Солтүстік Қазақстанда биыл жаз маусымы ерте басталып, карантиндік шектеулер азайтылып, суға түсу көбеюіне байланысты облыстық ТЖ департаментінің бастығы, полковник Рамил Камалов брифинг беріп, қауіпсіздік мәселелерін ескертті.
Оның айтуынша, Солтүстік Қазақстан облысында үлкенді-кішілі 60 өзен, 2 мыңнан артық көл және 117 қолдан қазылған көлшіктер бар. Соның ішінде халық жаз айларында көп түсетіні Есіл өзені, Аққулы, Үлкен Тораңғұл, Шалқар және Имантау көлдері.
Соңғы 7 жылда облыстың су қоймаларында 180 адам суға батып кеткен. Оның 24-і балалар. Тек былтыр ғана суға батқандар 12 адам болса, соның екеуі бала. Осындай жағдайларға жол берілмес үшін ТЖ департаменті су қоймаларындағы құтқарушылардың жұмысын биыл барынша күшейтуге тырысады. Облыс әкімі 2020 жылғы суға түсу маусымына дайындық пен қауіпсіздік шараларын жасаудың жоспарын бекіткен. Осы өкімге сәйкес суға түсуге тек белгіленген жерлерде ғана рұқсат беріледі. Оларда құтқару қызметтері жақсы жолға қойылған.
Суға түсуге рұқсат етілген жағажайлардың саны облыс бойынша 58 жерде. Олар Есіл өзені мен 12 көлдің бойында орналасқан. Ал құтқару қызметтері жоқ су қоймаларында суға түсуге болмайды.
Бүгінгі таңда ТЖ департаментінің бөлімшелері өзендер мен көлдердің бойындағы көпшілікке демалыс орындары ұйымдастырылған жерлерде құтқару қызметтерінің бар-жоғын және оның сапасын тексеруде. Соның ішінде жалға алған көлдердегі жағдайлар да бақыланады. Егер оларда суға түсу қауіпсіздігі талапқа сай болмаса тиісті шаралар қолданылады. ТЖ департаменті суға түсу қауіпсіздігін ұйымдастыруда қандай шаралар жасалуы керектігі туралы арнайы паспорт жасаған. Қазір олар барлық аудандардың әкімдіктеріне жеткізілген.
Солтүстік Қазақстан облысы