Қазақстанның Экология, геология жəне табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев еліміздегі ұлттық парктерді дамыту жөніндегі ұлттық кеңес құру туралы бастама көтерді. Бұл туралы ол өзінің Twitter-дегі парақшасында жазды, деп хабарлады министрліктің баспасөз қызметі.
«Алматы жұртшылығы Іле-Алатауы ұлттық паркін абаттандыру мəселесі жөнінде алаңдаушылық білдіруде. Барлық туындаған мəселелерді шешу үшін біздің ведомство құрамына сарапшылар, министрлік өкілдері, жұртшылық, экобелсенділер кіретін Ұлттық парктерді дамыту жөніндегі қоғамдық кеңес құру туралы бастама көтерді», - деп жазды М.Мырзағалиев.
Оның айтуынша, Кеңес «инвестордың міндеттемелерін орындауына, ұлттық парктерді дамыту жоспарын талқылауға қатысуға, қажет болған жағдайда, оның аспектілерін іске асыруға əсер етуге бақылау жасай алады».
Министр барлық мүдделі тұлғаларды Кеңеске қосылуға шақырды. «Тек біріккен кезде ғана біз табиғат байлығын сақтау мақсатына қол жеткізе аламыз», - деп атап өтті ол.
Экология министрлігінің басшысы министрліктің ұлттық парктерді «табиғатқа жүк түсірмей» дамытуды көздеп отырғанын еске салды.
«Қазірде оларды дамыту кезінде ауқымды ғимараттар салуды қойып, эко-туризмді дамытуға, жүргіншілер жолын салуға, тек жеңіл нысандар салуға назар аудару қажет. Яғни қоршаған ортаға орынсыз килігу болмауы тиіс», - деп атап өтті М. Мырзағалиев.