Елімізде онлайн несие алушылар саны жылдан жылға артпаса, кеміген жоқ. Ұлттық банктің мәліметінше, өткен жылдың басында 318 мың несие онлайн арқылы берілген. Бұндай ұйымдар әр өтініш берушінің несие тарихын парақтап отырмайтыны түсінікті. Қаржыдан қысылған адамға 10-15 минуттың ішінде несие беретін онлайн ұйымдардан жарты млн-ға жуық қазақстандық қарыз алып үлгерген.
Даудың басы да дәл осы онлайн несиеден басталып отыр. «Сан соғып, бармақ тістеп» қалғандардың саны артқандықтан бұл мәселеге мемлекет араласуы тиіс болды. Сөйтіп, бұған дейін екінші деңгейлі банктерге ғана қолданылып келген жылдық мөлшерлеме 56 %-ды құрауы тиіс деген меже барлық шағын қаржы ұйымдарына жаппай енгізіліп отыр. Бұл өзгеріске шағын қаржы ұйымдарының өз уәжі бар.
̶ Екінші деңгейлі банктер қолданатын арнайы формула бар. Бұл кесте шағын қаржы ұйымдарына арналмаған. Барлық шығындарды есепке алатын болсақ, схема бойынша жылдық мөлшерлеме 56 %-ды емес, 46 %-ды құрайды. Үнемі мемлекеттің қолдауына зәру екінші деңгейлі банктердің қаржы айналымы шағын ұйымдармен салыстырғанда әлдеқайда жоғары екені айтпаса да түсінікті. Жалпы алғанда елімізде 2 жарым мыңдай ломбард бар десек, заңдағы жаңа өзгеріске сәйкес соның 60 %-ы енді «көлеңкелі бизнеспен» айналысуға көшеді. Бұл дегеніміз мемлекетке түсетін салық кемиді деген сөз. Аталған салада 3 мыңға жуық адам жұмыс істейтіні тағы бар. Осы ретте, неғұрлым шағын қаржы ұйымдарының саны аз болған сайын оны қадағалап отыру тиімді деген қағидаға келіспеймін. Ағаштың екі ұшы барын ұмытпауымыз керек. Бізден қарыз алатындардың басым бөлігі шағын және орта кәсіпкерлікпен айналысатындар. Олардың ай сайын алатын тұрақты табысы жоқ. Осы мәселені негізге алып банктер оларға несие бермейді. Ал бізден алған қаражатын табысы қай уақытта түседі, сол уақытта жабуына қолайлы жағдай жасалған еді. Жаңа талап бойынша зейнетақы қорына ақша аудаймайтын, тұрақты табысы жоқ клиенттерімізден айырылып қалайын деп тұрмыз, - дейді TAS GROUP компаниялар тобының заң департаментінің директоры Мақсат Өсербаев.