Ақ адал еңбегімен жердің бабын тауып, берерін молайтып келе жатқан тұтас бір әулеттерді көргенде сабақтастықтың сәтімен оралғанына іштей тәнті боласың. Сандықтау ауданындағы Абуевтер әулеті де бақытын еңбектен тапқан, ынтымағының арқасында ырысын молайтқан жандар.
Табиғаты таңдай қақтыратын әсем ауданның топырағы айрықша құнарлы. Әсірелеп айтқанда, «жетек шаншысаң, арба өсіп шығады» дейтін-ақ жер. Адамдары да жомарт жердің игілігін маңдай терімен молайтып жүрген еңбек ерлері. Бір айта кетерлігі, тұтас әулетімен егін егіп, ақық дән өсіргендер көп-ақ. Мәселен, тындырымды жұмыс, нәтижелі еңбектің арқасында атақтары аспандап тұрған Оразалин, Закусилов, Дохаев және Абуевтер әулеттерін ілтипатпен айта кетуге әбден болады.
Абуевтер отбасы төрт ұрпақтан бері егіншілікпен айналысып келеді. Отбасындағы жеті ағайындының бәрі кіндік қаны тамған көркем өңірден қарға адым ұзамай, егіншіліктің жалынан ұстаған. Өздерінің айтуына қарағанда, әр күн сайын алқап басынан табылмаса, ішкендері ас болмайды.
Ынтымағы жарасқан ағайындылар дәл қазір алты заманауи егіс кешенімен қара бұйра топырағы жылқының қартасындай туырыла төңкеріліп жатқан алқапқа дән сіңіруде. Көктемнің бір күні жылға азық екендігін бала жасынан бойына сіңірген диқандар бір тәулікте 800 гектардан астам жерді қамтып үлгереді. Осы қарқыннан танбаса, айналдырған 10-12 күннің ішінде диқаннан жоғары жауапкершілікті талап ететін көктемгі егісті аяқтап шықпақ. Дәл қазір егістік жері бабында, техника да ақаусыз жүріп тұр.
– Ата-бабамыздың осы бір қасиетті жерге қоныстанғаны біз үшін бақыт болып оралды, – дейді «Спасское Агро» серіктестігінің директоры Магомед Абуев,–егіншілік біздің маңдайымызға жазылған дүние, ата дәстүр десек те болар. Көзімізді ашқаннан әкеміздің шалғайына жармасып, егістік алқаптан шыққан емеспіз. Жерге не қажет екендігін, бізден не тілейтіндігін жүрегімізбен түсінеміз. Берерін берген соң жер де жомарт. Әйтпесе, тарылып қалуы оп-оңай. Бұл арада ең бастысы еңбек. Біз еңбек қадірін отбасында үйренген, адал еңбекті ата дәстүріне айналдырған адамдармыз.
Серіктестік биыл 11 мың гектар егістік алқабына дән себуді жоспарлаған екен. Негізгі бөлігі бидайдың қатты және жұмсақ сорттары. Екі жарым гектарға арпа егілмек. Майлы дақылдардың да көлемі өткен жылмен салыстырғанда біршама кеңейтілмекші.
Бүгінгі таңда серіктестікте 70 адам еңбек етеді. Олардың барлығы жергілікті жерде тәп-тәуір еңбекақыларын уақтылы алып отыр. Абуевтер әулеті жетпіс адамға жұмыс беріп, сол арқылы жетпіс отбасын асырап отыр десек те артық емес.
Серіктестіктің машина-трактор паркі толық жаңартылған. Сондықтан жауапты науқан кезінде кідіріс жоқ. Оның үстіне жақсы еңбекақы алып отырған соң диқан механизаторлар да өздеріне тапсырылған жұмысты ұршықтай үйіреді.
– Отыз жылға жуық техника тізгінін ұстап келемін. Бұрын көнерген техникамен жұмыс істесек, енді міне, қуаты мол жаңа кешенге де қолымыз жетті, – дейді майталман механизатор Виталий Литвинов, – оншалықты қиындығы жоқ екен. Екі жылдың ішінде меңгеріп алдым. Алымдылығы күшті, бір тәулікте 120 гектар алқапқа дәнді еркін сіңіремін.
Сөз соңында жомарт жердің игілігін көріп отырған әулеттің алаған қолы береген де екен. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында мектеп жасына дейінгі балаларға арналған шағын орталықты жұмыртқадай жұтындырып, жөндеп беріпті. Оның үстіне алты миллион теңгеге қажетті жабдықтар сатып әперген. Мектеп оқушыларының ыстық тамағы да серіктестіктің мойнында. Өткен жылы заманның талабына сай қоғамдық монша салса, биыл наубайхана, дәмхана тәрізді әлеуметтік нысандарды пайдалануға бермек.
Көгеріп көктем шыққалы алқап басында жүрген ағайынды диқандар ел жайын да естен шығармайды. Жер аяғы дегдісімен елді мекенді абаттандырып, көгалдандыру жұмысын қолға алған. Қазір қай тарапқа қарасаң да, ұқыпты қолдың табы анық байқалады. Осының барлығы ыждағатты тіршілік, ұйымшылдықтың арқасында мүмкін болып отыр. Адал еңбекті ата дәстүрі санау, сол дәстүрге адал болу қандай ғанибет десеңізші. Игілігін өздері ғана емес, жалпақ жұрт та көріп отыр.
Ақмола облысы,
Сандықтау ауданы