Бүгінгі таңда Жамбыл облысында жергілікті атқарушы органдар «Жұмыспен қамтудың жол картасы» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруда.
Дегенмен, Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев жұмыс қарқынының ойдағыдай еместігін айтып, бірқатар аудандарды сынға алды. Мәселен, Шу ауданында бар-жоғы 3 жоба ғана қолға алынған. Ал, аталған бағытта Қордай ауданында қарқынды жұмыстар жүргізілуде екен. Қазіргі кезде құрылысы басталған 124 жоба бойынша 12450 жұмыс орны құрылған. Ал, Байзақ ауданында 70 учаскеде жөндеу-құрылыс жұмыстары басталған. Бүгінде ауданда 915 жұмыс орны ашылған болса, оның жартысы аудандық жұмыспен қамту орталығы арқылы жолдама алған ауыл тұрғындары екен.
«Жұмысты әу бастан дұрыс жүйеге келтіру керек. Жалпы, аймақта 128 жоба бойынша жұмыс әлі басталмаған. Уақыт өтіп жатыр. Жұмысты тездетіп, бірінші жартыжылдықта бөлінген қаражаттың басым бөлігін игеру қажет. Сонымен қатар, құрылыс-жөндеу жұмыстарының сапасын назарда ұстаған абзал», деді Бердібек Сапарбаев.
Сондай-ақ Бердібек Сапарбаев ауылшаруашылық дақылдарының егістік алқабын кеңейтуді де тапсырды. Атап айтқанда, Жуалы ауданында картоп плантацияларын көбейту керектігін, осылайша, нарықта құны өскен бұл өнімнің бағасын төмендетуге мүмкіндік туатынын айтты. Сонымен қатар, аудан әкімдеріне ауыл тұрғындарының тұрмыстық табысын арттыруға бағытталған пилоттық жобаны белсенді түрде ілгерілету керектігін де жеткізді. Талдау көрсеткендей, кейбір ауылдық округтерде бұл бағыттағы жұмыстардың әлсіз атқарылуда екенін ескертті. Сонымен қатар, жиында соңғы күндері азық-түлік тауарларының жекелеген түрлерінің бағасының қайтадан көтерілгендігі туралы да айтылды. Басқосу барысында елдімекендерді абаттандыру және санитарлық тазалау мәселесі де сөз болды. Бұл тұрғыдағы шаралар тұрақты түрде жүргізілуі керектігіне көңіл бөлінді.
Сондай-ақ кімдердің тұрғындармен кері байланысты ұйымдастыру туралы, жергілікті атқарушы органдардың азаматтардың әлеуметтік желілердегі сын-ескертпелеріне, бұқаралық ақпарат құралдарындағы сыни жарияланымдарына жауап беруге қатысты есептері тыңдалды.
Жамбыл облысы