Ақпарат заманында көбі өзгеріп, оңтайлана түсті. Сондықтан азаматтық қоғамның ережелері де өзгерді. Бұл дегеніміз азаматтардың бейбіт жиындарға, өз ойын айтуға деген көзқарасы түрлене түсті. Сондықтан бұл процесті ілгерілеу деп түсінуіміз қажет.
Заң қабылданғаннан кейін азаматтардың сөз бостандығы мәселесін реттеп, бейбіт жиындар өткізуді жеңілдетпек. Бұған дейін айтқанымдай, бейбіт жиындар азаматтарымыз үшін қалыпты нәрсеге айналады. Әрине бұған уақыт керек.
Бейбіт жиындар өткізу туралы өтінішті беру уақыты да қысқартылды. Либерализация нәтижесінде енді өтінішті 15 күн бұрын емес, 5 күн бұрын беру де жеткілікті. Жиын өткізетін орындардың да халыққа ыңғайлы, инфрақұрылымдық объектілерді қолдану мүмкіндігі болуы керек. Сонымен қатар әкімдіктер аталған жерлерде басқа шаралар өткізіліп жатса хабар беріп, ақпарат таратып тұруы керек. Оған қоса демонстрация мен шеру сияқты жиындар өткізбес бұрын жергілікті атқарушы билікті құлағдар ету де азаматтардың жұмысын жеңілдетпек. Өйткені көшелерді жауып, жүргіншілер мен жүргізушілерге кедергі келмеуі керек. Халықаралық пактілер мен Конституцияға сәйкес, митингтер құқығы басқалардың құқығын шектемеуі керек. Яғни, басқа тұрғындардың жұмысы тоқтап, жолынан қалу сияқты олқылықтар болмауы тиіс.
Тағы бір назарға алатын жайт – журналистердің жұмысы. Бейбіт жиындар кезінде журналистердің жұмысын шектейтін ережелер толықтай қысқартылды десек болады. Құжаттарға қатысты талаптар да оңтайландырылды.
Ал жиындарды тоқтату мәселесіне келсек, адам өмірі мен денсаулығына қауіп төнген жағдайда, мемлекет мүлкі зақымдалғанда, арнайы орынға жиналғандар саны шектен асса, жиынды тоқтауға рұқсат бар.
Мұндай нақты шектеулер көрсетіліп, белгіленгені дұрыс. Жалпы, жаңа заң Адам құқықтарын қорғау жөніндегі еуропалық конвенция принциптеріне де сәйкес келеді. «Тыйым салынбағанның бәріне рұқсат» пен «азаматтың құқығы екінші азаматтың құқығын шектемеуі» керек деген адам құқықтарының басты екі принципі негізге алынған.
Марат БАШИМОВ,
Еуропалық құқық және адам құқықтары институтының директоры