• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 05 Маусым, 2020

Жастар Мемлекеттік рәміздер туралы ой білдірді

717 рет
көрсетілді

Кеше Тұңғыш Президент – Елбасы кітапханасында Мемлекеттік рәміздер күніне арналған «Үмітін елдің арқалап, арманнан туған рәміздер» атты онлайн дөңгелек үстел өтті.

Іс-шараға қатысқан жастар ұйымдарының көшбасшылары, өнер қайраткерлері, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпаздары, республикамыздағы жоғары оқу орындары, колледждерінің оқытушылары мен студенттері, педагогикалық қоғамдастық өкілдері мемлекеттік рәміздердің маңыздылығын қазақстандық патриотизм мен ұлттық бірегейлікті жасақтаудың негізгі құрамдас бөлігі ретінде талқылады.

Дөңгелек үстелді Елбасы кітапханасының директоры, саяси ғылымдар докторы, профессор Әмірхан Рахымжанов жүргізді. Ол қатысушыларды Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күнімен құттықтай келе, бұл мерекенің тәуелсіз Қазақстан тарихында ерекше орын алатындығын, шынайы егемендіктің қалыптасуындағы маңызды кезең екендігін атап өтті.

– Мемлекеттік рәміздер – Қазақстан Республикасының дербестігі мен тәуелсіздігін бүкіл әлемге паш еткен, әрі мемлекетіміздің өткені мен бүгіні және болашағы арасындағы сабақтастықтың жарқын көрінісі. «…Біз тәуелсіздікті аңсап, зарығып жеттік. Енді сол тәуелсіздіктің қасиетті белгілерін де ерекше қадірлеуіміз керек. Әрбір азамат Мемлекеттік Туды, Мемлекеттік Елтаңбаны, Мемлекеттік Гимнді шексіз сүйіспеншілікпен қасиет тұтуы тиіс. Елдігіміздің сыналатын бір тұсы осы» деген Елбасының сөздері Мәңгілік Елдің мәңгілік бойтұмар-белгілерін желбірете шарықтатып, берік қабырғадай еңселетіп және асқақтата әуендетуімізді аманаттайды. Осы орайда Тұңғыш Президент – Елбасы Н.Назарбаевтың жаңа мемлекеттік рәміздерді қабылдауға қаншалықты зор мән бергендігін айта кеткен жөн. Сол тұста жас егеменді мемлекеттің саяси мәні мен мақсатын нақтылы түрде көрсететін көркемдік шешім табу қажет болды. Халық сайлаған қалаулылар өз ойларын бүкпесіз білдіріп, өз пікірлері мен көзқарастарын батыл қорғай отырып, ортақ келісімге негізделген шешімдердің қабылдануына айтарлықтай үлес қосты. Елбасы тұңғыш тәуелсіздік рәміздерінің төл тарихи тамыры тереңнен бой тартуын, ұлттық болмысы анық та айшықты болуын қадағалады. Мемлекеттік рәміздер – халқымыздың мұқалмас рухын, қаһармандығы мен даналығын, асқақ арман-тілегін жеткізетін құнды белгілері болып табылады. Ұлтаралық татулық пен бейбітшілікті насихаттау жолында және мемлекетіміздің әлемдік деңгейде танылып өзіне тән белгілерімен дамыған елдер қатарынан орын алуы үшін төл рәміздеріміздің атқаратын қызметі айрықша. Елімізде тыныштық, бейбітшілік болсын! Азат елдің Әнұранын желбіреген көк Тудың астында мәңгі шырқауға жазсын!, - деп атап өтті Ә.Рахымжанов.

Әлемге танымал жезтаңдай әнші, композитор Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Димаш Құдайберген дөңгелек үстел қатысушылары мен барша қазақстандықтарға өзінің бейне құттықтауын жолдады.

«Құрметті отандастар! Сіздерді Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күнімен шын жүректен құттықтаймын! Еліміз бен халқымызға бейбітшілік пен өркендеу тілеймін. Отанымыз бар мақсатына жетіп, гүлдене берсін. Бар асыл армандарымыз орындалып, еліміз әрдайым биікте болсын!», - деді жылы лебізін білдірген әнші.

Қазақстан жастары Конгресінің атқарушы директоры Тоқтар Болысов мемлекеттік рәміздердің жастар үшін маңыздылығына арналған сөзінде Мемлекеттік рәміздер күнін мерекелеудің басты идеясы - жастар патриотизмі мен барлық этностардың бірлігін нығайту, тәуелсіз елдің құндылықтары мен жетістіктерін насихаттау екенін атап өтті.

Қазақстан халқы Ассамблеясының «Жаңғыру жолы» республикалық жастар қозғалысының, Республикалық «Жарасым» жастар ұйымының төрағасы Тимур Жұмырбаевтың пікірінше, мемлекеттік рәміздер қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің маңызды құрамдас бөлігі саналады. Ол «кез келген этнос өкілі үшін Қазақстанның мемлекеттік рәміздері мақтаныш пен құрметтің көрінісі бола бермек», деп атап өтті.

«Ұлан-ғайыр дала елі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңес мүшесі Уәлихан Бахретдинов «Жастар тәрбиесіндегі Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерінің рөлі» тақырыбында, №54 мектеп-лицейінің директоры, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы Шәкәрім Сейсенбай «Ұлттық құндылықтарға негізделген тәрбие» тақырыбында баяндама жасады. «Жастар» театрының актері, «Алтын жебе» волонтерлер ұйымының негізін қалаушылардың бірі, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы Әлібек Нұрбек «Мемлекеттік көк байрақ әлем сахнасында» баяндамасымен сөз алса, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің 2 курс студенті, Елбасы кітапханасының волонтері Әнуар Жұмабектің «Мемлекеттік рәміздер - жастардың патриоттық тәрбиелеудің біріктірушілік бастауы» тақырыбында ой білдірді.

Дөңгелек үстелге бейнебайланыс арқылы Қазақ ұлттық аграрлық университетінде оқып жатқан Ауғанстаннан келген магистранттар да қатысты.