Тереңкөл ауданына қарасты Тегістік ертеректен бері сақталып қалған шағын ауыл. Қуғын-сүргін кезінде ауылға келген 25 неміс отбасының ішінде Шнайдерлер де болды. Кейін Тегістікте Бишельдер, Шнайдерлер ғана тұрақтап қалды. Біз сол ауылға барып, Шнайдерлер әулетінің келіні Валентина Николайқызымен, оның ұлы Владимир Шнайдермен кездесіп, әңгімелескен едік.
Алыстағы ауылға баруымызға Валентина апайдың ұлы Владимир Шнайдердің қуғын-сүргін жылдары жайлы айтқан әңгімесі түрткі болды. Ал Тегістікте туып-өскен Владимир Шнайдерді филолог, түрколог, қазақ тілінің білгірі деуге болады. Қазақ тілінің граматикасы мен фонетикасына қатысты 40-тан астам ғылыми еңбек жазған ғалым.
Қиын жылдары неміс ұлтының өкілдерін бауырына басқан қарапайым қазақ ауылын, Шнайдерлер әулетінен қалған отбасын көргіміз келді...
«Әулетіміздің басынан өткен қуғын-сүргінді еске алу бізге де оңай емес. Арамызда көңілі жаралы, бізден басқа да өзге ұлт өкілдерінің ұрпақтары жүр. Біздің әжеміз бен атамыз Солтүстік Кавказ, Краснодар өлкесінен Лида, Ольга, Сара, Роза атты қыздарымен жолға шығады. Жер аударылып жылап-сықтап, кетіп бара жатқан жұрт қайда бара жатқандарын да білмейді. 1941 жылы келгендерді, сол кездегі саясат нұсқауымен немістердің бәрін бір жерге шоғырландыруға қауіптеніп, ауылдарға 20-30-дан бөліп тастайды. Шнайдерлер Тегістікте қалады. Мұнда келген соң атамызды «трудармияға» Қарағанды жаққа алып кетеді де, 1946 жылы ғана оралады. Сол кезде әжеміздің аяғы ауыр екен. Әкеміз Александр 1943 жылы Тегістікте дүниеге келіпті. Әкем 7 жасқа келгенде қуғын-сүргін зобалаңы, «трудармияның» ауыр азапты жұмысы денсаулығына әсер етіп, атамыз қайтыс болады», дейді Владимир Александрұлы.
Шнайдерлер отбасындағы кейінгі буын, үлкендер жағы – Лида, Ольга, Сара, Роза апаларынан қиын жылдар туралы әңгімелерін естіп өседі. Олар бауырларына өздерін желтоқсан айында жүк таситын, мал артатын вагондармен әкелгенін айтатын. Тіпті, кейбір оқиғаны інілері Александрға да айтуды құп көрмейді. Бұл жөнінде Владимир Александрұлы былай дейді:
«Бұл туралы көп жыл өткенде барып бір-ақ білдік. Әкем марқұмның өзі де бірге туған ағалары болғанын білмеген... Әжеміз де ешқашан айтпаған. Тегістіктегі ауылдық кеңесте жұмыс істеген бір ақсақал үйіндегі ескі пешті бұзған кезде, күл-қоқыстың арасынан бір паспорт шыға келеді. Қараса, атамның паспорты! НКВД-ның тас мөрі басылған: «Осужден по статье 58» деген жазуына дейін бар. Отбасы жағдайы деген бөлігінде екі ұл бар екені, бір баласы Александр Андреевич Шнайдер 1938 жылы, екіншісі Владимир Андреевич Шнайдер 1940 жылы туғандығы жазылған. Лида, Ольга, Сара, Роза апаларынан жастары кіші. Бұл екі баланы вагондарды бомбылаған кезде өліп кетуі мүмкін немесе жолды көтере алмайды деп, олардың өмірлерін сақтап қалу мақсатында жолай тоқтаған стансалардың біріне қалдырып кетеді. Балаларды алып қалғандарға оларды сондағы балалар үйіне тапсырыңдар деп аманаттайды... Біздің әкеміздің есімін атамыз бекерден-бекер Александр деп қоймағанын, өзінің үлкен ұлының атын бергенін сонда білдік. Ағама Александр, өзіме Владимир есімі берілуінің себебі де әкемнің әлдебір стансада шырылдап қалған, кейінгі тағдыры белгісіз екі бауырының есімдерімен тікелей байланысты екені анық. Өйткені әкеміз сол бауырлары туралы білмей өссе де, құрсағын жарып шыққан балаларын әжеміз қалай ұмытсын! Демек, әжеміз бізге, яғни немерелеріне әлдебір стансада қалған қос перзенті Александр мен Владимирдің есімдерін берген».
«Сіздер оларды іздестіріп көрдіңіздер ме?» деген сұрағымызға В.Александрұлы: «Күні бүгінге дейін әкеміздің ағаларының тағдырын, өлі-тірісін білмейміз. Бір үміт, бір күдік... Бір дерек шығып қалар деп әлі іздестіріп жүрміз», деп қысқа жауап берді.
«Аталарыңның пештен табылған төлқұжатындағы деректер туралы әкелеріңіз білді ме?» деген сауалымызға орай Владимир былай деді: «Әлгі табылған паспортты әкемізге көрсетпегенді жөн көрдік. Оны көрсеткен күннің өзінде әкемді алдын ала дайындау керектігін түсіндік. Алайда жиен ағам сол паспортты әкемізге көрсетіп қояды. Ондағы мәліметтер әкейге жеңіл тимегені белгілі. Өмірі ауырмаған, зор денелі адам еді, паспортты, ондағы мәліметтерді оқығаннан кейін бірден қайтыс болып кетті...
Әкемізді жерлеу рәсіміне келгенде апаларым немісше, ал мен қазақша, мұсылманша жөнелтейік деп, екіге бөліндік. Өмір бойы қазақтың арасында, ауылда өскен адам. Табытқа салдық. Крест ештеңе қойған жоқпын. Қазақша ас бердік. Құран оқылды. Үшін, жетісін, қырқын бердік. Сөйтсек ауыл осылай жасауымызды күткен екен. Бірақ бізге айтуға батпаған. Әкемізді қазақ деп кеткен ғой. Атамыздың моласы да мұсылман зиратында. Әкем ауылда батаның, дұғаның ішінде жүретін. Батадан қалып қою деген әкем үшін күнәдай көрінетін. Өзі де ауылдағы жерлеу рәсімдерін өткізіп жүрді. Бұрынғы қазақтардан көрді. Ылғи ауылдың ақсақалдарымен бірге жүрді. Әкемді жерлеген соң, молда апарып құран оқыттым. Мәрмәр тастан басына ескерткіш орнаттық. Тірісіндегі аманаты – атамекен Тегістікте, қазақ жерінде қалыңдар дегені. Әлі есімде, әкем әжем қайтқанда да зират басына молда апарып Құран оқытқан еді».
Өткен ғасырдың 90-жылдары өзге ұлт өкілдері атажұртына көшіп жатқан кез. Сол кезде «Біз не қарап отырмыз, немістердің бәрі кетіп жатыр...», деп әзілдесе, марқұм әкесі Александр «Қайдағы жоқты айтпаңдар!» деп ренжіп қалады екен.
Владимирдің ағасы, інілері, қарындастары бәрі Тегістіктегі мектепте білім алды. Осы күнге дейін бір таңғалатыны – ауыл балалары бала кезде, сен неміссің, сен қазақсың деп бөле жармапты. Олар тіпті Шнайдерлердің неміс ұлтының балалары екенін де білмеген.
«Қазақ тілі – бүкіл өміріме айқын жол ашты. Үйде бұрын да, қазір де қазақша сөйлейміз. Әжемнің қолында тәрбиелендім. Әкемнің апалары жиналғанда ғана бәрі немісше сөйлеседі. Әжем ылғи да неміс тілінде сөйлейтін. Тегістік ауылына қайдан келгенімізді есейген соң әке-шешемізден естіп білдік. Оларға қазақ жеріне келу тарихы туралы тіс жармауға тиісті орындардан пәрмен берілгені белгілі жайт», дейді Владимир қайта әңгімесін жалғастырып.
Владимир Шнайдер мен сүйікті жары Ғалия екеуі 1991 жылы Алматыдағы ҚазМУ-дың филология факультетін бітірді. Ғалия көршілес Есілбай ауылының қызы. Қыздары да жоғары оқу орындарын бітіріп, қызмет етіп жүр.
«Қуғын-сүргін көрген атам, әжем, әкем бәрі де Тегістікте жерленген. Атамекенін қадірлеген бір жан болса әкемдей болар деп ойлаймын. Қазақ еліне, жеріне деген ырзашылығын Тегістіктің топырағына сіңдіріп, өзімен бірге ала кетті. Біз әкеміз аманаттап қалдырған жолмен болашағымызды қазақ жеріне түп қазық етіп байладық», дейді сөз соңында В.Александрұлы.
Қайтарда болмысы қазақ болып кеткен отбасының аналары Валентина апаның қолынан дәм таттық.
«Өзіңе бәрін Володя әңгімелеп берді ғой. Аталарымыздың қуғын-сүргін көргендегі тағдырлары ұрпақтарының жадында. Біз қиын күндерде бауырына басқан Тегістікті ата мекеніміз деп қалдық. Володя да ауылсыз тұра алмайды. Жазу-сызудан қолы босаған кезде, қысы-жазы келіп тұрады», – дейді апамыз.
Тоғыз баланың анасы Валентина Николайқызы «Алтын алқа» иегері. Үлкен ұлы Александр, орманшы, орман шаруашылығында еңбек етеді. Қыздары тұрмыста. Немересі Әмина қасында. Тегістіктегі Шнайдерлердің келесі ұрпақтары да қазақ ортасында өсіп келеді.
Павлодар облысы,
Тереңкөл ауданы