Былтыр өсімдік шаруашылығын субсидиялауға 9,5 млрд теңге бөлінсе де, өнім көлемі көңіл көншітпеді. Элита тұқымдардың үлесі артқанымен нәтиже ойдағыдай емес. Дегенмен, ырысын төрт түліктен іздеген қазақтың мал шаруашылығына келгенде тасы өрге домалай бастаған сыңайлы. Бұрнағы жылдармен салыстырғанда өнімі де тәуір. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаровтың есеп беру жиынында айтылды.
Тұтастай алғанда, ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі былтыр 0,9%-ға артып, 5,2 трлн теңгені құраған. Еңбек өнімділігі бір жұмыскерге шаққанда – 2,4 млн теңге. Бұл тартылған инвестицияның зая кетпегенін аңғартатындай.
– 2019 жылы ауыспалы егісті сақтай отырып, рентабелділігі жоғары дақылдар алаңын ұлғайту мақсатында майлы және бұршақты дақылдар алқабы ұлғайды. Шамамен 470 мың тонна минералды тыңайтқыш себілді. Алайда бұл жеткіліксіз. Сондықтан биыл салада тыңайтқышты ғылыми ұсынымдарға сай енгізу үшін минералды тыңайтқыштарды субсидиялау сомасы 26 млрд теңгеге дейін көбейді. Машина-трактор паркін жаңарту қарқыны 4%-ға дейін артты. 12 мыңға жуық техника сатып алынды, – деді С.Омаров.
Оның айтуынша, өсімдік қорғау құралдарын субсидиялау кеңейтіліп келеді. Енді гербицидтер ғана емес, пестицидтердің басқа да түрлері субсидияланады. Субсидияларды күнтізбелік жыл шеңберінде емес, тұқым, тыңайтқыш, пестицид сатып алған күннен бастап 12 ай ішінде алуға мүмкіндік жасалды.
Жалпы, өткен жылы қазақстандық өнімдер әлемнің 72 еліне экспортталды. Агроөнеркәсіптік кешен өнімдерін экспорттауға нақтырақ тоқталсақ, Қытайға жіберілген өнім көлемі 50,5%-ға ұлғайды. Парсы шығанағы елдеріне экспорт – 3,2 есе өсті. Экспорттың 7,4%-ы Орталық Азия елдеріне, 8,2%-ы Еуразиялық экономикалық одақ елдеріне жіберілген.
Баспасөз мәслихаты барысында мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде сүт өңдеу көлемі 7%-ға, ет өңдеу 8%-ға артқаны айтылды. Бұл ретте сүт зауыттарының жүктемесі 18%-ға, ет комбинаттарының жүктемесі 21,6%-ға ұлғайды.
– Мал шаруашылығын дамытуға «ҚазАгро» былтыр 156,5 млрд теңге бағыттады. Құны 53 млрд теңге болатын 82 мың бас ірі қара, 12,3 млрд теңгеге 374 мың бас ұсақ мал сатып алу қаржыландырылды. Сондай-ақ бағасы 19,1 млрд теңге болатын 16 жаңа инвестициялық жоба жүзеге асты. Осылайша, мал шаруашылығында 64,3 млрд теңгеге 54 инвестициялық жоба енгізілді. Биыл тағы да 178 мың ірі қара мен 250 мыңнан астам ұсақ мал әкелу жоспарлануда. Импорт алмастыру шеңберінде 46 мың тонна сүт пен 30 мың тонна құс етін өндіру жобаларын іске асыру көзделген, – деді С.Омаров.
Осы жиында айтылғандай, бүгінде министрлік елдің эпизоотиялық және фитосанитариялық саламаттылығын қамтамасыз ету және қазақстандық ауыл шаруашылығы өнімдерін өткізетін экспорттық нарықтар ашу бойынша жүйелі жұмыс жүргізуде. Коронавирус пандемиясы салдарынан орын алған дағдарысқа қарамастан, ағымдағы жылдың 4 айының қорытындысы бойынша агроөнеркәсіптік кешені саласында жағдай тұрақты.