Қазіргі таңда «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» заңының атауынан бастап, осы заң баптары мен өзге де қолданыстағы заңнама мәтіндерінде орыс тілінен кірме «судья» сөзі үстемдік құрып, мемлекеттік тілдегі тиесілі баламасы бекімей, қоғамда да ауқымды сипатта қолданыс тауып отыр.
Кең тараған орыс тілінің сөздігінде: «Судья, ...Должностное лицо, разрешающее дела в суде» ( С.И. Ожегов. Словарь русского языка.М.,1973, 717 бет) деген түсінік берілген. Аудармасы: Судья – ...Соттағы істерді шешетін лауазымды тұлға. Сонымен, «судья» сөзі орыс тілінің төл сөзі екендігі анық болып тұр. Бұдан, ертеден қазақ даласында ел арасы қылмыс пен дау-дамайдың ақ-қарасын анықтап, шешіп беретін ешкім болмаған ба деген сұрақ туындамауы керек. Қазақ даласында ғасырлар бойы қылмыстық, азаматтық және басқа адам құқығына байланысты істерді ел арасында билер шешкен. «Билердің әдет-заң нормаларын талқылауда, билік шығаруда, бұл биліктің орындалу әдістерін белгілеуде кең құқықтары болды. ...Билер сот қызметін атқарумен қатар жеке ауыл, тайпа, руларды басқарды». (Ақбай Н. Қазақтардың дәстүрлі атаулары – Алматы, 2013, «Арда+7»,101-102 беттер). Бұқара халық әділ билерді құрмет тұтқан, шешімдерін орындаған. «Қазақ әдеби тілінің сөздігінде» «би» сөзіне мынадай түсінік берілген: «Қазақ қоғамындағы бұрын-соңды қалыптасқан әдет-ғұрып, салт-сананы өте жетік білетін, сөзге шешен, өзі заңгер, өзі істің ақ-қарасын айқындап үкімін шығаратын сот» (Аталған сөздік,3-том, Алматы, «Арыс» баспасы, 2006, 332 бет). 1927 жылы Қызылорда қаласында басылып шыққан Н.Қаратышқановтың «Пән сөздері (Терминологиялық сөздік)» кітабында «судья» сөзі «би» деп аударылған(Аталған сөздік, Ер-Дәулет, Алматы-2004, 112 бет). Өкінішке қарай, 2009 жылы жарық көрген «Құқық саласының терминдер сөздігі» алғысөзінде: «Қоғам өмірінің барлық саласында мемлекеттік тілге кең өріс ашуда терминдік сөздіктердің алатын орны ерекше» деп аталып өтілсе де, осы көлемді еңбекте Қазақстан Республикасының заңнамасында кеңінен қолданылып жүрген бүгінгі заң терминологиясында орныққан терминдер мен терминдік тіркестер санатынан «судья» сөзі өзінің биік мәртебесіне сай тиесілі орнын алмаған, тіпті ескерілмей де кеткен (Аталған сөздік, «RedGreenBlue» ЖШС, 2009, 3 бет). Сөздікті құрастырушылар «судья» сөзі мемлекеттік тілге жат екенін, мағынасын түсіну үшін орыс тілі сөздігіне жүгіну керек екендігін басшылыққа алған болар. Бір себепті бұл дұрыс та: бетпе-бет кезіккен мәселені мейлінше айқындап тұр.
Сонымен, жалпы қазіргі қолданыстағы орыстың «судья» сөзі кезінде қазақтың «би» төл сөзімен аталуы ықтимал еді. Бірақ Кеңестік биліктің қатыгез тотаритарлық жүйесі беттетпей үстемдік құрған дәуірде, білімдар ұлтжанды өкілдерін қырғынға ұшыратқаннан кейін, ұлт қамын ойлап, ұсыныс жасайтындар саны сол сәтте жағымсыз «ұлтшылдар» атанып, бастары пәлеге ұшырайтын болған. «Би» сөзі түсінігі де өткен таптық теория саясатының пәрменіне төтеп бере алмай, мән-мазмұны өзгеріске түсіп, өткен заманнан қазіргі заманның табалдырығынан аттай алмай қалған. Оған дәлел замана жаңғырығының белгісі ретінде Кеңес дәуірі кезінде шыққан «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінің» 2-ші томындағы «би» сөзінің түсіндірмесіне көңіл аударайық: «Дау-жанжалға билік айтушы үстем тап өкілі» (Қазақ КСР-нің «Ғылым» баспасы, 1976 ж., 300 бет). Сондықтан да болар, заңшығарушы (законодатель) мен ғалымдар «би» сөзінен шошынып, аластау себебі осындай түсініктен қалыптасқаны айдан анық.
Қазақстан Республикасы Конституциясының 76-бабының 1, 3 тармақтарында былай жазылған: «1.Сот билігі Қазақстан Республикасының атынан жүзеге асырылады және өзіне азаматтар мен ұйымдардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғауды, Республиканың Конституциясының, заңдарының, өзге де нормативтік құқықтық актілерінің, халықаралық шарттарының орындалуын қамтамасыз етуді мақсат етіп қояды»; ...3. Соттар шешімдерінің, үкімдері мен өзге де қаулыларының Республиканың бүкіл аумағында міндетті күші болады». Зер салсақ, «Сот билігі», «Соттар шешімдері» түсініктері Негізгі заңымызда айқын қамтылып, бекіген. Сондықтан соттардағы азаматтық, қылмыстық, әкімшілік және тағы басқа істер қаралғанда «сот билігі» мен «сот шешімдері» арқылы заңды күшіне енетіндігі анықталған. «Билік» сөзі қолданыстағы заңнамада «сот» сөзінің ажырамас бір бөлігі болып тұр. «Билік» сөзінің түпкілікті түбірі «би» сөзі екені дау тудырмайды. Сондықтан қазіргі таңда, егеменді елімізде тәуелсіздік пен демократия кең қанат жайып орныққан заманда, өткен қиямпұрыс кезең салдарынан кеткен кемістіктер мен бұрмалаушылықтардан кеткен қателерді батыл түзеуге бет алу заң шығарушы тараптың айнымас парызы.
Сонымен, ана тілімізді «билігі жүріп, дегенін істетіп отырған» патшалық Ресей, Кеңес дәуірінің өткен бодандық кезеңінен бері кемсітіп тұрған бөгде, құлаққа жағымсыз естілетін «судья» сөзін, «көне де жұпыны» – би сөзімен алмастырудың жөні жоқ деген пікірлер туындаса, осы орайда, кең қолданысқа ұсынылып отырған «Бишешімгер»(би+шешім) деген жаңа тіркеме, қосынды сөз – орыс тілінен өзгермей алынған аталған сөздің ұғымын жан-жақты, дәлме-дәл қамтып қана қоймай, ең бастысы, жат тілдің кірме сөзіне тәуелді болмау саналы жол екенін қаперімізге деректі түрде салып тұр. Осы ұсынысты бекітетін тағы бір аса маңызды аргумент: соттар өз тарапынан шығаратын соттың негізгі құқықтық актілері болып үкімдер, қаулылар, шешімдер, ұйғарымдар, бұйрықтар, ұсынымдар және тұжырымдар саналады, қорытып айтқанда олардың бәрі «шешім» деген бір жалпы сөзбен қамтылады. Сонымен, сот ісін жүзеге асыратын субъект қашанда «шешім» шығарады. Сондықтан «Бишешімгер» орынды сөз. Еліміздің барлық заңдары мен құжаттарында «Судья» сөзін «Бишешімгер» төл сөзімізге ауыстыру абыройымызды көтеріп, Отанымызда шынайы Тәуелсіздік нышанын айқын орнықтыратындай тағы бір төлбелгі болары анық! Бұл ұсыныстың жүзеге асуы қиындық тудырмас деген ойдамыз, өйткені жуырда ғана өзіміз куә болған мына тәжірибе үмітімізді арттырып отыр. Мәселен, 2020 жылғы 13 мамыр күні қабылданған «Қазақстан Республикасының кейбiр заңнамалық актiлерiне көшi-қон процестерiн реттеу мәселелерi бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының талаптарына сай қолданыстағы заңнамалық актілердің бүкіл мəтіндеріндегі «оралман, оралмандар» сөздеріне байланысты сөздер тиісінше «қандас, қандастар» деген сөздермен ауыстырылып, бекіген болатын.
Нақыпбек СӘДУАҚАСОВ,
заңгер-публицист