• RUB:
    4.75
  • USD:
    441.44
  • EUR:
    473.09
Басты сайтқа өту
Тарих 03 Маусым, 2020

Түземдік элита

718 рет
көрсетілді

Өткен ғасырларда қазақ даласын отарлаушылар «орыс-қазақ школы» дейтін миссионерлік бағытта мектептер ашып, бұратаналар арасынан «түземдік элита» шығаруды мақ­сат тұтты. Түземдік элитаның білі­мін бас­тауыштық деңгейде шектеп, отар­лық басқару жүйесінің ең төменгі дәре­жесі писарь-тілмаш сияқты болмашы қызметке орналастыру арқылы, оларды өз мақсаттарына пайдаланды. Түземдік элитаны халық арасында «теріс оқығандар» деп атады.

Отарлаушылардың қазақты оқытуға былайша мән беруіне басты себеп, ұзақ жыл тұрақты жүргізілген шоқындыру ісі нәтиже бермеуіне байланысты еді. Өйткені, олар қазақты бірден діннен бас тартқызу қиын екенін білді. Сондықтан, жүйелі түрде қазақ арасындағы мұсылманшылықты іштен ірітудің жоспарын құрды.

Ол үшін әуелі, халыққа білім беруді тек отарлаушылар түзген бағдарлама бойынша оқытып, оқу бағдарламасына христиан дінінің әдеп-заңдарын білдірмей сіңіріп оқытуды жолға қойды.

Екінші тараптан, мұсылманшылық әдеп-ғұрыптарын тәрк ететін ұғым-түсі­ніктерді оқу жүйесіне енгізді. Осы арқылы тәрбие­ленген адамдарды түземдік элитаға: «қа­зақ­қа мұсылман діні жат, бұл арабтың салт-дәстүрі, қазақтың өзінің байырғы тәңір­шілдік діни-ғұрпы болған» дейтін нәпсіге қолайлы түсініктерді тық­палады.

Осылай халықтың санасын мұсылман­шылықтан аластату үшін ойдан жасанды дін тауып, оған ғылыми түсініктеме бе­ріп, негіздеме жасап, зерттеушілер тобын қалыптастырды. Осындағы тәңірлік дін дейтін дүниені Шығыс-Сібір генерал-губернаторы Н.Н.Муравьевтің тапсырмасымен ғылыми айналымға енгізген адам моңғол-бұрят тұқымнан шыққан этнограф-ғалым Доржи Банзаров.

Банзаровтың тұжырымы бойынша: «моңғол-бұряттар буддизмнің элементтері мен тәңірлік қалдықтары қосылған «қо­йыртпақ» дін ұстанып жүр» десе, дәл осы идеяны қазақ ғалымы Шоқан Уәлиханов та қайталайды. Ол: «Қазақтарда тәңірлік салт-сана мұсылмандық наныммен мидай араласып, ортақ мұсылман атты дін құрайды… Осы екі діннің, қазақ нанымына мидай араласуына ертеден келе жатқан шамандық дін негіз болды демекпіз», дейді.

Жоғарыда отарлаушылар таңған қисын­сыз ұстаным – тәңір діні дейтінге келсек, бұл ары кеткенде байырғы көшпенділер­ге тән тұрмыстық салт. Егер тәңіршілдік жақ­сы дін болса, отарлаушылар өздері қа­былдар еді ғой. Дінтанушы ғалым Әшір­бек Момынов: «Тәңірлік дін болуы үшін оның кітабы, пайғамбары, ғибадатханасы, шариғи үкімі болу керек. Тәңірлікте ондай сипат жоқ және бұл бұрынғы өткен тұрмыстық салттарға негіздей отырып, бер­­тінде отарлаушылар ойлап тапқан дү­ние», дейді.

Отарлаушылар әртүрлі ғибадат жасап қиналмайтын, күнәлі істерден адам баласын тыймайтын, оқып-жаттайтын жалбарыну сөздері жоқ, жеп-жеңіл жалған дүниені дін деп тықпалаудағы мақсаты: халықты шариғаты ауыр исламнан тайдыру еді.

Мысалы, ағартушы-миссионер Ни­ко­лай Ильминский: «Қазақтарға «сендер мұсыл­ман емессіңдер, сендердің діндерің басқа, ата-бабаң тәңір дінін ұстаған» деп түсіндіру қажет, бұл ұғым толық орныққан жағдайда оларды христиан дініне кіргізу оңай болады», деген құпия ұстанымын 1860 жылы патша үкіметіне жазған баянхатында айтады.

Осылай отарлаушы идеология алдымен қазақ сияқты көшпенді халықтардың дүниетанымын исламнан бұрынғы және исламнан кейінгі деп екіге бөлшектеп ала­ды да, жалаңаш қалған «сананы» христиан ба, коммунистік идея ма, бір затпен киіндіреді. Сөйтіп, басқаның шек­пенін киген халықтың дүниетанымы «құт­қа­рушысына» ұдайы құлдық ұрумен өте­ді. Қазіргі таңда қазақ зиялыларының көбі тәуелсіздіктен кейін қоғамда пайда болған мұсылманшылықты сіңіре алмауына себеп осы.

Қызық болғанда соңғы кездері тәңір­шілдік идеясын жақтаушылар әлеуметтік желіде қаптап кетті. Бұл да сол жоғарыда айтқанымыздай қазақтың дінін әлсірету үшін күш салып жатқан дұшпандардың әрекеті. Мұндай бүлікке бастар дүниеден абай болғанымыз дұрыс.