Әрбір спортшының ірі жарыстағы кез келген суреті уақыт өте келе тарихи естелікке, сол елдің спорты үшін тарихи маңызы бар аса құнды құжатқа айналады. Еліміз үшін сондай құнды фотосуреттің бірін, яғни жазғы Олимпия ойындарындағы алғаш алтын жүлдені жеңіп алған Александр Парыгиннің мәре сызығын кескелі тұрған жеңісті сәтін жуырда Қазақстанның Ұлттық Олимпиада комитеті жариялады.
Қазақстан құрамасының спортшылары Тәуелсіз мемлекет ретінде тұңғыш рет АҚШ-тың Атланта қаласында жалауы желбіреген дүбірлі додада бақ сынады. Төртжылдықтың басты бәсекесіне жерлестеріміз алғаш рет қатысып тұрса да, алпауыт елдермен иық тіресіп, жүлде үшін таласта аянып қалмады. Атап айтар болса, сол жылғы Олимпиадада отандық спортшылар 11 медаль жеңіп алды, оның үшеуі алтын. Сонымен қатар тағы да төрт күміс пен төрт қола жүлдені қоржынға салды.
Қазіргі бессайыстан сынға түскен Александр Парыгин де күтпеген жерден Олимп тұғырына көтерілгенін жасы үлкен жанкүйерлер жақсы біледі. Біздің спортшыға Олимпиада чемпионы атты мәңгілік атақты алу оңай болған жоқ. Өйткені 1996 жылғы ойында қазіргі бессайыс ережесі өзгеріп, бес турнирдің барлығы да бір күнде өткізілді. Бұл спортшыларға айтарлықтай қиындық тудырды. Қазіргі бессайыстағы шешуші жарыс жүгіруге арналған.
Парыгин 1992 жылғы Олимпиаданың жүлдегері, ресейлік Эдуард Зеновканың ізін ала екінші нөмірмен жарыс жолына шықты. Ресейлік спортшы негізгі топтан қара үзіп, көш басына шығып үлгерді. Бірақ Парыгин одан көз жазбай, иін тіресіп келе жатты. Сол сәтте стадионға жиналған спортшылар мен жанкүйерлердің көкейінде бір ғана сұрақ, яғни «Мәреге кім бірінші жетеді екен?» деген сауал тұрған еді. Ал соңғы секундтарда Александр бүкіл денесін алға тастап, мәре сызығын бірінші болып кесуге ұмтылды. Тап осы сәтте Зеновканың сүрініп кетіп, чемпиондық атақтан айырылып қалғанына бүкіл әлем куә болды. Осы бір тартысты сәтті әйгілі фотограф Генри Шварц таспалаған екен.
Қазіргі бессайыс спортынан Әлем және Азия чемпионатында топ жарған отандасымыз бүгінде Аустралияда тұрады. Олимпиада чемпионы атанғаннан кейін 1997 жылы жасыл құрлық еліне қоныс аударған. Сондай-ақ Парыгин 2004 жылы Аустралия құрамасы сапында Афины Олимпиадасына қатысып, мәре сызығын небәрі 27-ші болып кескен.
Парыгиннің алтын алғанына 26 жылға жуық уақыт өтсе де, бүгінге дейін бірде-бір қазақстандық спортшы Парыгиннің жетістігін қайталай алмай жүр. Отандасымыздың алтыны қазірше спорттың осы түрінен Олимпиадада жеңіп алған Қазақстанның алғашқы және әзірше соңғы жүлдесі.