• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Коронавирус 27 Мамыр, 2020

Бетперде режімін бұзуға болмайды

455 рет
көрсетілді

Батпандап ауру кіргеніне – әлемге әлек кіргеніне әуелгіде секемденіп қарасақ та, карантин шараларының кейінгі кезде қатаң сақталмауы әжептәуір алаңдата бастады. «Елемеген ауру жаман, ескермеген дау жаман» немесе «Ауруды елемеген өлер, дауды елемеген төлер» деген халықпыз. Әйтсе де, қазіргі кеп – осы.

Соңғы деректер бойынша, елі­міз­дің кейбір өңірлерінде COVID-19 жұқтырғандар саны күрт артып, 9 мыңға жуық­та­ды. Әсіресе Алматы мен Нұр-Сұл­тан қалаларында, Аты­рау облысында аталған індет өр­ши түсті. Мемлекет тарапынан ін­деттің індете таралмауы үшін бар­лық шаралардың дер кезінде қолға алынуы біршама уақыт бойы бұл аурудың бетін қайта­руға септесті. Дегенмен, халықтың нәпа­қа­сыз қалмауы да ес­керіліп, кейбір мекемелер мен ұйым­дар­дың қызметін қайта бас­тауы­на мүмкіндік берілді. Бірақ мұның барлығы карантин­дік талап­тар­дың аясында екені ескерусіз қал­ғандай. Соңғы күн­дері елорданың өзінде сани­тарлық нормаларды сақтама­ғаны үшін 26 нысан жабылып, кейбірі кемшіліктерін түзе­ген соң жұмыстарын қайта жал­ғас­тырған.

Сондай-ақ Қарағанды өңірінің барлық кәсіпорыны кү­шей­тілген санитарлық режімге көшірілсе, Түркістан облысы карантинді 8 маусымға дейін созды. Ал Ақмола облысының Целиноград ауданына қарасты Талапкер ауылында бір жасар баланың аталған дертті жұқтырып алуы коронавирусқа қатысты енжарлық танытуға болмайтынын көрсетіп отыр.

Десек те азаматтарымыз сақтық шараларын ұмытқан сыңайлы. Көшеде қозғалыс көбейсе де, көпшілік бетпердесіз жүргенін аңдау қиын емес. Осыған орай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қалаларда карантин шаралары сақталмағандықтан індет жұқтырғандар саны артып барады. Үкімет, облыс және қала әкімдері жағдайды реттеуі керек. Көпшілік орындарда, қоғамдық көліктерде бетперде тағу міндетті. Азаматтардың денсаулығын сақтау үшін нақты шешімдер қабылдау қажет» деп жазған болатын туиттердегі парақшасына.

Екі дүние арасын бір қадам қылған қатерлі індетті сан саққа жүгіртіп, бейқамдық танытуға болмайды. Бірақ ауырған кісіге бал да ащы болатынын ауырмаған адам қайдан білсін?! Басқа түскенде ғана баспақшыл болатын әдетіміз барын да жоққа шығармаймыз. Сынықтан өзгенің бәрі жұғатынын әсте ұмытпау қажет. Әйтпесе асқынған ауру насырға шабатынын ақ желеңді абзал жандар айтуындай-ақ айтып келеді. Дегенмен жаз келді, жазбен бірге таза ауаға тыныстауға шыққан тұрғындарда есеп жоқ. Еркіндік пен еренсіздік егеске түскенде, еренсіздік жеңіп шыққандай әсер қалдырады. Ал мұның соңы карантиннің қайта күшейтілуіне, оқшаулану жағдайының созылуына алып келуі де ықтимал.

Күнделікті науқастарды қабылдап жатқан инфекционист-дәрігер Гүлмира Қалмағанбетованың айтуынша, халық әлі де ара қашықтықты сақтауы міндетті.

– Қазір қалада да, далада да адамдар карантиннің әуелгі талаптарын сақтамай, босаңси бастағанын байқап жүрміз. Соның салдары болар, елімізде вирус жұқтырушылар қатары азаяр емес. Сондықтан мейлінше үйде болып, үй жағдайында оқшауланған дұрыс дер едім. Сонымен бірге бетперде режімін де бұзуға болмайды. Байқасаңыз, қазір көптеген азаматтар бетпердені қалтасына салып жүреді, не иегіне тағып алады. Бұл – дұрыс емес. Бетперде ең бірінші өзіңізді, отбасыңызды, ет жақындарыңызды қорғау үшін керек. Одан кейін өзіңіз өмір сүретін ортаның қауіпсіздігі үшін де өзекті екенін ескерген жөн. Сол себепті жеке гигиеналық тазалықты сақтап, үнемі қолды жуып, антисептик құралдарын қолдануға кеңес береміз, – дейді Гүлмира Сапарғалиқызы.

Ал қала ауласында шулаған бала-шаға мен оларды жақыннан бағып отырған ата-аналарға зер салсаңыз, бір бейғамдықты байқар едіңіз. Әлбетте бәрі бірдей емес. Бетпердесін шешпей, қолына медициналық қолғап киген жандардың бірі Айдана Елдосқызы қала көшелеріндегі көпшіліктің бетпердесіз жүруіне қарсылығын жасырмады.

«Заң, талап – баршаға ортақ. Біріміз бойұсынып, біріміз құлаққа ілмейтін болсақ, оның несі карантин?! Бұл мемлекеттің де карантинді сағыздай созуына алып келеді. Өйткені жалпы халықтың амандығына мемлекет жауап береді. Адамдар да өздерінің жауапкершілігін сезінуі, соған дағдылануы қажет деп ойлаймын» дейді ол.

Расында, «сынық арба көп көшер» дегендей, дені дімкәс қоғамда бұл дерттің бұйдасына ие бола алмау қаупі басым. Сондықтан күннің шыжғырған ыстығына қарамастан, бетперде киіп, өзіңіздің де, өзгенің де жайын ойлаған ләзім. Мамандардың да, азаматтардың да ортақ тілегі осы арада тоқайласады.