Ол білім саласына кездейсоқ келген жоқ. Оны бұл жолға өзі білім алған мектебіндегі ерекше жүйе жетелегендей. Кейіпкеріміз оқыған білім ұясында жоғары сыныптың оқушылары төменгі сыныптың балаларына сабақ түсіндіретін жүйе болыпты. Сол кезде биология пәнінен көптеген олимпиадаға қатысып жүрген оқушы мектебіндегі ерекше жүйе бойынша өзінен кіші балаларды өзі үздік пәннен жарыстарға дайындапты. Кейіпкеріміз білгенін өзгеге үйрететін ұлы қызметтің жанына жақын екенін оқушы күнінде түсінген. Жас буынға жаңа нәрсені үйреткенде олардың көздерінен от көріп, бойларынан білімге, өмірге деген құлшынысты сезінгені педагогика саласына түбегейлі бағыттап жіберген көрінеді.
Мінекей, бүгінде ол – еліміздегі ең жас мектеп директоры. Есім-сойы – Шәкәрім Сейсембай. Кейіпкеріміз «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы атанды.
Негізі Шәкәрімнің анасы да мектеп басқарған, яғни білім берудегі менеджерлік, бәлкім көшбасшылық кейіпкерімізге қанмен және тәрбиемен сіңген секілді. Себебі ол кішкентай күнінен анасының жұмысында жиі болды, мектептегі басқару жүйесіне қаршадайынан қанықты. Директор-анасының қызметкерлерімен, мұғалім, ата-ана, оқушылармен қалай қарым-қатынас орнатқанын көзімен көрді. Міне, Шәкәрімді өз өмірі ұстаздарға ұстаз болуға балаң кезінен баулығандай.
Кейіпкеріміз мектепті бітірген соң Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің молекулярлық биология және генетика факультетіне оқуға түсті. Жоғары оқу орнын ғылыми биология бағытында бітіргенімен, білім беру саласынан қол үзген жоқ. Ол университетте оқи жүріп қосымша мектепте оқушыларға сабақ берді. Ал жоғары оқу орнындағы оқуын аяқтап, ғылыми биология бағыты бойынша бакалавр дәрежесін алғанда алдында екі таңдау тұрды: не ғылым, не мұғалімдік қызметті жалғастыру. Ол екіншісін таңдады. Себебі оған мұғалімдер мен оқушылардың аудиториясы ұнайды, олармен жұмыс істегеннен шабыт алады.
Өзін дамытуды қалайтын адам әрқашан ізденісте жүретіні анық. Шәкәрім де жаңа таңдау жолында өзін жетілдіру үшін Назарбаев университетінің білім беру бағыты бойынша бойынша магистратурасына түсті. Ондағы оқуын тәмамдағаннан кейін Назарбаев зияткерлік мектебі, Республикалық физика-математика мектебі, «Білім-Инновация» лицейі сынды бірқатар белді де беделді мектепте еңбек етті. Бұл кейіпкеріміздің жаңа бағытта өзін дамытуға, жаңартылған білім мазмұнын тереңірек меңгеруіне, инновациялық ойларын іске асыруына үлкен тәжірибе болды. Ол негізінен жоғарыда аталған алдыңғы қатарлы орта білім беру ұйымдарында жұмыс істеуді магистратураны бітірген мезеттегі мақсатына жету жолындағы басты қадамдарының біріне балады. Шәкәрім мүмкіндігі мол, оқытушы-профессорлық құрамы шетелдік мықты мамандармен толыққан Назарбаев Университетіндегі оқуынан кейін сонда жиған білім-білігін және тәжірибесін жалпы білім беретін мектептерді дамытуға, ондағы жүйені өзгертуге жұмсауды көздеген еді. Сол ниетімен жағдайы жақсы оқу ордасынан қарапайым қатардағы мектепке ауысты. Бүгінде сол мақсатына қол жеткізіп келеді. Өйткені ол басқарған мектеп аз уақытта көп өзгерген.
Шәкәрім жалпы білім беретін мектепке келгенде алғашқы жұмысты оқушылар, мұғалімдермен директор арасындағы қатып қалған қарым-қатынасты өзгертуден бастапты. Директордың әдеттегі оқушылармен сынып сағатында, мұғалімдермен педагогикалық кеңестерде тілдесетін қағидасын жойып, балалармен далада ойнап жүрген уақытта, ұстаздармен қоңырау кезінде еркін диалог құруды қолға алған. Жиналыс форматында емес, қарапайым әңгімелесуді кездейсоқ ұйымдастыратын әдет тапты. Бұл оларды мәртебесіне қарамай ой бөлісіп, пікір алмасуға жеткізді. Бұдан кейін мектептегі отызға жуық әжетхананы сауда үйлеріндегідей стандартқа сай жөндеткен. Неге? Себебі оның ойынша, мектепте тәрбие беруді қолға аламыз, ал тәрбие тазалықтан бастау алады. Және жөндеу жұмыстарын мектептің өз қаражатына жасап шығыпты.
Жас директор осыдан соң мұғалімдердің менеджерге деген көзқарасын өзгертуге бет бұрды. Осы ойын нақты іспен көрсетіп, директордың бұрынғы кабинетін мұғалімдерге беруді ұйғарды. Өйткені мұғалімдердің жұмыс істейтін, отырып сөйлесетін бөлмесі болмапты. Ал директордың әлгі кабинеті кең екен. Мұнымен қоймай ұстаздарға арнап жоспар жазатын, құжаттарды шығарып, шай ішетін шағын Сoffee Boom секілді бөлмені де жасақтады. Осындай жұмыстарды, қызметіне жасалған жағдайды көзімен көрген мұғалімдердің еңбек етуге деген ынтасы бұрынғыдан бетер арта түскен.
Бұл өз кезегінде мектептің білім сапасына айрықша әсер ететіні сөзсіз. Оның нәтижесі мектеп оқушыларының кейінгі жылдардағы жетістіктерінен анық көріне бастады. Айталық, былтырғы оқу жылында 4 бірдей мектеп түлегі Назарбаев университетіне оқуға түскен. Бұл кейіпкеріміз басқаратын №54 мектеп-лицейінің тарихында алғаш рет болып отыр. Ал бір оқушысы әлемдегі үздік жүздікке кіретін Гонконгтағы политехникалық университеттің студенті атанған. Оған жас директордың жаңа заманға сай stan зертханалар мен coworking мұғалімдер бөлмесі, интеллектум кабинеттері, рекреация зоналарын жасақтағаны, сондай-ақ мектеп ішінен тренингтер, түрлі семинарлар мен іс-шараларды өткізе беретін HUB кабинеттерін құрғаны себеп болды. Осыншама еңбек пен өзгерістің арқасында жалпы білім беретін қатардағы қарапайым мектеп екі жылдың ішінде білім деңгейі бойынша тұрақты нәтижеге қол жеткізді.
Ал жаңа форматтағы білім беруге көшкенде кейіпкеріміз қашықтан оқытуды онлайн сабақпен шатастырмау керектігін айтады. Себебі қашықтан оқытудың аясы әлдеқайда кең. Бұл форматпен білім бергенде түрлі әдіс-тәсілдерді, тиімді тетіктерді пайдалануға, жағдай мен мүмкіндіктерге қарай түрлендіріп отыруға болады. Шәкәрімнің пайымдауынша, қашықтан білім беруге онлайн сабақ та, тапсырмалар мен инструкциялар да, дедлайн қою да жатады. Аталған жүйемен сапалы білім беру үшін әр мектептің географиялық жағдайы мен жалпы мүмкіншілігін кеңінен қарастыру қажет. Мысалы, өзі басқаратын мектеп елордада болғандықтан, оқу ордасы google-дің тегін платформаларын пайдаланып отыр. Бұл бағыттағы жүйелі жұмыстарды 2 жыл бұрын қолға алған екен. Платформаларда жұмыс істеуді алдымен мұғалімдерге үйретуден бастаған. Енді қашықтан оқыту форматына көшкен кезде ортаға оқушыларды қосты. Заманауи жүйені күнделікті қызметке енгізудің нәтижесінде «төтенше» тоқсанда да тосылмай, тығырықтан шығып, мектептің білім беру жүйесі бір ізге тез түсті. Барлық қажетті материалдар google дискіге салынатындықтан, оқушылар еркін ала алады. Шәкәрім оқу ордасындағы жұмыс жемісті, қашықтан оқыту сапалы болуы үшін бір мектептегі педагогтар бір жүйені пайдаланғаны дұрыс екенін айтады. Өйткені олар әртүрлі платформаларды қолданса, ортада балаға ауыр тиеді. Жас директор жаңа қауіп-қатер тың идеялар мен табанды тәуекелдер туғызатынын айтады. Сол себепті қашықтан оқытудың да пайдалы тұстары бар екенін, білім беру саласына елеулі өзгерістер алып келетінін түсініп, соған сай әрекет ете білу керек.