Статистикаға сүйенсек, Қазақстанда 15 жыл ішінде жатыр мойны обырына шалдығу көрсеткіші 22%-ға өскен. Былтыр 1830 әйел жатыр мойны обырына шалдықса, 600 әйел осы дерттен қайтыс болыпты. Яғни елімізде күн сайын екі әйел жатыр мойны обырынан көз жұмады екен. Ал аталған дертке шалдығушылардың орташа жасы – 40-45 жас. Бұл негізінен репродуктивті жастағы әйелдер.
Өткен аптада facebook-тегі ресми парақша арқылы оқырмандардың сауалына жауап берген еліміздің бас онкологы, Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының басқарма төрайымы, медицина ғылымының докторы Диляра Қайдарова осылай деп хабарлады. Сондықтан адамдағы папиллома вирусына (АПВ/ВПЧ) қарсы вакцинаны 9-12 жастағы қыздарға салу оң нәтиже береді дегенді айтады ол. Нақтырақ айтқанда, Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында мақұлданып, Сенаттың қарауына ұсынылған «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодексте аталған екпе осы жастағы қыз балаларға ата-аналарының жазбаша келісімімен ерікті, тегін салынатыны жазылған. «Біз 9 жастан 12 жасқа дейін, яғни жыныстық қатынас басталғанға дейін АПВ-ға қарсы вакцинаны егуді ұсынамыз. Өйткені біздің сауалдама елімізде кей қыз баласының 13 жастан бастап жыныстық өмірді бастайтынын көрсетті. Вакцинаны Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мақұлдаған. Аустралия, Финляндия, АҚШ, Израиль сияқты әлемнің 75 елінде қолданылуда және бұл ұлттық иммундау күнтізбесіне енген. Осы арқылы кейбір дамыған елдерде жатыр мойны обыры атымен жоғалған», дейді бас онколог.
Жатыр мойны қатерлі ісігін алдын алудың екі жолы бар. Оның бірі осы вакцинация болса, екіншісі – скрининг. Осыны айтқан медицина ғылымының докторы: «Қазақстанда жатыр мойны обырына скрининг 2008 жылдан бастап жүргізіліп келеді. Яғни 30-дан 70 жасқа дейінгі барлық әйелдер тексеруден өтуі керек. Олар кез келген уақытта тұрғылықты жері бойынша емханаға барып тегін тексеріле алады. 2018 жылдан бастап Денсаулық сақтау министрлігі скрининг өткізуге қосымша қаржы бөлді. Сондықтан қымбатты әйел қауымы, жылына бір рет тексерілуді ұмытпаңыздар», деді.
Д.Қайдарова вакцинаның сапасына да күмәнмен қараудың қажеті жоқтығын айтады. «Мұндай вакцинаны Америка мен Франция сынды екі ел ғана шығарады. Вирустары бар және тек жатыр мойны обырын ғана емес, әртүрлі кондиломалар, папилломалар сияқтылардың алдын алу үшін де пайдаланылады. Сондықтан Қазақстан бұл вакцинаны тек түпнұсқадан сатып алатыны сөзсіз. Осыдан бір апта бұрын біз Аустралия, Израиль, Финляндия және Ресей ғалымдарымен вебинар өткіздік. Онда олар осы вакцинаны ұзақ уақыттан бері қолданып жатқанын, жатыр мойны обырының төмендеуінде едәуір оң әсерін бергенін айтты», деді ол.
АПВ-ны тасымалдаушылар негізінен ұл балалар. Сондықтан ол қыздарда жатыр мойны обырын тудырып қана қоймай, ерлерде жыныс мүшесі обыры, айналшық (анус) обыры және ауыз қуысы обыры пайда болады. Осыны айтқан бас онколог бұл вакцинаны ұлдарға да салдыруды ұсынатынын жеткізді. «Мысалы, Аустралияда 11 жасқа дейінгі қыздардың барлығы егіледі. Ал қазір олар ұлдарды да вакцинациялау мәселесін көтеріп жатыр. Өйткені ХПВ-ны ұлдар қыздарға жұқтыруда», дейді Диляра Радикқызы.