Бұл туралы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов «Пандемия жағдайындағы Қазақстанның білім беру жүйесі» атты мақаласында айтты.
«Дәстүрлі білім беру формасынан ешкім бас тартқан жоқ. Балалар, ата-аналар, мұғалімдер мен министрлік қызметкерлері – бәріміз бүгінгі таңда мектеп қабырғасында дәстүрлі форматта оқыту ең тиімді әрі қолайлы екенін түсінеміз. Қашықтан оқыту технологиялары қосымша мүмкіндік, балама ретінде, бағдарламалардың икемділігін қамтамасыз ету шарты ретінде қарастырылады», - деді министр.
Сондай-ақ министр қашықтан білім беру кезінде мектеп пен мұғалімнің жұмысы көбеймесе, азаймайтынын атап өтті.
«Біз бұл технологияны ауа райының қолайсыздығына байланысты оқушыларды сабақтан босатқанда немесе баланың денсаулығына байланысты үйінде оқуға мәжбүр болғанда не шағын жинақты мектеп оқушыларының білім алуына қосымша мүмкіндіктерді қамтамасыз ету қажет болған жағдайда қолданатын боламыз», - деді ол.
Министрдің жазуынша, қалалармен қоса ауылдарда да нақты жағдайларды көру керек және шешім қабылдағанда барлық мүмкіндікті ескеру керек. Әлі де болса көп нәрсені қайта қарастырып, қорытынды жасап, жаңа стратегияларды әзірлеу керек.
«Алда күтіп тұрған жаңа сынақтардан өту үшін ескі тәжірибе дәрменсіз болуы мүмкін. Біздің міндетіміз – жаңа, тың шешімдерді іздеу. Осыған байланысты біз отандық және шетелдік тиімді тәжірибелерді жинақтап, оларды білім беру процесіне енгізуді жоспарлап отырмыз», - деді министр.