Қылышынан қан тамған солақай саясаттың символындай болып XX ғасыр да жылдар жылғасымен алыстап барады. Соған кері бұрылып қараған сайын алапат аштық пен қисапсыз қырғынның ізін әлі де анық аңғаруға болады. Қазақтың жұлындары үзіліп, бұрымдары қиылған аяулы аналарының, қадірлі қыз-келіншектерінің қасіретті көз жасы төгілгенін Ұлы дала аз көрген жоқ. Сол бір азапты жылдардың белгісіндей, дәлеліндей болып Ақмола облысына қарасты Целиноград ауданының Ақмол ауылында Саяси қуғын-сүргін және тоталитаризм құрбандарының «АЛЖИР» мемориалды-мұражай кешені тұр...
1997 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен 31 мамыр елімізде Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні болып белгіленді. Көктемнің соңғы күні көз жасымызды көл етуге толық себеп бар. Күні бүгінге дейін өн-бойымызды мұздататын ГУЛАГ архипелагындағы (Еңбекпен түзеу лагерьлерінің бас басқармасы – Главное управление исправительно-трудовых лагерьей) 53 еңбекпен түзеу лагерінің 11-і қазіргі Қазақстан аумағында орналасты. Соның арасында ел аузында «АЛЖИР» атанып кеткен «Отанын сатқандардың әйелдеріне арналған Ақмола лагері» болған еді. Бұл азап алаңы Қарағанды лагерінің (ҚарЛАГ) 26-бөлімшесі ретінде КСРО Ішкі Істер Халық Комиссариатының (НКВД) 1937 жылғы 15 тамыздағы бұйрығымен құрылған.
Кейін Елбасының бастамасымен 2007 жылы 31 мамырда осы лагерьдің орнында жоғарыда аталған мемориалды-мұражай кешені ашылды. Араға он жыл салып, Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні дәл осы кешендегі ескерткіш тақтаға гүл шоғын қойған Қазақстанның Тұңғыш Президенті рәсім аяқталған соң БАҚ өкілдері алдында сөз сөйледі. Ел ішінде сол кезде қуғын-сүргінге ұшыраған адамдарға арналған лагерьлер салынғанын еске салып, ондағы адам төзгісіз жағдайлар туралы әңгімелей келе, «Қазақстанның әр түкпіріндегі 11 лагерьдің қабырғасында адамдар қинау мен азаптау салдарынан қаза болды. Сол лагерьлерде миллионнан астам адам жазасын өтеді. Саяси қайраткерлермен қатар олардың жұбайлары мен балалары да қуғын-сүргінге ұшырады. Кейбір нәрестелер сол лагерьлерде дүниеге келді», деді Н.Назарбаев.
Елорда іргесіндегі мемориалды-мұражайдың тарихына үңілген сайын жан түршігерлік оқиғаларға оралуға тура келеді. Өткен ғасырдың 30-50-жылдарындағы жаппай террор құрбандарына арналған бұл бірегей ескерткіш бүгін де жүйелі жұмыс істеп тұр. «Рухани қазына» бағыты бойынша жасалған «Астананың киелі жерлері картасына» елорда тарихында маңызды орын алатын 20 нысанның бірі ретінде енгізілді. «Отанын сатқандардың отбасы мүшесі» болғаны үшін «АЛЖИР»-де мерзімін өтеген әйелдер қауымының (62 ұлттың өкілдері) рухына арналған мұндай кешенді бұрынғы кеңестік мемлекеттерден, тіпті бүкіл дүние жүзінен кездестіру қиын.
Мұражай қызметкерлері ұсынған дәйекті деректерге сүйенсек, аталған лагерьлер арқылы 18 мыңнан астам әйел этаппен өтіп, үнемі лагерьден лагерьге ауыстырылып отырыпты. Ал «АЛЖИР»-де бір мезгілде 8 мыңға жуық әйел қамауда болды. Олардың басым бөлігі орыс – 4390 (50%), еврей – 855 (20%), украин – 740 (15%) және қазақ – 87 (2%) әйелдері болды. Сонымен қатар неміс, француз, швед, жапон, норвег, поляк, грузин, армян, әзербайжан, латыш және тағы басқа ұлттардың қыз-келіншектері де тозақ отын кешіпті. Бас бостандығынан айырылғаны былай тұрсын, «АЛЖИР»-де 600-ге жуық (нақты саны әлі де анықталуда) әйел қайтыс болған деген дерек бар.
Тұтқында болғандар көбіне-көп Одаққа танымал саяси және қоғам қайраткерлерінің әйелдері еді. Мәселен, олардың арасында Әзиза Рысқұлова және оның анасы Арифа Есенғұлова, Дәмеш Жүргенова, Рабиға Асфандиярова, әнші Лидия Русланова, жазушы Галина Серебрякова, атылып кеткен маршал Тухачевскийдің отбасы мүшелері, жазушы Борис Пильняктың әйелі Кира Андронникошвили, Юрий Трифоновтың әйелі Евгения Лурье, Булат Окуджава мен Майя Плисецкаяның да аналары және басқалар болды.
Осы күні мұражай қорында он жеті мыңнан астам жәдігер бар. Қазақстан, Ресей, Өзбекстан, Грузия, Израиль және Беларусь елдеріне жасалған зерттеу іс-сапарлары барысында жинақталған материалдардың арасында түпнұсқа мұрағаттық құжаттар мен фотосуреттер, «АЛЖИР» тұтқындары Әзиза Рысқұлованың, Роза Цыпкинаның, Клара Бронның, Софья Зильбергтердің балаларына жазған хаттары мен өлеңдері, балалардың жазған естеліктері кездеседі. Сонымен қатар Мария Минкинаның 1938 жылы «АЛЖИР»-ге бара жатқанда жақындарына жолдаған хаты табылып, онда балдырғандарын балалар үйінен алып кетуді өтінген деректер бар.
Мемориалды-мұражайдың негізгі және ғылыми-көмекші қорларының мәліметтері негізінде «Тағдырларды біріктірген Қазақстан» кітабы, «Елбасының бастамасымен ашылған еді» каталогы, «ALASH – ALZHIR» қос томдығы, «АЛЖИР» тұтқындары мен олардың балаларының «ALJÏR. Qorqinişti tüster… Kak strashnyi son…», «Ұрпақтар ұмытпайды» атты естеліктер жарық көрді.
Мұражай кешенінде «Сталиндік вагон», «Қасірет қақпасы» монументі, «Түңілу мен әлсіздік» және «Күрес пен үміт» мүсіндік композицияcы, тікенек сымды лагерь қоршауы мен күзет мұнарасы, «Көз жасы» стелласы, Зерде қабырғасы, тұтқын әйелдер тұрған барак пен «АЛЖИР» тұтқындарын балаларынан айыру» диорамасы, «Алаш» бағы, Ескерткіш белгілері мен мұражай ғимараты бар.
«Алаш» залының экспозициялары Қазақстанның патшалық Ресейдің құрамына қосылған кезден бастап кеңестік кезеңді, 1937 жылдың жаппай қуғын-сүргінін бейнелесе, «АЛЖИР тұтқындары» деп аталатын экспозициялық көрме залы «Отанын сатқандар» әйелдерінің ақмолалық лагерінің тарихына, кінәсіз тұтқында отырған әйелдерге арналады. Мұнда олардың өмірі туралы материалдар орналастырылған. Отбасылық фотосуреттер, жеке заттары, «АЛЖИР» лагерінің тұтқындары қолдарымен жасаған заттар қойылған. Аналардың қолымен жасалған бұл бұйымдарда үзілмеген үміт, сөнбеген рух тұнып тұрғандай.
Қуғын-сүргін тақырыбы қоғамда қозғала қоймаған сонау 1989 жылы осы Ақмолда саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған «Қақ айырылған жұлдыз» атты тұңғыш ескерткіш ашылды. Сол жылдары ауыл шетінде тұтқындар мен олардың балаларының жерленген орындары анықталды. Қазіргі таңда ол жерде ескерткіш белгілер орнатылған.
– Мұражай ұжымы ғылыми-тәжірибелік конференцияларды, дөңгелек үстелдер мен семинарларды, экскурсияларды, тақырыптық және көшпелі көрмелерді, шет мемлекеттерге ғылыми-зерттеу бағыты бойынша іс-сапарларды, саяси қуғын-сүргін құрбандарының ұрпақтарымен, ақын-жазушылармен, мемлекеттік қайраткерлермен кездесулерді ұдайы ұйымдастырып келеді. Түрлі жинақтар жарық көрді. Тұтқында болған әйелдер тізімі де толықтырылуда. Арнайы www.museum-alzhir.kz. сайты жұмыс істеп тұр. Мұражай ашылғалы бері мұнда 300 мыңнан астам адам атбасын бұрды. Ендігі мақсатымыз – ХХ ғасырдың 30-50-жылдардағы жаппай саяси қуғын-сүргін кезеңінің тарихын зерттеу және тұтқындардың цифрлы мәліметтер базасын құру болып отыр, – дейді мұражай директоры Самат Тергембаев.
P.S.: Халқымыз аштықтан қынадай қырылған, зиялыларымыз, олардың үрім-бұтағы мен отбасын, Алаштың күллі игі-жақсыларын, «сүт бетіне шығар қаймағын» қалқып алып, қуғын-сүргінге ұшыратқан кеңестік билікті қалай ақтауға болады? Сол зобалаң кезеңде 103 мыңнан астам отандасымыз тұтқындалып, оның 25 мыңнан астамы өлім жазасына кесілді. Қаншама қаракөздің қабірін іздеп сандалдық. Сонда да болсын тоталитарлық жүйе қайраткерлеріміздің тәнін көмгенімен, рухын көме алған жоқ деп ұғынамыз. Сол рух бүгінде жүрегі елім деп соққан әр азаматтың бойында бар. Себебі рух сөнбейді! Рух қара жерге көмілмейді.