Кәсіпқой және әуесқой боксшылардың статистикасын жүргізетін әйгілі BoxRec сайты әлемдегі ең ұлы 10 боксшының тізімін жариялады.
Атақты боксшылардың рейтингін әйгілі кіші Флойд Мейвезер бастап тұр. Биыл 43 жасқа толған америкалық боксшы 21 жылдық карьерасында 50 жекпе-жек өткізіп, барлығында қарсыласынан басым түскен. Өз кезегінде кіші Флойд Мейвезер бес салмақ дәрежесі бойынша әлемнің экс-чемпионы атанып, боксшылардың салмақ дәрежесіне қарамай түзілетін pound-for-pound рейтингінде көшбасшы болған. Екінші орында Мейвезердің рингте басты қарсыласы болған филиппиндік Мэнни Пакьяо орналасқан. Ал үздік үштікті 1963-1977 жылдары орта салмақтың жұлдызына айналған аргентиналық Карлос Монсон қорытындылап тұр.
Кейінгі орындарда Мохаммед Әли, Шугар Рэй Леонард, Бернард Хопкинс, Джо Луис, Арчи Мур, Оскар Де Ла Хойя және Хулио Сесар Чавес жайғасқан. Бір қызығы, аса ауыр салмақта бокс жұлдызына айналған әйгілі «Темір Майк», яғни Майк Тайсонға рейтингте орын бұйырмаған. Сондай-ақ аңыз боксшылардан Эвандер Холифилд, Рокки Марчиано және Роберто Дюранда үздік 10 боксшының рейтингіне енбей қалған.