Сәуір айында сауда желілерінің, бизнес орталықтарының жабылуына, қозғалыстың шектелуіне байланысты қолма-қол ақшасыз, карточкамен жасалған төлемдердің жалпы көлемі сәуір айында айтарлықтай төмендеді. Бұл туралы Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы хабарлады.
Биыл алғашқы үш айда карточкамен жасалған төлем көлемі үздіксіз өскен болатын. Сәуір айында бұл оң динамика күрт төмендеп, 18 пайызға, яғни 1 763,7 млрд теңгеге құлдырады. Соған қарамастан, былтырғымен салыстырғанда көрсеткіш 2,1 есе жоғары екенін айта кету керек. Былтыр сәуір айында бұл 839,7 млрд теңге болған еді.
Республика бойынша қолма-қол ақшасыз жасалған операциялар көлемі бойынша алдыңғы орында Алматы қаласы тұр. Одан кейінгі орынға Нұр-Сұлтан мен Түркістан облысы жайғасты. Өсім динамикасы бойынша да осы үш өңір көш бастап тұр.
– Жалпы, халықтың қолма-қол ақшасыз төлеген «орташа чегінің» көлемі сәуір айында 12 976 теңгені құрады. Яғни наурыз айындағы 13,279 теңгеден аздап төмендегені байқалды. Ал банкоматтан алған қаражатының орташа сомасы – 50 875 теңге, – делінген қауымдастық таратқан ақпаратта. Қазақстандықтардың үнемдеуге көшкенін осы көрсеткіштерге қарап білуге болады.
Сәуір айында POS-терминал арқылы жасалған төлемдердің жалпы сомасы 35,1 пайызға азайып, 292,3 млрд теңгені құрағаны анықталды. Ал интернет арқылы төлемдер көлемі 12,9 пайызға азайып, 1 462,1 млрд теңге болды. Осылайша жалпы қолма-қол ақшасыз жасалған төлемдердің басым бөлігі, яғни 82,9 пайызы интернет арқылы жасалса, 16,6 пайызы POS-терминал арқылы төленген.
Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының хабарлауынша, уақыт өткен сайын POS-терминал арқылы жасалған транзакция көлемі құлдырап барады. Соңғы 12 айда 18 пайызға төмендегені осыны көрсетіп отыр.
Халықтың төлем қабілетіне ұлттық валютаның долларға шаққандағы бағамы да әсер ететіні түсінікті.
Кеше Brent баррелі 36 доллардан көтерілген-ді. Сәйкесінше KASE-нің күндізгі сессиясында ұлттық валютамыз 411,6 теңгеден саудалана бастады.