• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 03 Маусым, 2020

Ветеринария адамзатты емдейді...

1025 рет
көрсетілді

«Медицина адамды, ветеринария адамзатты емдейді» деген нақыл ешқашан өзінің өзектілігін жойған емес. Біз Солтүстік Қазақстандағы ветеринарлық ахуалдың қандай екенін білмек болып облыстық ветеринарлық басқарманың бастығы Берік Әлжановпен әңгімелескен едік.

Қолдағы малың ауру болса оның дерті  адамдарға жұқпай қоймайды. Сондықтан қолдағы барлық жануаралардың денсаулығын тексертіп, емдетіп, болуы мүмкін ауруларға қарсы ем-дом қолданудың ешқашан артығы болмайды. Әсіресе, біз сияқты малды көп өсіретін аграрлы елдің халқы малдан жұғатын дерттерге көп ұшырайды. Тіпті дерттер малдан ғана емес жалпы қолға үйретілген ит, мысық, құс сияқты жандылардан да жұғып жатады.

Осы мәселер туралы Берік Әлжановпен әңгімелесу барысында біршама жайға қандық. Ветеринарлық шаралар дегеніміз бұл адамдар мен малдардың денсаулығын сақтау үшін жасалатын шаралар кешені. Оны біз көктемдік және күздік деп екі кезеңге бөліп жасаймыз. Көктемдік шаралар наурыз бен маусым аралығында, ал күздік шаралар қыркүйектен қараша айына дейін жасалады. Осы шаралардың барысында біз малдарға вакцинация егумен қатар туберкулез, бруцеллоз және лейкоз сияқты дерттердің барын анықтау үшін қан аламыз, деді маман. Бұл үшін эпизоотикалық мониторингтің деректерінің негізінде ветеринарлық шараларды жасаудың жоспары жасалады. Оны жасау барысында малдың саны, препараттардың неше рет қолданылғаны сияқты толып жатқан деректерге мән берілетін көрінеді. Тексеріс малдың кімнің меншігінде екеніне қарамай жаппай жасалатын көрінеді.

Солтүстік Қазақстан облысында осы жұмыстарды атқаратын мал дәрігерлерінің саны – 292 адам. Биыл ветеринарлық шаралар қыстың жылымық болуына байланысты ақпан айынан басталыпты. Соның ішінде су басуы мүмкін аймақтарға алдымен жүргізілген. Егер малдың бойынан әлеуметтік маңызы бар, жоғарыда аталған туберкулез, бруцеллоз сияқты дерттер анықталса ондай малдарды 15 күннің ішінде жою міндеттеледі.

Бүгінгі таңда 2020 жылға белгіленген жоспардағы жұмыстардың 95 пайызы орындалды, деді Берік Әлжанов. Тексеріс барысында облыс бойынша 312 қара малдың, 1 қойдың бойынан бруцеллез және 3 сиырдан туберкулез анықталған. Олардың бәрі сойылған. Дегенмен, биыл осындай дерттердің былтырғы жылмен салыстырғанда азайғаны білінген. Бұл вакцинаны уақытында салып, ем-дом жұмыстарының дер кезінде жүргізілгендігінің нәтижесі. 

Қазір облыс бойынша ветеринарлық шаралардың өткізуге қолбайлау болатын ешқандай кедергі жоқ. Диагностикалық орталықтар қалыпты жұмыс істеуде, ветеринарлық препараттардың тапшылығы еңсерілген. Бірақ кейбірінің сапасы төмен болып келетіні рас. Сонымен бірге препараттардың сақтайтын орындар қажетті құралдармен қамтамасыз етілген.

Әрине, биылғы пандемияның ылаңы ветеринарлық жұмыстарды жүргізуге де кедергі болған. Соның ішінде мал дәрігерлерінің жүріс-тұрысына шектеу қойылған. Кейбір мал иелері де короновирусты сылтауратып оларды қораларына кіргізуден бас тартқан. Ондайлардың бәріне жергілікті әкімдік қызметкерлерімен бірлесе отырып түсіндіру жұмыстары жүргізілген.

Ал ветринарлық қызметкерлер қажетті қауіпсіздік шараларын сақтап, өздерімен бірге міндетті түрде бетперде, антисептик, қолғап, арнаулы киім алып жүрген. Ал ветеринарлық шараларды жасауға кедергі келтірген адамдарға қолданыстағы заңнамаға сәйкес 5 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады. Бірақ шаралар өздері үшін екенін білген адамдар арасынан кедергі келтірулер болмаған.  

 

Солтүстік Қазақстан облысы