Дамыған елдерде талапкерлер оқу орнына құжаттарын арқалап бармайды. Бұл шаруаны компьютердің көмегімен бір-ақ сәтте бітіре салады. Мінеки, енді біздің талапкерлер де білім беру ұйымының ғимараты алдында табан тоздырып, кезекке тұрып, оған қоса тізімдегі 5-6 құжаттың нотариуспен куәландырылған бірнеше көшірмесін дайындап сабылмайды. Өтініштер биылдан бастап электронды түрде қабылданады.
Білім және ғылым министрлігі мұндай жоспарымен негізінен былтыр бөліскен еді. Білім және ғылым вице-министрі Рүстем Биғари Astana Hub технопаркіндегі әлеуметтік инновациялар зертханасының ашылуында: «Білім беру жүйесінде 67 қызмет электронды түрде қолжетімді. Мәселен, қазіргі уақытта жоғары оқу орнына құжат тапсыру қиын жұмыс болып көрінеді. 2020 жылдан бастап оның қажеті болмайды. Өйткені жыл соңына дейін барлық ақпарат цифрланады. «Күнделік» жүйесіндегі деректер автоматты түрде ЖОО-ға беріледі, сәйкесінше құжаттарды қайта тапсырудың керегі жоқ», деп мәлімдеген болатын. Енді жақында осы жоспардың нақты қолға алынып, іске асырылғаны айтылды.
Осылайша алдағы құжат қабылдау қызатын кезеңде колледждер мен ЖОО талапкерлердің өтінішін eGov.kz арқылы қабылдайды. Бұл туралы жақында Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов хабарлады. Министрдің мәлімдеуінше, енді талапкерлерге құжаттарды қағаз түрінде тапсырудың қажеті жоқ. Әрбір болашақ студент өзі таңдаған колледждің және ЖОО-ның сайттары немесе «Электрондық үкімет» порталы арқылы құжаттарын тапсыра алады. «Құжат тігетін папкаларды, конверттерді сатып алу, қағаз анықтамаларды тапсыру, таң атпастан жоғары оқу орындары мен колледждердің қабылдау комиссияларында кезекте тұру немесе басқа елді мекенге қатынау мәселелері туындамайды. Мұның бәрі бұдан былай оңай және ыңғайлы болады. Сайтқа кіріп, бір тетікті басу арқылы барлық құжатты жібере алады», деді министр.