• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Білім 29 Мамыр, 2020

Оқу орталықтары оңды ма?

623 рет
көрсетілді

Білім ісі – жұрт ісі. Оны ұлт ісіне айналдыру керектігі әлімсақтан айтылып келеді. Ежелгі дәуір алыптарынан бастап, бүгінгі ғұла­малар да оны жаңғыртуда. 1017 жылы өмірге келген Ж.Баласағұни: «Білсе білім – күн­де бақыт кісіге, үлкен атақ содан келер кішіге», депті.

Ал Абай «Білмеген соқыр, қайғысыз отыр, тамағы тойса жатуға», дейді. Осы тәм­сілге қарасаң дүниенің шамшырағы білім еке­нін аңғарасың. Бұған салғырт қараған, жеңіл табыс көзіне айналдырып келген пиғылы лас пақырлар, атын малданып, затына үңілмегендер көп зардап шекпей қоймаған. Зардабы сол – білімсіз жуан жұдырық, жуан білек, шапқын иесі.

Сол ұлт пен жұрттың алтын қазығы санал­ған мектептегі білім жүйесінің бір жылдық оқуын тәмамдап, індет ілмегінің кесірінен соң­ғы қоңырауды жаңа үлгіде өткіздік. Бұған мек­теп түлектерінің көңілі пәс көрінгенімен, үкі­леген үміттерінің қыран самғауындай екенін аңғарып қуандық.

Енді алдағы жаңа оқу жылының қам-қа­рекетіне, білім ісін баянды етуге үш ай бойы дайындық жасамақпыз. Жақында бір ойлы азамат ойланар ой айтты. Оның топшылауынша, әлемдік білім кеңістігі деп, әзірліксіз жалаулатқан реформаға тұспалымен ұмтылғандар түсініксіз тұңғиыққа қойып кетіп, білім беруді әлсіретіп алыппыз.

Бұл ой бір қарағанда негізсіз емес. Жасы­ратыны жоқ, жабайы капитализм қағидасы, нарық талабы деп барды қиратып алдық. Аз уақытта «Біреу бай, біреу төре, біреу жарлы» (Сұлтанмахмұт) дегендей, көгалда ойқастаған бай баласы мен қара топырақ басқан кедей баласы қалыптасты. Екеуі алакөздесіп те қалады. Тапқа жіктелу, бардың алдында бүгежектеу, жоққа осқырыну етек алып барады.

Кезінде бағдарламасы анық па, оқулығы қалай деместен, 12 жылдықты дайындықсыз бастап жіберіп, әлі жалғаумен келеміз. Болон үрдісіне байыппен қарайық, ҰБТ ұлт ұрпағын жүйелі ойлаудан қалдырып, тілден айырады, жаттандылыққа ұрындырады, деген зиялылар дабылына құлақ қоймадық. Үміт артқан, әділ сынақ түрі, әлемдік деп әспеттеген ҰБТ-ның шикілігі шығып жатыр. Оның зардабын ұрпақ тартып, енді кемшілігімен күресу жолында келеміз. Әрине, өтті, кетті деуге болар. Бірақ адам тағдырына, оның ішінде ұл мен қыздың өміріне жеңіл қарау – түптің түбінде опындырмай қоймайды.

Иә, білім саласын көтереміз, мұғалім бе­делін арттырамыз деп құнды құжаттар қабылдадық. Жақсы шаралар да қолға алынуда. Дегенмен, бір түйткіл көкейді түрте береді. Бір замандары аз халыққа көп жоғары оқу орнын аштық. Ондағы үміт артқанымыз бәсеке еді. Әйтсе де, бәсеке бәсін ақша басып, тіпті кейбіреулердің қоңданатын қорына айналып шыға келді. Аудан орталықтарында «институт» шаңырақ көтергенін қайтерсің. Кейін оның пайдасынан зияны көп болып, халықтың қалтасын қағып, миллиондап төлеген теңгесіне сай студент мамандық игермей, көк тиынға тұрғысыз қатырма қағаз ұстап қалды.

Қайталап еске салсақ, осы күні орта білім беруі ісі жөнінде талпыныс ерекше үрдіс алуда. Бұл жұмыс алдымен мемлекеттік білім бе­ру мекемелерінің, онда қызмет ететін мұға­лімдердің беделін арттыру ісі ерекше құп­тарлық. Шынында, мектеп пен мұғалім мәсе­лесі – ел дамуындағы стратегиялық мәселе.

Биік ғимараттардың төменгі қабатынан ашылған оқу орталықтарынан көз сүрінеді. Бір уақытта саңырауқұлақтай қаптаған «ментальды арифметика» деген шығып, ата-ана балаларын соған оқытты. Қазір оның буы басылғандай. Жалпы, оқу орталықтарының жарнамасына қарасаң тілді үш айда үйретіп, пәндерді миыңа сәтінде құйып, өнерді санаңа санаулы айларда сіңіріп тастайды. Тек ақысын төлесең болды. Жүйесі бар, ісі ақшаға емес, ар жолында болғандар туралы әңгіме бөлек. Яғни білім орталықтарындағы оқу мәселесіне де терең сараптау керек тәрізді. Шынайы білім бере ме? Мұғалімі сауатты ма, әлде аузы жыбыр­лаған «өлі» үн әншілер сияқты алған ақ­шаларын ақтадық деген оймен оқушыға көтер­ме баға қойып, ата-аналардың сеніміне кір­гендер ме?

Мұндай күдігі басым орталықтар мектеп пен мұғалімнің жұмысына абырой емес, кері әсерін тигізіп отырғанын да жоққа шығара алмаймыз. Себебі кейбір ата-ана балалары оқуға түссе оның жетістігін ең болмаса, әріп үйреткен мектеп мұғалімінің де үлесі бар демей, бәрі ақылы дайындаушылардікі дейді. Мұны да жоққа шығаруға болмас. Бірақ қалай десек те, мектеп сан салалы білім ұясы ғой. Егер мектептегі білім мен мұғалімнің беделін көтереміз десек, осыны да таразылау керек шығар.