• RUB:
    5.06
  • USD:
    508.05
  • EUR:
    534.82
Басты сайтқа өту
Руханият 22 Мамыр, 2020

Мамандар ислам дініне байланысты мәселелерге пікір білдірді

644 рет
көрсетілді

Ел бірлігі – басты құндылық. Онсыз тұрақтылық пен орнықты дамуды қамтамасыз ету қиын. Басқаны айтпағанда, дін саласындағы мәселелерге нақты талдау жасап, оларға сергек қарау өте маңызды. Осы орайда мамандардың Ислам діні бойынша кейбір мәселелерге қатысты ой-пікірлерін ортаға салуды жөн көрдік.

– Сізді еліміздің ынтымағына кері әсер етуі мүмкін, дініміздің негізгі құндылықтарына кереғар келетін қандай таным-түсініктер мазалайды?

Төлеби ОСПАН, Ақтөбе облысының бас имамы:

– «Кімде-кім көпшіліктен бір сүйем­дей ажыраса, мойнындағы Ислам арқа­нын шешіп тастағаны», дейді хадисте. Арқан – пенде мен Жаратушы арасын байланыстырушы кітап...

Ардақты Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) кез­десуге келген топ ішінде Бәну Хани­фа тайпасы да бар еді. Осы тайпадан Мусайләмә есімді кісі Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) араб халқын бірлесе басқаруды ұсынады. Демек, дінді Жаратушыны тану деп емес қоғамды басқару те­тігі деп көруде. Осман ибн Аффан хали­фа­лығының соңында бой көтерген бүлік және Әли ибн Әбу Талиб халифа кезеңінде толассыз наразылық ұйымдастырған шиға және хауариж ағымдарының да көксегені имандылық емес, билік еді.

Көз алдыңызға елестетіп көріңіз. Пай­ғамбардан тәлім алған Осман бин Аффан ел басқаруда. Қарамағында Құран мен ха­дисті толық білетін, Пайғамбардың көзін көрген, тәжірибесі мол әрі әділдікті ту еткен мыңдаған сахаба. Бір адым шалыс басса, лезде түзетуге даяр тұр. Қала берсе Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Османнан періштелер ұялады, Рума құдығын сатып алған жәннаттық деген сияқты риуаяттары оның жеке қасиетімен қоса қоғамға сіңірген еңбегін көрсетеді. Десе де, жат ағымдағылар Османның тұл­­ға­сынан көптеген «кемшіліктер» тап­ты. Жұртты бұған иландыра білді. Соның кесірінен қарапайым халық кеше Пайғам­бар жоғары баға берген тұлғаны залым билеуші деп қабылдады. Тіпті, шаңы­рағына баса-көктеп кіріп өзін өлтірді.

Тағы бір ескеретін тұсы, бүлікшілер мұсыл­ман қоғамы молшылық және тоқ­шылық кезеңінде бой көтерді. Осман Халифа болып тұрғанда халықтың әл-ауқаты өте жоғары еді. Алайда, хауа­риж ағымы осыған қарамастан Ос­ман­ның билігіне наразы болды. Бұл қозғалысты жоспарлаушы тарих­та Йеменнен келген Абдулла бин Сәбә есімді еврей деп көрсетіледі. Ол жақ­тас жинау үшін қоғамның ең осал тұ­сын іздеді. Қарапайым халық ішіне еніп, нәзік мәселелерді қозғап, өзінің қала­ғанындай етіп құлақтарына құяды. Ибн Сәбә мұсылмандардың ішіне іріткі салудың жоспарын құрып: «Біз дінді жаңадан қабылдаған мұсылмандардың қолын қанға бояймыз, қылмысты солар арқылы жүзеге асырамыз. Себебі олар өте албырт әрі білімі таяз келеді», деген. Өзгенің қолжаулығына айналған қазіргі кейбір  қазақ жастары да сол кездегі бүлікшілердің кебін киюде.

Кенжетай ДҮЙСЕНБАЙ,

Солтүстік Қазақстан облысының бас имамы:

– Ислам адамзаттың өткенімен де, бүгінгісімен де, болашағымен де ты­ғыз байланысты үзбейді, өркениеттен қа­лып қоятындай керітартпалыққа жол бер­мейді. Діннің өзгеріске ұшыратуға келе­тін я келмейтін тұстары бар. Ислам негізгі құндылықтарын еш уақытта өзгертуге немесе белгілі бір жағдайларға байланыс­ты жаңартуға болмайды. Яғни мысалы, мұсылманға парыз болған амалдарды, адал мен арамға жататын дүниелерді өзгер­те алмаймыз. Мәселен, дініміздің негізі тірегі намаз оқу – әр мұсылманның парызы. Оны әлде бір сылтаулармен өзгертуге немесе парызға жатпайды деп, жоққа шығаруға болмайды.

Мені Исламның негізгі құнды­лық­тарын басқаша жолға салып, жеке бір топтың мүддесіне сай етіп ыңғайлап, оны­мен қоймай сол ұстанымдарын көп­шілікке тықпалау мәселесі алаңдатады. Мәселен, Ислам діні үшін де, жалпы­ адам­зат үшін де басты құндылық ол – отбасы. Отбасындағы көп мәселе дін­мен реттеледі. Шариғатқа сәйкес неке құру, некелі отбасында баланы дүниеге әке­лу қай заманнан бері дәстүрлі отбасы атауының қалыптасып, әр үйде бақ-берекенің орнауына негіз болып келеді. Алайда, бүгінгі таңда үйленбей-ақ бірге тұру, некесіз бала туу немесе ана­ның туған баласын оп-оңай тас­тап кетуі және әкенің отбасын асыраудан бас тартып, жауапкершіліктен қашуы сынды мәселелерді көптеп көріп жүрміз. Көпшілік үшін бұлар қалыпты жағдайға айналып барады. Мұны Ислам діні құндылықтарына кереғар келетін түсініктер, қоғамды іштен бүлдіретін дүниелер демей болмайды.

Еркінбек ШОҚАЙ,

Алматы қаласының бас имамы:

– Мені Ислам құндылықтарын наси­хат­тауда маман емес, жолдан қосылған кісі­лердің белсенділігі мазалайды. Біз­дің дін саласындағы күрделенген проб­ле­малардың көпшілігінің себебі де осын­да жатыр. Жат ағым идеясының елі­мізде тарауына және оған ерушілердің са­нының артуына да осы құбылыс үл­кен үлес қосқаны белгілі. Сондықтан, ша­риғаттың шаруасымен тек білікті әрі білімді мамандар ғана айналысса, Ислам­ның негіздеріне қайшы келер керағар жағдайлар жойылады деп ойлаймын.

Бақтыбай БЕЙСЕНБАЕВ,

Шымкент қаласының бас имамы:

– Теріс пиғылды идеологтар тара­пы­нан қоғам ішінде қазақтың салт-дәстүріне, па­триотизм мен ұлтжандылыққа, мемлекет пен қоғамның зайырлылығына қарсы сан алуан «пәтуалар» жасалып, халықтың ортасында іріткі салушылар қате пікірлер таратты. Тіпті, «келіннің сәлемі», «қайтыс болған кісінің қырқы», «бата беру» сияқты өзге де ұлттық-мәдени тұрғыдан құнды саналатын мәселелер деструктивті идеологияға арбалған жамағаттардың ішінде тұтас бір дауға айналды. Бұл құ­­бы­лыс жат ағымның жетегінде кет­кендердің азаматтық санасының және ин­теллектуалдық деңгейінің көрінісі. Өкі­нішке қарай, мұның салдарын күнделікті жаңалықтардан байқауға болады. Бүгінде коронавирус пандемиясы себебінен төтенше жағдай орныққан кезде, сақтық шараларын сақтаған мұсылмандар да саналы азаматтық ұстанымымен бұл тәртіпке бой ұсынды. Ел ішінде дін­ге бірбеткей назармен қарап, дін ғұла­маларының негізді шешімдерін, ұсын­ған дәлел-дәйектерін қабылдағысы кел­мейтіндер бар. Жат ағымдар таратқан таным-түсініктердің негізі – осы. Таным-тү­сініктер әртүрлі болуы мүмкін, алайда негізі келіп біржақты ойлану, сыншыл көзқарастан айрылу, соқыр сенімді қабылдау, азшылықтың мүддесін мораль­дық-этикалық нормаларға қарамай көпші­ліктен артық санау секілді қасиеттерге тіреледі.

Ал егер қоғамда орын алған қылмыс­тарға қарасақ, жат діни ағым өкілдері жа­саған құқық бұзушылықтарға діни алауыз­дық тудырудан басқа, тонау, қарақ­шылық шабуыл, зорлау, ұрлық, қас­тандық жасау, есірткі заттар және т.б. көптеген қылмыс түрлерін атап өту­ге болады. БАҚ таратқан мәліметтер бо­­йынша 2019 жылы Ақтөбе облысында діни адепттер тарапынан жасалған 57 қылмыс және 379 әкімшілік құқық бұзу­шылық тіркелген. Бұл деректер бізге деструктивті және экстремистік идеологияның қаншалықты ауқымды ықпал ететінін көрсетеді. Қауіп жекелеген түсініктерде емес, негізде. Өзінің жеке мүддесі үшін асыл діннің қасиетті қағидаларын қалағанынша бұрмалайтын тұлғалар, қолына түскен қай қағиданы да қате етуі әбден мүмкін.

– Жат ағымдарға түбегейлі, заң­дық тұрғыда тыйым салынбауы, өзге елдер­­де болып жатқан қақтығыс, со­ғыс ошақтарына тап болған отандас­тары­мыздың және өз ортамызда өзінің теріс ұғым-түсінігімен «кіші бүлік» жа­сап жүрген азаматтарымыздың көп­­тігі Қазақстан мұсылмандары діни басқар­масының жұмысын, тіпті осы бағыттағы мемлекеттік саясатты жүйелі түрде қайта қараудың уақыты кел­генін көрсетпей ме?

Тұрар ӘБУОВ,

дінтанушы:

– Біз экстремистік «удан» қалай құты­ламыз? Ең бірінші ойымызға келетіні – тыйым салу. Қазақстан бүгінде 20-дан ас­там экстремистік ұйымға тыйым салды. Ен­дігі мәселе – салафизмге тыйым салу. Бір кездері дін саласына қатысты заңға өзгертулер мен толықтырулар енгізу арқылы деструктивті идеологияға тыйым салынатын болған-ды. Исламтанушылар мен дінтанушылардың көзқарасы бойынша: салафизм – өте қауіпті ағым және оған тыйым салу керек деп есептейді. Елімізде жат ағым жетегінде кеткен азаматтарды оңалту жұмыстары үздіксіз жүргізіліп келеді. Бірақ нәтижесі көңіл көншітпейді. Себебі қоғамда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының беделі артып, мемлекет дін мәселелерінде нақты ұстаным бекіт­пейінше, бұл жұмыстар тиімсіз болып қала береді.

Бір ғана ақиқат бар – ол жер бетіндегі пенде­нің құлшылығы да, тіршілігі де тыныш­тыққа тәуелді. Сондықтан Қа­зақстанға радикалды идеологияға тыйым­ салатын заңнамалық құжат қабыл­дау керек. Қоғам үшін қауіп тудырып отыр­ған діншілдік пен экстремизмге қар­сы жұмыстар: жастардың әлеуметтік мәсе­лелерін шешу, бос уақытын тиімді пайдалану, жұмыспен қамтамасыз ету секілді шаралар күн тәртібінен түспеуі тиіс. «Жұмысы жоқтық, қарны тоқтық, Азды­рар адам баласын» деп Абай атамыз тек­ке айтпаған. Жастардың алға қойған мақ­саты, білімі, саяси көзқарасы, жақсы жұмыс орнына деген үміті болса, қауіпті нәр­се­лерге бұрылып та қарамайтыны анық.

Қанат АЛШЫНБАЕВ,

ҚМДБ-ның «Діни оңалту» бөлімінің меңгерушісі:

– Әуелі жат ағымдарға түбегейлі, заңдық тұрғыда тыйым салу оңай мәселе емес екенін ескергеніміз жөн. Онсыз да мемлекетке дінге тыйым салушы фактор ретінде, деструктивті діни ағымдар өкілдері, мемлекетке наразылықтарын қат­ты күшейтуі мүмкін. Десек те, бұ­дан басқа шаралар қалмаған сияқты. Себебі, дін қызметкерлері айтатынын айт­ты. Осы бағытта қыруар қаражат жұм­салып, талай жұмыстар атқарылып жатыр. Бұл жерде деструктивті діни ағымдардың идеологиясының сырттан келіп жатқанын, оларға шеттен қыруар көп қаражат бөлініп отырғанын естен шығармауымыз керек.

Жат ағымдар өкілдерімен жеке жұмыс­та мемлекет тарапынан ауқымды жәрдем берілсе екен дейміз. Себебі, олар дін қызметкерлерімен сұхбаттасуға кез келген жағдайда келісе қоймайды. Сол үшін олармен жеке кездесулерді ұйымдастыру тетігін табуымыз қажет. Осыны ескере келе, жат ағыммен күрес бағытында негізгі жұмысты өзіміздің жамағатпен күшей­туіміз керек деп есептеймін. Олар­ға жат идеологияға қарсы иммунитет орнатып, діни білімдерінің артуына күш салуымыз қажет. Сол себепті, мемлекет тарапынан осы бағытқа басымдық беріліп, қаражат бөлінсе, діни қызметкерлерге жағдай туғызылса, оң нәтиже болатынына сенімдімін.

Бақтыбай БЕЙСЕНБАЕВ,

Шымкент қаласының бас имамы:

– Еліміздегі діни ахуалды біршама рет­ке келтіру жұмыстары соңғы уақытта өте қарқынды жүргізілді. Діни қызметті заң­дастыру, дін атын жамылған бейресми ұйымдар мен топтардың іс-әрекетіне тыйым салу, ақпараттық-ағартушылық жұмысты жолға қою секілді көптеген шаралар осы саладағы проблемалардың ше­шімін табуға мүмкіндік берді.

Бүгінде жат ағымдардың таралуы жасырын жолдармен немесе онлайн түрінде жүргізіліп отыр. Себебі олар ашық алаңға шыға алмайды, мешіттерде оларға орын жоқ. Осыған орай теріс пиғылды идеологтар шетін көзқарастарын маркетинг және SMM технологияларын жетік меңгеріп, әлеуметтік желілер арқылы насихаттауда.

Азаматтарымыздың санасына ашық түрде ықпал етуден қағылған жалған идеологтар амалы мен айласын тауып, баламалы жолдарды меңгеруде. Біз де, яғни ҚМДБ және оның мешіттері де осы процестен шет қалған жоқпыз. Әрине, қызметіміздің кем тұстары бар, алайда кемшіліктермен жұмыс қазір қарқынды жүріп жатыр.

– «Әмин» деп қол жайып, дұғадан кейін бет сипайтын мұсылманбыз. Қа­зір арамызда бет сипау рәсімін жаса­май­тын, Құран аяттарын оқуды жөн санамайтын адамдар бар. Олар мұн­дай әрекеттерді неге сүйеніп жасайды? Уәждері қандай?

Кенжетай ДҮЙСЕНБАЙ,

Солтүстік Қазақстан облысының бас имамы:

– Қазіргі кезде мұсылмандар арасында намаздан соң дұға жасап, бет сипауды жөнсіз деп есептеп, қарсы келіп жүрген бауырларымыз бар. Кейбірі Құран аяттарын оқудан да бас тартқан. Бет сипау, дұға ету ата-бабамыздан келе жатқан және шариғатта бар нәрсе. Осы Ибн Мәжәһтың Абдуллаһ ибн Аббастан (Аллаһ әкесі екеуіне разы болсын) риуаят еткен хадисінде Пайғамбар (с.ғ.с.): «Егер Алладан дұға тілесең, алақаныңның сыртымен емес, ішімен дұға тіле. Дұғаны аяқтасаң, онымен (алақаныңмен) бетіңді сипа», – деген.

Дәстүрлі дінімізде бет сипау сүннет амалдарына жатады. Аталарымыз бет сипамай дастарқан басынан тұрмаған. Бұл қазір діни нанымнан туған әдет-ғұрыпқа айналды. Ал Құранды өліге де, ризаға да бағыштаймыз. Құран оқудың өзі шипа деп оны жоғары бағалаймыз. Ал енді мұның бәрін жөн санамайтын адамдар теріс бағыттағы ұстанымдарды көздеп жүргендердің жаңадан қалыптастырған дәстүрлері десек болады. Олар – Құран оқу, бет сипау дүниеден озғандарға еш сауап етпейді деп ұрандатып жүргендер.

Қанат АЛШЫНБАЕВ,

ҚМДБ-ның «Діни оңалту» бөлімінің меңгерушісі:

– Біз қай салт-дәстүрімізді алсақ та, дін­нен негіз таба аламыз. Ал діндегі кез келген әрекет шариғатта негізі бар амалдар. Ақида-сенім негіздеріне келер болсақ, мұсылмандар арасында тартыс жоқ, себебі үзілді-кесілді дәлелдермен бекіген. Ал тармақты мәселелерде талас-тартыс бары рас. Дегенмен, ол талас-тартыстар бір-бірімізбен жаға жыр­тысуымызға әкеп соғатын дүниелер емес, әсілінде. Өкінішке қарай, білімсіздіктен ондай жағдайлар болып жатады. «Әмин» деп қол жайып, дұғадан кейін бет сипау да бұдан тыс қалмайды. Деструктивті діни ағымдар өкілдері бұл үрдісті хадис­терде келмеген деп уәждерін айтады. Алайда, Пайғамбарымыз дұға тілеген кезде екі қолымен бетін сипамай, қолдарын түсірмейтін деген мағынадағы хадистер бар. Осындай хадистерді олар сахих емес, әлсіз деген баға беріп, ол әрекетті жоққа шығарады.

Негізінде, ол хадистерге кемінде «хасан» деген баға берілген. Тіпті, Ибн Қайим сынды, өздерінің ұстаздары да солай бағалаған. Әлсіз деп қабылдағанның өзінде көптігін, бірін-бірі қуаттайтынын ескеріп, ғалымдар дұға соңында екі қолмен бет сипауды дұғаның әдебі деп есептеген. Әр нәрсенің бастауы мен соңы бар. Мысалы, намаз тәкбірмен басталып, сәлеммен аяқталады. Сол сияқты дұға екі қол көтеріліп, Аллаға мақтау айтылған соң Пайғамбарға салауат айтылып барып қажет сұралады. Кейін соңында қайта салауат айтылып, екі қолмен бет сипалып, дұға аяқталады. Сондықтан дұға соңында «әмин» айтып бет сипау – дұғаның әдебі екенін білуіміз қажет. Сол себепті, оны бидғатқа шығаруға мүлдем болмайды.

– Еліміздің ұстанған бағытына сәй­кес келмейтін ниеттегі жат ағымдағы­лардың шын мәнінде көксегені не? Олар­ды бабалар ұстанған дін жолына қайтара алмай отырғанымыздың бас­ты себебі неде?

Еркінбек ШОҚАЙ, Алматы қаласының бас имамы:

– Олардың ниеті бұрыс деп айта алмаймын. Ықыласы мен пейілі тура болуы әбден ықтимал. Яғни Алланың разылығы мен ақиқатты ұстанып өмір сүруді көздеуі мүмкін. Алайда, олардың ар жағында тұрған тараптардың ниеті мен мақсат-міндеті бұзық екені анық. Ол тараптар кейде үлкен державалық сипаттағы елдер болуы да мүмкін. Ал біздің қаракөздеріміз солардың үлкен саяси немесе идеологиялық ойын­­дарының кішігірім құрбандық элемент­тері болып отыр. Сондықтан біз оларға дәлелді түрде осыны жеткізуіміз қажет. Біз көп жағдайда осы міндетті атқара алмай жатырмыз.

Төлеби ОСПАН,

Ақтөбе облысының бас имамы:

– Соқыр сенім. Міне, басты себеп осы! Бұл жалғанда білгеннің тілін алмау­дан асқан жаман пиғыл жоқ. Ғұлама Сәһл Тустари (р.а.): «Надандықтан, өзім білемге салынудан ауыр күнә жоқ. Надан­дық­тан да, сауатсыздықтан да сорақысы өзінің білмейтіндігін білмеу немесе мойын­дамау. Өйткені, өзім білемге салыну үйренуге, талаптануға деген әрекетке ке­дергі етеді. Мен барлығын білемін деген адам қалайша үйренуге әрекет ет­пек?» дейді. Міне, бас­ты проблема! Ең, сорақысы «көсемдері» мешіттегі уағыз­дарды тыңдамаңдар, сабақтарға қатыс­паңдар деп қатаң ескертеді. Тың­дасаң имандарыңа күдік салады дейтін көрінеді. Сауатсыздық пен адасу білім алып, ой жүгіртпеуден басталмай ма?! Мешіт – Алланың үйі. Мешітте Құран бұр­маланып айтылуы мүмкін бе?! Мешіт­те құран тәпсірі, хадис хикметтері, пай­ғам­барлардың (с.ғ.с.) ғибратты ғұ­мыры насихатталған дәрістер адамға қан­дай күдік салуы мүмкін. Бұл ақиқат іздеу­шілердің әрекетіне жатпайды. Міне, сондық­тан мұндай әрекетті – соқыр сенім деп сипаттаудан басқаға келмейді.

Ханафи мазһабы қазақтың әлмисақтан ұстанып келе жатқан мұсылмандығы. Бұл мектептің іргесін тарих мойындаған мың­даған ғұламалар қалаған. Мүфтият мазһаб ғалымдары қаламынан туындаған дін ғылым­дарын халыққа үйретуде. Біз ұстан­ған жол – Пайғамбардан (с.ғ.с.) қалған һәм ата-бабаларымыз ұстанған сара жол.

Тұрар ӘБУОВ,

дінтанушы:

– Пиғылы бөтен ағымдағылар өздерін ерекше сезінеді. Олар өздерін Исламды шынайы насихаттаушылар, дінді ең дұрыс үлгіде ұстанушылармыз деп есептейді. Діни санасы толық қалыптаспаған жастар олардың бет-бейнесін тани алмайды. Не айтса да илану, сену, ілесу арқылы сала­физм идеологиясының құрығына ілі­неді. Санасы уланған жас өзгелердің айт­қан сөзіне құлақ аспай, имамның уағы­зын тыңдаудан қалады. Оларды райы­нан қайтара алмауымыздың басты себебі – санасына «бас тартуға болмайтын шешім» қабылдап қойғандығы. Біржақты шешім қабылдаудың салдарынан олар мұсылман жамағатын екі бөлікке бөліп отыр. Әуелгі топ – салафизм, ақиқатты бір өзі біліп, бір өзі ұстанады. Екінші топ – бидғатшылар, яғни олар ақиқаттан жырақ, адасушылық жолындағылар деп есептейді. Олар өздерін Ислам әлеміндегі түрлі халықтың этномәдени, тарихи және өзге де ерекшеліктеріне негізделген барлық «жат», «кірме» түсініктер мен тәжірибелерден тазарту жолында күрес жүргізуді өздеріне міндеттеп қойған.

Салафизм исламдағы барлық жаңа­лықтан бас тарту мен әуелгі догмаларға қайта оралып, оның қатаң түрде, дәлме-дәл орындалуын талап етеді. Олар үшін дамудың кез келген түріне жол жоқ. Тіпті, жиһад ұғымын қарулы күрес ретінде біржақты ғана айшықтайды. Сондай-ақ олар бұл күресті барлық мұсылмандардың өмір сүруінің жалғыз әрі шынайы формасы ретінде қоғамға таңып қояды. Міне, салафизм ағымының ұстанымы. Шәкәрім осындайларға «жындылық» дегеннен басқа баға бермеген екен ғой.

 

Әңгімені жүргізген

Жолдыбай БАЗАР,

«Egemen Qazaqstan»