2020 жылы республикалық маңызы бар жолдардың 1089 шақырымы қалпына келтіріледі. Былтыр бұл көрсеткіш 1101 шақырым болған еді, деп хабарлады ИИДМ баспасөз қызметі.
Жолдардың 546 шақырымы ресайклинг әдісімен жөнделсе, кедірлі-бұдырлы беттік өңдеумен жолдардың 287 шақырымы қамтылады. Асфальт-бетон жабындысы жолдардың 172 шақырымында жаңартылып, 85 шақырым жол микросюрфейсинг технологиясымен жөнделеді.
Биыл жөнделетін жолдардың біразы Қарағанды облысына тиесілі болады. Мұнда «Қызылорда-Павлодар-Успенка-РФ шекарасы», «Қызылорда-Павлодар», «Жайрем-Қаражал-Атасу», «Жезқазған-Петропавл», «Ақшатау-Ағадыр-Ортау», «Қызылорда-Павлодар», «Нұр-Сұлтан – Қабанбай батыр – Энтузиаст – Киевка – Теміртау» және «Қарағанды – Аягөз – Тарбағатай – Бұғаз» жолдары жөнделеді деп жоспарланған. Орташа жөндеуден өтетін жолдардың жалпы ұзындығы - 279 шақырым.
Орташа жөндеу жұмыстары жүргізілетін жолдардың ұзақтығы бойынша екінші орында Қостанай облысы тұр. Өңірде биыл жолдардың 110 шақырымы жөнделеді. Атап айтқанда, «Денисовка-Жітіқара-Мықтыкөл-РФ шекарасы», «Мамлютка-Қостанай», «РФ шекарасы (Екатеринбург)-Алматы» жолдары жөндеуден өтеді.
Ақмола облысында жолдардың 107 шақырымы жаңартылады. Жөндеу жұмыстары «Көкшетау-Атбасар», «Нұр-Сұлтан – Петропавл», «Көкшетау – Кішкенекөл – Бидайық – РФ шекарасы (Омбы), «Бурабай курорттық аймағына апаратын жол», «Көкшетау бұрма жолы» және «Нұр-Сұлтан – Ерейментау – Шідерті» жолдарында жүргізіледі.
Еске салайық, Қазақстандағы республикалық маңызы бар жолдардың жалпы ұзындығы 24888 шақырымды құрайды.