• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Саясат 04 Маусым, 2020

Нышанға нұқсан келсе, елдікке сын

466 рет
көрсетілді

Елдігіміздің ерекше белгілері – Туымыз, Елтаңбамыз, Әнұранымыз. Еңсеміз тік, рухымыз асқақ, беделіміз биік болуы үшін осынау рәміздерімізді қашанда қасиет тұтып, қастерлеуіміз керек. Сондықтан Тәуелсіздіктің бойтұмарындай нышандарымызды нұқсан келтірмей пайдалану және қадірін арттыра насихаттау жұмыстары – Президент жанынан құрылған Мемлекеттік рәміздер жөніндегі республикалық комиссияның ұдайы қадағалауында.

Егемендіктің елең-алаңында ерте қам­да­нып, елдік сипатымыз – Ту, Елтаңба және Гимнді бекіту маңызды болды. Қолға алынған қажетті іс-шаралардың шең­берінде мемлекеттік рәміздер жаса­лып, халықтың кең талқысына салынып, арнайы құрылған мемлекеттік ко­мис­сиян­ың сараптамасынан өтті. Сөйтіп рет-ретімен нышандарымыз бекітіліп, Ту мен Елтаңба нақтыланған 4 маусым кейіннен Мемлекеттік рәміздердің атаулы күні болып ерекшеленді.

Ал рәміздердің дұрыс қолданылуы мен насихатталуына жауапты институт ретінде 1997 жылы Президент жанынан Мемлекеттік рәміздер жөніндегі республикалық комиссия құрылды. Аталған комиссия 2016 жылы тамызда Президент жанындағы консультативті-кеңесші органдарды оңтайландыру аясында Ведомстволық және оларға теңес­тірілген өзге де наградалар жөнін­де­гі геральдикалық комиссиясымен біріктірілді. Бұған комиссиялар мін­дет­терінің ұқсастығы және қарайтын мәсе­лелерінің кей кезде бір-бірімен ұшта­са­тыны себеп болды.

Бүгінде Мемлекеттік рәміздер мен ведомстволық және оларға теңестірілген өзге де наградалар геральдикасы мәселе­ле­рі жөніндегі республикалық комиссия өзіне жүктелген саланың жұмысын тиімді үйлестіріп отыр. Қазақстандық патриотизмді насихаттау, елдің әлеу­мет­тік-экономикалық жетістіктері үшін мақтаныш сезімін қалыптастыру, өскелең ұрпақты тәуелсіздік белгілеріне құрметпен қарауға тәрбиелеу сияқты бағыттарда жұмыс жүргізіліп жатыр.

Мемлекеттік рәміздерге қатысты ұсы­ныс­тарды қарау барысында халықтың да пікірі ескеріледі. Айталық, 2005 жылы қалың жұрттың қолдауымен Шәмші Қалдаяқовтың ақын Жұмекен Нәжі­ме­деновтің өлеңіне жазылған «Менің Қазақстаным» әнін Мемлекеттік Гимн ету мәселесі көтерілді. Көптің тілегін құп көрген Елбасы аталған өлеңнің кейбір тұстарына өз тарапынан өзгерістер енгі­зіп, мемлекеттік әрі халықтық сипатын күшейтті. Сөйтіп бұрыннан елдің ықы­ла­сына бөленіп, асқақ шырқалып жүрген бұл ән 2006 жылы Мемлекеттік Гимн болып қабылданды.

Сонымен қатар осыдан екі жыл бұрын Елтаңбамызға қатысты елеулі өзгеріс болды. Елбасының қазақ тілі əліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы Жарлығына сəйкес Елтаңбамыздағы «ҚАЗАҚСТАН» сөзі «QAZAQSTAN» болып жазыла бастады. Бұрынғы нұсқада жасалған елтаңбаларды пайдалану мерзімі жеткенше, яғни 2022 жылға дейін қолдана беруге болады. Мемлекеттік Елтаңбаның орталық геральдикалық элементі – көгілдір түс аясындағы шаңырақ бейнесі, шаңырақты айнала күн сəулесі секілді тараған уықтар, шаңырақтың оң жағы мен сол жағына аңыздардағы қанатты пырақтар, жоғарғы бөлігіндегі көлемді бес бұрышты жұлдыз бейнесі сол күйінде сақталып, «QAZAQSTAN» деген алтын түстес жазуы бар Елтаңбаның алғашқысы Ақорда резиденциясына ілінді.

Мемлекеттік рәміздердің мәртебесіне жауапты комиссияның қазіргі кезге дейін 50-ге жуық отырысы өтіп, елдің патриоттық саясатын қалыптастыруда елеулі жұмыстар атқарып келеді. Комис­сия­ның отырысы қажет болғанда жағдайда өткізіле береді. Бірақ комиссия мүшелері жылына кемінде екі рет міндетті түрде жиналып тұрады. Мысалы, былтыр комиссияның екі отырысы өтіп, күн тәр­ті­бінде білім және ғылым жүйесіндегі, Ұлттық экономика министрлігіндегі мем­ле­кеттік рәміздерді насихаттау және қолдану жұмыстарының жағдайы бағам­да­лып, Шымкент, Алматы қалалары, сондай-ақ Түркістан, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан облыстарының жұмыс тәжірибесі қаралды. Бұған қоса осы жиындарда ведомстволық наградаларды бекіту мәселесі де қозғалды.

Аталған комиссия мемлекеттік рәміз­дер­ге құрметтің кемімеуін жан-жақты қада­ғалап отырады. Комиссия құрамына Парламент депутаттары, министрлер, ықпалды қоғамдық ұйымдардың өкілдері, қоғам қайраткерлері мүше ретінде енген. Осы комиссияның бір мүшесі – Парламент Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Бейбіт Мамраев.

– Еліміздің облыстары мен қалалары әкім­діктерінің жанынан мемлекеттік рә­міз­дер жөніндегі комиссиялар қызметі жолға қойылған. Олардың жұмысын республикалық комиссия үйлестіріп отырады. Сондықтан рәміздердің белгіленген стандарттарға сай келуі мен орналасу тәр­ті­біне баса көңіл бөлінеді. Сондай-ақ рәміздердің бүлінбеуі, ескіргенін жаңалап отыру, дұрыс пайдалану жұмыстары барынша бақыланады. Әлемдік, халық­ара­лық ірі спорттық жарыс­тарда Гимннің дұрыс қолданылмауы сияқты олқылықтар орын алғанын білеміз. Мұндай жағ­дай­ларға жол бермеуді Сыртқы істер минис­тр­лігі назарында ұстаған жөн. Сондай-ақ «Тәрбие басы – талбесік» дегендей, балдырғандарды отансүйгіштікке баулу үшін балабақшалар мен мектептерде рәміздердің мәртебесіне сай қолданылуы аса маңызды, – дейді Бейбіт Мамраев.

Мемлекеттік рәміздердің дұрыс қолда­ныл­уына қатысты Үкіметке артылатын жауапкершіліктің жүгі салмақты. Жал­пы рәміздердің аяқасты болып, тәртіп бұ­зылған жағдайлар кездескен. Бірақ биыл да, былтыр да республика бойынша рәміздерді қорлау фактісі тіркелмеген екен. Бұл туралы арнайы комиссияға мүше Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев айтып берді.

– Тәуелсіздігіміздің айғағындай рәміз­дер­ге құрметпен қарау – осы елдің әрбір аза­матына міндет. Елдік нышандарға нұқсан келмей, мәртебесіне лайықты болуы арнайы комиссияның назарынан тыс қалған емес. Біз өз тарапымыздан қоғамдық тәртіптің сақталуымен қатар рәміздердің дұрыс қолданылуын үнемі қадағалап отырамыз. Кейінгі кездері рәміздерді қорлау фактісі болған жоқ. Тек биылғы бес айда рәміздерді қолдану тәртібін бұзу, стандарттарын сақтамауға қатысты 14 ұйымға айыппұл салынды. Жалпы, сақшыларымыз бұл іске келгенде қырағы. Реті келгенде олар аза­мат­тар­ға мемлекеттік рәміздердің дұрыс қол­да­нылуының жөнін айтып, кеңестерін де беріп жатады. Көк туы­мыз көкте жел­бі­ре­ген сайын рухымыз да асқақтап, еңсеміз де биіктейді, – дейді Ерлан Тұрғымбаев.

Расында, елдігіміздің белгісі мемле­кет­­тік рәміздердің мәртебесіне үлкен мән беріп қарауымыз керек. Көк Тудың тү­сі­­нің оңып кетпеуі, жыртылмауы, тұғы­ры­на ора­лып қалмауы назарда болуы тиіс. Ел­таң­­ба­ның да ғимараттарда ережеге сәйкес ілінгені дұрыс. Азаттықтың ай­шық­та­рына айрықша құрмет көрсетсек, еліміз айбынды да айбарлы биігінен түспейді.