2017 жылдың қаңтар айында қызмет бабы бойынша Оралдан Ақтөбеге ауысып келгенімде бұл өңірде есімі ел есінде жатталып қалған қайталанбас композитор Шәмші Қалдаяқовқа деген құрметінің ерекше екенін байқадым. Әсіресе ақтөбеліктердің ұлы өнер иесіне деген қошеметін сөзбен емес, тиянақты тындырылған іспен шегелеп тастағаны тәнті етпей қоймады.
Айталық Ақтөбе облыстық әкімдігі мен мәслихатының 2007 жылғы 11 шілдедегі бірлескен шешімі бойынша, Қарғалы ауданындағы Александровка ауылы Шәмші Қалдаяқовтың атына берілген. Әрі мұнда сазгерге ескерткіш мүсін қойылған. Бұдан екі жыл өткен соң 2009 жылы Ақтөбе қаласындағы орталық көшелерінің бірі Шәмші Қалдаяқов атауын иеленген.
Қандай істің болса да дем берушісі, жанашыры мен қамқоршысы болмаса, оның мәртебелі бола қоюы екіталай. Осы орайда Шәмшінің есімін ұлықтау және ұмытпау жөніндегі шапағаты мол істердің басы-қасында, есімі Ақтөбе аймағына белгілі азамат, өңірдің өркендеуіне сүбелі үлес қоса білген аға-буынның қабырғалы өкілі – Бақыт Ғизатов болғанын білдік.
Ол 2006 жылы ең алдымен «Шәмші қорын» құрып, жоғарыда айтылғандай көрнекті композиторға көше, ауыл атауларын беру жөніндегі мәселелерге ең алғаш рет бастамашы, ұйытқы бола біліпті. Облыстағы атқарушы және сайланбалы органдар қор жетекшісі тарапынан білдірілген ұсыныс-тілектерге түсіністікпен қарай білгені де парасаттылықтың бір белгісі.
– Бұған дейін ешқандай мәні де, мағынасы да жоқ өзге атау иеленген көшенің сиқы қашыңқырап тұр екен. Сондықтан сөзімізді жерге қалдырмайды-ау деген кәсіпкер азаматтар мен Шәкеңнің есімін мақтан тұтатын өзге де жанашыр жандарға қолқа сала жүріп, Шәмші көшесінің асфальтін жаңғыртып, оның қос қапталынан суағар арық жүйесін жүргізуге күш салдық. Сонымен бірге Шәмші Қалдаяқов көшесінің басына оның қысқаша ғұмыр-дерегі жазылған тақтайша ілінді, деп еске алады сол бір қарбалас күндер жөнінде ел ағасы.
«Шәмшінің арғы аталары және олардың тағдыры жөнінде деректерді білгің келсе, ақтөбелік тарихшы-өлкетанушы Баянғали Құлтаев пен Шәмші рухын асқақтатуға бел шеше кірісіп жүрген азамат Арынғазы Беркінбаевқа жолығуыңа болады», деген-ді бір жолы хабарласқанымда Бақыт Ғизатов ақсақал. Іздегенге сұраған деген осы емес пе? Көп кешікпей, ол кісілермен де кездесіп, ой-пікір бөлісудің сәті түсті.
Содан көңілге түйгеніміз Ақтөбенің ежелгі тарихын, оның кешегісі мен бүгінгісін шежіредей шертетін Баянғали ағамыздың айтуынша, Шәмшінің арғы аталары қазіргі Қарғалы ауданы аумағындағы Жайық өзенімен шектесетін тұсында ғұмыр кешіпті. Олар дәулетті, өздерінің ақ-адал еңбектерін құрай білген өте еңбекқор адамдардың болғаны өлке тарихында тайға таңба басқандай жазылған. Жиырмасыншы жылдардың орта шенінде бай-кулактарды тап ретінде жою жөніндегі шолақ саясаттың салдары Шәмші Қалдаяқовтың арғы аталарына да тиіп, оларды қуғынға түсіру әрекеттері ойластырыла бастайды.
Соны сезген еңбекқор жандар қолдарындағы малын сатып, бір түнде тұтас ауыл болып, қазақ топырағының оңтүстік жағына қарай бағыт алады. Мұндағы басты ой-мақсаттары Қытай шекарасына қарай өтіп кету екен деп жалғастырды бұдан әрі өз сөзін Б.Құлтаев. Әйтсе де оңтүстікте Жайықтың бойын жайлаған жағалбайлыларды байсың ба, кедейсің бе деп ешкім беттен алып, жағасына жармасып жатпағандықтан, олар сол жақта тұрақтап қалып қояды. Содан соң, екі-үш жыл өткеннен кейін күн сәулелі оңтүстік өңірінде, яғни бұдан тұп-тура 90 жыл бұрын сонау 1930 жылдың 15 тамызы күні Шәмші дүниеге келеді.
«Міне, халқымыздың мақтан тұтар ұлының арғы аталары тағдырының қысқаша тарихы осындай» деп аяқтады өз ойын Баянғали ағамыз. Ш.Қалдаяқовтың арғы аталары мен өз ғұмырының беймәлім беттері туралы әңгіме қозғалған кезде оның мектеп бітіргеннен кейін Қапланбек мал дәрігерлік техникумына түсіп оқығаны әрі оны ойдағыдай аяқтап шыққандығы жөніндегі ғұмыр-дерегінің бір үзігі оқырмандар үшін тың дерек болады деген ойдамыз.
– Техникумды бітірген соң Шәмшіге Ақтөбе облысының Мұғалжар ауданына қарасты «Темір» совхозына жолдама берілген. Ол осы жолдамаға сәйкес атамекеніне келіп, Кеңес армиясы қатарына алынған кезге дейін бір жылдан астам уақыт бойы зоотехник болып қызмет еткен. Содан соң осы жерден әскер қатарына шақырылып, азаматтық борышын жердің түбі Сахалинде өтеген. Кеудесі саз бен ырғаққа толы жас маман өзіне жүктелген жұмысты тиянақты атқарып, сонымен бір мезгілде шекті аспабын арқалап жүріп, шопандар ауылына атпен барып олардың көңілін көтеруді де ұмытпапты. Қазіргі уақытта қатары сиреп қалған сол дәуірде бір совхозда бірге қызметтес болған ақсақалдардың айтуынша, Шәмші алыстау болса да, өз нағашы-жиендерін тауып, олармен жақсы сыйласып, аралас-құралас болып, бір жылдан аса абыройлы қызмет атқарыпты, деп тұжырымдады өз естелігін «Шәмші қорының» жетекшісі.
Тағы бір айта кетерлік мәселе, аталған қор жанашыры бүгінде жасының ұлғайып қалғанына қарамастан, Шәмші Қалдаяқовқа Ақтөбе қаласында ескерткіш орнату жөніндегі ұсыныс-тілегін жергілікті атқарушы орган өкілдеріне жеткізіпті. Әйтсе де, оның нақты қай жерге, қашан тұрғызылатыны әзірге белгісіз күйінде қалып отыр.
– Егер бұл мәселе шешімін тапса, жағымды жайт өнер иесінің, халқымыздың мақтан тұтар талантты ұлының туғанына 90 жыл толуына орай тамаша тарту болар еді, дейді Бақыт Ғизатов.
Біз осы мақаланы жазу үстінде өңір мәдениеті мен өнерінің тамыршысы, мәдениет саласының ардагері, кәнігі өнер зерттеушісі Еркін Құрманбек ағамызға жолығып, композитордың өнердегі жолына қатысты есте қаларлықтай жайттарды айтып беруін өтінген едік. Ол кісі аз-кем ойланып отырды да, сонау 1956 жылы Шәмші Қалдаяқовтың «Менің Қазақстаным» әні тұңғыш рет кеудесін жарып шыққан кезде оның тағдыры тым ауыр болғаны жөніндегі әңгімені халқымыздың аузы дуалы азаматтарынан естігенін айтып берді. Ерекеңнің бұл әнге қатысты қынжылысының түп төркіні төмендегідей болып шықты.
– КСРО-ны Никита Хрущев басқарған жылдары біртұтас қазақ жері ту-талақайға түсе жаздап, солтүстік облыстарды Ресейге, Маңғыстауды Түрікменстанға, оңтүстік өңірлерді Өзбекстанға беру жөніндегі империялық астамшылдық белең ала бастады. Сөйтіп қазақ жерін бөлшектеу жөніндегі зымиян саясат ер мен жердің, туған топырақ, кең-байтақ даламыздың тұтастығына қауіп төндіре түсті. «Менің Қазақстаным» дәл осы тұста шығарылған. Тағы қынжыларлық жайт, Шәмші өз туындысын қайда апарса да оны ешкім қабылдамапты. «Мәдениет және тұрмыс» журналына ұсынса, баспай қояды. Өйткені «кең-байтақ елім бар, оған қарашы» деу сол дәуірдің идеологиялық өлшеміне сәйкес келмейтін. Яғни осы әні арқылы Шәкең сол кездегі Мәскеу билігіне қарсылық көрсетті деп түсінуіміз керек. Өз елін шынайы сүйетін, оған жаны ашитын адал ұлы ғана осындай өр мінез таныта алады. Соны Шәмші Қалдаяқов жасады десек, қателеспейміз. Мұндай батыл қадамды Шәмшінің өз елін қорғауға деген ұмтылысы мен отаншылдық рухының биіктігі, саяси ерік-жігерінің молдығы деп қарастыру да қажетті іс.
Сол бір жылдарда Шәкең Қазақ радиосының әншісі Жамал Омаровамен рухани-шығармашылық тұрғыда түсіністік пен үндестік тауып жүріпті. Сонымен бір күні Жамал апайға композитор: «бір ән шығарып едім, тыңдап көріңізші» демей ме? Сөйтіп Шәмші Жамал апайға жаңа әнін орындап береді. Сол кезде Жамал апай: «Шәмші бұл әніңді маған бұған дейін неге әкелмей жүрсің? Неден сескендің? Тұнып тұрған туған жердің әуені ғой мынауың. Дүние айналып кетсе де, мен мына әніңді радиодан орындаймын», деп атақты әнші Жамал Омарова жанып түседі. Солай болады да. Ән халқымыздың тамаша әншісі Жамал Омарованың орындауында Қазақ радиосында алғаш шырқалғаннан кейін елге кеңінен таралып кетеді. «Міне, Шәмші Қалдаяқов өзінің елі мен жері алдындағы азаматтық парызын осылай атқарып еді. Сол кезде Шәкең жиырма алтыда, ал әннің сөзін жазған ақын Жұмекен Нәжімеденов не бәрі жиырма бір жаста екен», деп аяқтады өз әңгімесін Еркін ағамыз.
Міне, биыл туғанына 90 жыл толып отырған қазақ музыка өнерінің патриархы Шәмші Қалдаяқов ғұмырының кейбір беймәлім беті мен қазір Қазақ мемлекетінің әнұранына айналған «Менің Қазақстаным» туындысына қатысты кейбір дерек осындай.
АҚТӨБЕ