• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 09 Маусым, 2020

Баламалы энергия он мыңнан астам шаңыраққа жарық береді

460 рет
көрсетілді

Адамзат баласы Жер шарын қаншалықты ластап, табиғатқа тағылық көрсетуді тым үдетіп жібергендігі коронавирус пандемиясы кезінде айқын белгілі болды. Енді экологияны қалпына келтіру үшін не істеуіміз қажет? Бар дүниені бүлдірмей қалай сақтап қаламыз? Төрткүл дүниені тегіс толғандырып отырған мәселенің мәнісі де осы.

Қиындықтан шығар жол – баламалы энергия көзін өндіру. Бұл талас тудырмайтын ақи­қат. Бүгінде елімізде алғашқы қадамдар жасалып, оң шаруалар қолға алынуда. Мәселен, Аршалы ауданының Қостомар ауылында Орталық Азиядағы ең ірі жел электр стансасының құрылысы жүріп жатыр. Сарыарқаның са­йын даласында үздіксіз соғып тұратын самал желдің қуатымен өндірілген энергия 10 мыңнан астам шаңырақты толық қамтуға жетеді екен.

Осы бағыттағы оңды жоба­лар­ды жүзеге асыру үшін Қазақ­станның Даму банкі қаржы­лық оператор ретінде қолдау көрсетуде. Банктің несие­лен­діруімен «Gryeen Energy» ком­паниясы ұзақ мер­зімге несие алып, жел электр стан­сасын салуға қажетті осы заманғы құрал-жабдықтарды жеткізіп, құрылыс жұмыстарын жүргізуде. Мұндай стансалардың жел қуатын электр энергиясына айналдыраты­нын әркім де біледі. Ал қоршаған ортаны таза ұстауға септігін ше? Мәселен, жылу электр станса­ларымен салыстырғанда, тиім­ділігі әлдеқайда артық. Нысан қолданысқа енгізілген соң жыл сайын атмосферадағы зиянды газдардың көлемін 230 мың тоннаға дейін төмендетеді. Ең басты айырмашылығы осы.

– Бүгінгі таңда екінші кешенде құрылыс-монтаж жұ­мыс­тары жүргізілуде. Оның әрқай­сысының қуаты 3,3 Мвт болады, – дейді серіктестіктің бас инженері Владислав Гар­бовский, – 15 жел электр стансасы салынады. Қазір 10 киловаттық станса салулы тұр. Оған қоса, қойма, гараж, диспетчерлік басқару пульті тәрізді нысандардың құрылысы толық аяқталды. Өндірілген электр энергиясы «KEGOC» акционерлік қоғамының электр желілері арқылы еліміздің бар­лық аумағына таратылады.

Несін айтасыз, арзан, оның үстіне төл табиғатымызға ешбір залал келтірмейтін игілік. Төтен­нен келген пандемия ғана қол байлап тұр. Әуел бастағы жос­пар бойынша ендігі бітіп те қа­ла­ды екен. Төтенше жағдай жа­рия­ланып, құрылыс жұмысын­да ке­дергі болған соң уәделі мер­зім­нен алты ай кешігіп барып іс­ке қосылуы әбден мүмкін. Жаңа нысанның қаншалықты тиім­ді екенін жоғарыда бір ауыз сөз­бен айттық. Оған қоса елдегі ат­мо­с­фераға улы газдардың бөлі­нуін барынша азайту жөнін­дегі ха­лық­а­ралық қауым­дас­тық алдын­да­ғы міндет­темені орындауға да себепші. Әрі толық қуатына көш­кен кезде шамамен жылына 2 млрд теңге көлемінде салық төлейді.

Қазір 20 шақырымға жуық жол құрылысы жүргізілген. Жел турбиналарына арналған 15 таған тартылыпты. Бұл жұмыстың барлығы желді аймақта жүзеге асырылуда. Құрылыс жұмысына 300-ден астам адам қатысса, кейін жиырмаға жуық маман қыз­мет атқаратын болады. Бар қуаты 50 Мвт-ты нысанның бірін­ші кезеңі өткен жылдың тамыз айын­да қолданысқа енгі­зіл­ген.

 

Ақмола облысы