі бірқатар ұйымнан басқасы жергілікті атқару­шы биліктің, дұры­сы әкімдіктердің құзырын­да. Сондықтан мектеп кітап­ха­на­шысы өзін мәдениет сала­сының қызметкерімін деп санағанымен, оның айлық жа­лақысы жергілікті бюджет есебінен қарастырылады. Бұл тек мектеп кітапханашысына ғана емес, мәдениет саласына жаппай қатысты мәселе. Расында да біздің қоғамда ең аз айлық жалақыны мәдениет саласының өкілдері алады. Кітапханашылар, музей, мұ­рағат қызметкерлері, театр әртістері, балет бишілері, т.б. Ара-арасында олардың ай­лық жалақыларын шамалап көтеріп отырғанымен, жоға­рыда айтқанымыздай бірі респуб­ликалық, бірі жергілікті бюджетке қарағаны себепті, бірінікі өсіп, екіншілерінікі өспей қалады. Мектеп кітапханашыларының жанайқайын да осы тұрғыдан қарастыру керек деп есептейміз.

Жоғарыдағы хат иесі мек­теп кітапханашыларына қа­тысты шешімін табуы тиіс деп төмендегі мәселелерді көрсе­теді:

1.Мектеп кітапханашы­сының мәртебесін анықтау. Яғни педагогикалық ЖОО-ның педагог-библиограф ма­ман­ды­ғын бітіргендерін ес­керіп, «педа­гог-кітапханашы» мәртебесін беру.

2.2020 жылдың 1 қаңта­рынан бастап мұғалімдермен бір­дей айлық жалақымызды көтеру.

3.Мектеп кітапханасы аума­ғы бойынша мектеп ішіндегі ең үлкен кабинет болып са­нала­ды. Кітапханаға мектеп кітапханашысы жауапты бол­ған­дықтан «кабинет» үшін ақы төлеу.

4.Еңбек демалысына 56 күн беру.

Міне, мектеп кітапханашы­лары өз жанайқайларын осылай білдіріп отыр. Айтпақшы, осы жуырда ғана Мәжіліс депутаты Магеррам Магеррамов пленарлық мәжіліс барысында Премьер-Министр Асқар Маминнің атына депутаттық сауалдама жолдады. Депутат мектеп кітапханашысының ай­лық жалақысын көтеру мә­селесі мен олардың қызметтік мәртебесін анықтау туралы айтты. Әрі қарай мәселенің қалай шешілетіні жоғары лауазымды қызмет атқаратын тұлғалардың ниеті мен амалына тәуелді.