Аршалы ауданында 25 елді мекен ауыз су жүйесімен жабдықталып, жалпы көлемі 328 шақырым құбыр тартылған. Бұл 30 мың 670 тұрғынды сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік беріп отыр.
Аудан орталығында өткен жылдың желтоқсан айында 4 жер бұрғыланды. Игі бастамаға «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 7,5 млн теңге бөлініпті. Жоба жазда елді мекендегі су тапшылығын жоюға арналған. Алдағы жоспар – су сақтау резервуарының құрылысы.
– Күннің күрт ысуынан жерасты сулары азайып кетті. Ұңғымалардан келетін су жеткіліксіз. Сондықтан біз итальяндық сорғыға тапсырыс бердік,– дейді «Аршалы су-2030» кәсіпорны басшысының міндетін атқарушы Григорий Кутлубаев.
Аршалы поселкесінде құбыр жүйелері арқылы жазғы суарумен қамту 15 процентті ғана құрайды. Сумен жабдықтау өңірдің барлық аудандарында қарқынды жүріп жатыр деп айту қиын. Зеренді ауданына қарасты Өзен ауылының тұрғындары су құбырын тартып беруді сұрайды. Бұл мәселенің анық-қанығын білу үшін біз Күсеп селолық округінің әкіміне жолықтық. Өзен ауылы аталған округке жатады.
– Ауылда орталықтандырылған су жүйесі жоқ. Бағдарлама бойынша алдағы уақытта Өзен, Өркен ауылдарына орталықтандырылған су жүйесі іске қосылады деген жоспар бар, биыл жобалық-сметалық құжаттамасын дайындаймыз. Су қорына қатысты мәселе туындаған жоқ. Өткен жылы Өзен ауылындағы мектепке су тарттық,–дейді Күсеп селолық округінің әкімі Беркенде Бекболатов.
Сексен көлді Көкше бауыры сулы, нулы өлке болса да, ауыз судың азабын тартып келген ауылдар аз емес. Алдағы уақытта бағдарлама аясында бұл кемшілік жойылатын тәрізді.