• RUB:
    4.83
  • USD:
    443.37
  • EUR:
    474.49
Басты сайтқа өту
Әлем 21 Мамыр, 2020

Сауд Арабиясы қосымша құн салығын үш есе өсірмек

140 рет
көрсетілді

Сауд Арабиясы экономикасын қайта қалпына келтіру мақсатында қосымша құн салығын үш есе өсіруге ниетті. Сондай-ақ ай сайынғы жәрдемақы да келесі айдан бастап берілмейді.

Эр-Рияд билігінің мұн­дай қа­дамға баруына коронавирус пандемиясы мен мұнай бағасының құл­дырауы себеп болып отыр. Екі оқиғаның салдарынан ел экономикасы әжептәуір зиян шегіп, мем­лекет­тің та­бы­сы 22 пайызға азай­ған.

Жоспар бойынша, қо­сымша құн салығы 1 шілде­ден бастап 15 пайызға дейін өседі. Ал ай сайынғы жәр­дем­ақы 1 маусымнан бас­тап бері­лмейді. Бұдан бөлек елдегі ауқымды нысан­дар­дың құрылысы мен үл­кен жобалар уақытша тоқта­тылды.

Saudi Aramco мемле­кет­тік мұнай компаниясы­ның алғашқы тоқсандағы табысы 25 пайызға аза­йған. Мұның бәрі елдегі шы­ғын көлемін азайтып, мұ­най бағасының арзандауына бейімделудің қажеттілігін көрсе­теді. Яғни қазіргі таң­да ел эко­номи­касы ауыр жағ­­дайға тап келгенін болжау қиын емес.

Кейінгі жылдары бол­ған бірқатар оқи­ға Сауд Ара­биясы­ның сая­си сал­ма­ғына да, экономика­лық әлеуетіне де сызат түсі­ріп үлгерді. Атап айт­сақ,­ ко­­роль­дік әлі күнге дейін Иран­мен татуласқан емес. Со­ның салдарынан ара-тұра түрлі деңгейдегі қақ­тығыс орын алады. Былтыр Тегеран билігі Сауд Арабия­сының бірқатар мұ­най ке­ніштерін зымыранмен ат­қылады. Бұдан бөлек биыл­ғы қаңтарда Иран генералы Касем Сулейманидің өліміне Эр-Риядтың қатысы бар деген әңгіме тарады. «Жығылғанға жұдырық» дегендей, Пентагон Араб түбегінің аспанын қорғауға берген «Патриот» зенитті зымыран кешенін қайтарып алды. Оған қоса түрлі тер­рористік ұйым­дардан ке­летін қауіп те толыққанды сейіле қойған жоқ.

Аталған түйткілдердің салдарынан Сауд Арабиясы бірқатар қиындыққа тап кел­ді. Біріншіден, ел экономи­касы тоқырауды бастан ке­шіріп жатыр. Мысалы, ал­ғашқы тоқсанда бюджет тап­шылығы 9 миллиард­ дол­­ларды құрады. Тіпті тақ­ мұ­ра­гері Мұхаммед бин Сал­манның «Көзқарас 2030» бас­тамасы дер кезін­де жү­зеге аспай қалуы мүмкін. Осы жоба аясын­да қалың құм­ның арасына құны 500 миллиард дол­ларлық NEOM деп аталатын заманауи қала салынуы тиіс еді. Бірақ коронавирус пандемиясы мен мұнай бағасының құл­ды­рауы оған мүмкіндік бер­мей­тін секілді. Әзірге ел билігі «Көзқарас 2030» туралы тіс жар­­май отыр, бірақ сарапшылар оның кейінге шегерілуі уа­қыт еншісіндегі шаруа деп есеп­тейді.

Екіншіден, Сауд Ара­бия­­сы халықаралық аренада мысқалдап жинаған абы­ройы­нан батпандап айы­­ры­лып жатыр. Әсіресе екі жыл бұрын журналист Жа­мал Хашоггидің арнайы тап­сырыспен өлтірілуі ел беделіне едәуір нұқсан кел­тірді. Рас, Эр-Рияд билігі бірнеше адамды кінәлі деп тауып, жазалаған. Әйтсе де, адам құ­қығын қорғайтын ұйымдар мен БҰҰ-ның арнайы жұмыс то­бы корольдің отбасын кінә­лады.

Йемендегі азаматтық со­ғыс та абырой әперген жоқ. 2015 жылы басталған қақ­­тығысқа Эр-Рияд әр­дайым араласып отырды. Сауд Арабиясының әскери ұшақ­тары бомбалаған ны­сан­дарда қарапайым тұр­ғын­дар қаза тауып, халық­аралық қоғамдастық тарапынан сынға ұшырады.

Ресей президенті Вла­­димир Путин мен АҚШ президенті До­нальд Трамп­ тақ мұрагері Мұ­хам­мед бин Сал­манның негізгі одақтасы саналатын. Алай­да биыл МБС мұ­най өнді­рісін күрт арттырып, «қара алтын» құнының құлдырауына себеп болғандықтан екеуінің де қитығына тиген сыңайлы.

Үшіншіден, МБС-нің кейін­гі жылдары қабыл­даған шешім­деріне елдегі кей топтар разы емес. Әсі­ресе әлеуметтік жеңіл­дік­тер, әйелдерге көлік жүр­гі­зу құқығын беру, кино­театр ашу секілді бас­та­малар дін ұс­та­натын эли­­­т­аға ұнаған жоқ. Де­ген­мен, дәл қазір ешкім тақ мұрагерінің шешімін айыптай қоймас. Өйткені Мұхам­мед бин Салман шек­сіз билікке ие әрі «артық сөй­ле­гендердің» соңы жақсы аяқт­алмайтынын бәрі бі­леді.

Қорыта айтқанда, Сауд Ара­биясы бұрын-соң­ды бол­маған сая­си әрі эко­номи­калық кезеңде тұр. Ха­лық­тың тұрмысы мен ел­дің халық­аралық аре­надағы келе­шегі тақ мұ­рагері МБС-нің алдағы шешімдеріне тікелей байланысты болмақ.